ҚУАНЫШ ЕДІЛХАНТЕГІ: РФ мен Украина арасы ушығып барады

4233
Adyrna.kz Telegram

РФ армиясын Украина шекарасына жақындатып күшейтіп жатыр. The New York Times-тың жазуы бойынша осыған байланысты АҚШ та өз әскерилерін №1 дайындыққа келтірген. РФ БАҚ-тарында Украинаға міне-міне басып кіреміз деген сияқты хабарлар "утка" ретінде шаң беріп қалады.

Тура осындай жағдай 2015-2017 жылдары орын алған болатын. Онда да Украинаға қарсы үлкен соғыс әне басталады, міне басталады деп күтіп жүргеніміз есте қалыпты. Бірақ артынан соғыс та, ештеңе де бола қойған жоқ. Осыларға қарап отырып мынадай ой келеді - ешқандай да басып кіру болмайды, оған РФ-ның жүрегі дауаламайды. Біріншіден, Украина армиясы бұрынғы армия емес, анағұрлым күшейген. Екіншіден РФ-ның өзі 2015 жылғы РФ емес, әлсіреген, қаржы таусылған, изгой елге айналған. Бірақ, әрине, Донбасста арандату күшейеді. Кіші-гірім ұрыс қимылдары да болып қалуы ғажап емес.

Ендеше бұл не? Жәй ғана қоқан-лоққы, Украинаға, Батысқа қыр көрсету. Негізінен Байденнің жаңа санкция саясатына не деп жауап берерге білмегендіктен бар қолдарынан келгені осылайша үрей туғызу болса керек. Шын соғыс бола қалса Украина есесін жібермейтінін РФ басшылығы біліп отыр. Біз үшін оның осы Украина бағытында ұрысқа киліккені керек - онда өзі тас-талқан болып жеңіледі. НАТО да қарап қалмайды, гибридтік тәсілмен біраз нұсқаушылары келіп көмек көрсететін болады. Атыс қаруын Украинаға беру еселеп көбейеді. Ондай шығынға бара қоятындай РФ ақымақ емес шығар.

Ал біз сияқты елдерге бұл сияқты қару-жарағын шошаңдату қауіпті. Украинаға тісі батпағаннан кейін өшін басқа көршілерінен алуы әбден мүмкін, себебі жындыдан бәрін күтуге болады, ал олардың арасында дені сау адам жоғы белгілі. Біздің басшылар бұл жерде қандай саясат ұстанады - оны кезінде көретін боламыз. Қазіргі жағдай өте қауіпті - оқ тиген жаралы аю өшін кімнен аларын білмей аласұруда.

 

Пікірлер