Белсенді мұғалімді соққыға жыққан

11035
Adyrna.kz Telegram

Шығыс Қазақстан облысында тұратын мұғалім Мейіржан Темірбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында соққыға жығылған мұғалім туралы ақпарат жазды. ШҚО, Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылында тұратын география пәнінің мұғалімі Өмірхан Қанағатовты аудандық мәслихат депутаты соққыға жыққан. Бұл қалай болғаны?  

«Өмірхан ағамызды талайдан бері танимын. Билялов атындағы мектеп гимназиясында талай жыл еңбек атқарып келеді. Оқушылары да талай шыңды бағындырып жүлдегер атанған. Мектепте АӘД кабинетінде география пәні мұғалімі Омирхан Қанағатовты аудандық мәслихат депутаты соққыға жыққан. Кеше оқиғаны ести салысымен біраз азаматтар жиналып бардық. Қал-жағдайын сұрадық. Мектеп төбелес ашатын орын емес.

Суретте мұғалімді соққыға жықты деген Тарбағатай аудандық мәслихат депутаты Сержан Омарбеков.

Сабақ уақытында ешкімнің рұқсатсыз кіруіне болмайды, қазіргі жағдайда тіпті кіруге болмайды. Мектептің камераларын да тексеру қажет. Жеке аудан ғана емес сол мектептің де, ауылының да мәселелерін көтеріп жүрген белсенді азамат, мұғалім. Жиналып ауыл әкіміне де бардық. Ол кісінің пікірінше "Омірхан өзі құлап қалыпты". Бүгін "ақсақалдарды" жинап ортаға салып талқыламақшы екен. Мұғалімнің мәселесін ақсақалдардың талқылауына жол болсын? Бір депутаттың мәселесін қарауға биліктің қауқары жетпей отыр ма? Мәселе жұдырықпен емес, ақылмен шешілуі тиіс! Мәселені енді ақылды қойып жұдырықпен шешуге көштіңіздер ме?

Менің өзіме де жан-жақтан звонок жасатып біраз адамдарды алдынан бері жіберіп отырсыздар. Маған бірдеңе болса кімнен көру керек екенін енді жақсы білесіздер. Бұл іс те қараусыз қалмайды. Соңғы шешімді Омірхан аға өзі қабылдап отыр, сондықтан пыш-пыш әңгімені доғарған жөн...» деп жазды бұл туралы Мейіржан Темірбек. Осы мәселеге байланысты еліміздегі басқа да мұғалімдер «Тарбағатай ауданының ат спорты мектебінің директоры, педагог, Тарбағатай ауданының құрметті азаматы Омарбеков Сержан Көкенұлы "сен неге аудан мәселесін көтересің" деп мектепке келіп, НВП кабинетінде соққыға жыққан. Аудан мәселесін көтеріп жүрген белсенді азаматымызды соққыға жыққызып қарап отыра алмаймыз!» десіп ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің бұл іске араласуын сұрады.

Бұл мәселеге қатысты NurOtan партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төмендегіше жауап берді:
"Құрметті шығысқазақстандықтар әлеуметтік желіде аудандық мәслихаттың депутаты Омарбеков Сержан Көкенұлы Тарбағатай ауданы Ақжар ауылы Билялов атындағы мектеп лицейінің география пәнінің мұғалімі Қанағатов Өмірханды соққыға жықты деген ақпарат тарауда.
Қазіргі уақытта осы ақпарат негізінде «Nur Otan» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының Партиялық бақылау комиссиясы мәселені өз бақылауына алды.
Сонымен қатар осы мәселе бойынша арнайы партиялық бақылау комиссиясының отырысы өткізіліп мәселе жан-жақты зерделенетін болады. Егер мәслихат депутаты кінәлі болып табылса партия тарапынан тиісті шара қолданылады".

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер