А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының түркология және алтайтану бөлімінің ғылыми қызметкері Мақсұтхан Жақыптың бүгінгі 1-сәуір күлкі күніне орай құрастырған “Ғалым-тілшілердің әзiл-қалжыңдары ” атты айдармен бірнеше жазбасын ұсынып отырмыз.
Күліп жүрейік, күлкі сыйлайық ағайын. Күлкі күні құтты болсын.
Мәкең мен Секең қағытпалары
Қазақ тілінің қос тарланы (Мәулен Балақаев пен Ісмет Кеңесбаев) айтты деген әңгіменің көбі бұл күнде аңызға айналып кетті. Бұл адамдардың ғалым ретіндегі еңбектері өз алдына да, адам ретіндегі әңгімелері екінші бір қызықты сала
Бүгінгі ғылыми кеңес көңілді өтіп жатыр
Мұндай отырыстардың түйіні көбінесе Секеңе байланысты. Бүгін ол кісінің көңіл-күйі көтеріңкі екен. Әркімге жылы сөз айтып, қалжың тастап, ара-арасында қарқылдап күліп те алады. Кеңесте ізденуші С.Төлекованың “Алғыс-қарғыс мәнді фразеологизмдер” деп аталатын диссертациясы талқыланып жатқан. Секең ізденушіге қарап:
– Қазақ тілі мұндай сөздерге де бай ғой, соның біразын сен де жинаған екенсің, жөн делік. Ал бұлардың әйелдер мен еркектерге тән түрлерін тауып, жіктедің бе? –деп сұрақ қойды.
– Сонда Мәкең диссертанттан бұрын әлгілерді жымиып тергіштей бастады. Секең сұрағын одан ары нақтылай түсті.
– Мәселен, еркектер айтпайтын, тек әйелдерге тән қарғыстар бар, соларды айтам!
–Еркектер “Қырғын тигір!” деп те айта береді – деп Секеңді қалжыңға тартып еді. Сонда Секең жұлып алғандай:
–Мұны Мәкеңнен басқа еркектің айтқанын естіген емеспін! – деп сарт еткізді. Жұрт ду күлді. Секең мұнымен тынған жоқ, диссертация материалын пайдалана отырып, Мәкеңді тағы бір түртіп кетті. Ол С.Төлековаға қарап:
– Ал енді бар ғой шырағым, мына жұмысты зерттегенде ашқан жаңалығың қайсы? Мұны мен ғана емес, осыдан 20-30 жыл өткен соң мына отырған ағаларың да сұрайды. Әрине, ол кезде мына Мәулен мен Ғайниден бола қоймас, ал менің болатыным анық – деп қулана түсті. Сонда манағы ұтылыстың есесін қайырудың жолын іздеп, аңысын аңдып отырған Мәкең, өзі құрған қақпанға аңдамай өзі кеп түскен құрдасына:
– О, жағың қарысқыр! – деді ақырын ғана. Манағы манағы ма, жұрт қыран-топалаң күлкі құшағына енді. Әсіресе, алғыс-қарғыс мәнді сөздер талқыға түсіп жатқанда, мынадай қалжың тіпті жарасым тауып кеткендей еді.
О дүниеге алфавит тәртібімен барасың
…Елге әлдеқашан аңыз боп тарап кеткен мына бір қалжыңды қалай ұмытарсың?!
Бірде Ісмет Кеңесбайұлы қатты науқастанып ауруханада жатып қалады. Ежелгі досының көңілін сұрауға Мәулен Балақаев барып: «Ә, сабазым, ол жақтан да аман қайтқанбысың?», - дейтін көрінеді. Секең: «Құлағыңды жақындат, - дейді де. – Кетіп-ақ қалатын рет болған еді. Бірақ ол жақта да адамды алфавит тәртібімен алады екен.К-нің әзірге керегі жоқ, бізге Б керек деп саған мені шақыртуға жіберді, Балақаев», - деп жайлап езу тартқан екен.
Жарықтықтар қисыны келген жерде қалжың сөзден екеуі де бас тартпаған. Тіпті Қаныш Имантайұлы қайтыс болып, ол кісінің мәйіті салынған табытты бүкіл ел орталық бейітке дейін жаяу апарғаны жадымызда. Сол қаралы шерудің бір тұсында Секең Мәкеңді нұсқап, ежелгі әдетіне басып: «Қашанғы қазақ қырыла береді осы? Сенің де кезегің келген жоқ па өзі?», -дейді жайлап. Сонда Мәкең қолын жоғары нұсқап: «Ісмет, ол бізге байланысты емес, Оның билігі жоғарыда, ол кісі бәрін біледі. Әзір кілең игі жақсыларды алып жатыр. Ендігі игі жақсымыз Сен деп жүрміз ғой», - депті. Жұрт ашық күле алмай, іштен булығыпты.
Екеуінің бір-біріне қимастық сезімі терең болғанын Ісмет Кеңесбайұлы қайтыс болғанда көрдім. Мәкең ескі досының басында отырып егіл-тегіл жылады. Ол кісінің жылағанын бірінші рет көруім. Опасыз, жалған, дүние-ай!
Өмірзақ Айтбаев. Тілғұмырлар (Қазақ лингвистері мен тіл жанашырлары) атты кітаптан» , 4-том. 243-244 б. – Алматы:«Абзал-Ай» баспасы, 2014.
Түркологияның көксақалы
Қырғыз КСР Ғылым академиясының академигі Константин Кузьмич Юдахин қырғыз тілін тамаша білетін кісі еді. Алпысыншы жылдары түркі тілдерінде бірінші балып екі томдық “Қырғызша орысша” сөздік шығарып, КСРО Мемлекеттік сыйлығын алған. 1976 жылы Алматыда өткен түркологиялық конференциясының бір мәжілісін Ісмет Кеңесбаев ашып: “Мәжілісті одан әрі жүргізуді түркологиясының ақсақалы Константин Кузьмич Юдахиннен сұраймын”, - деді. Ол өз кезегінде: “Баяндама жасау үшін сөзді түркологияның көксақалы Ісмет Кеңесбайұлына беремін”, - дегені. Жұрт ақсақал сөзіне орай “көксақалды” тапқанына күліп мәз болды. Сол Константин Кузьмич хәл жағдайын сұраған әріптесіне: “Сақалымызға түкіріп жүріп жатырмыз”, - дегенде біз түсінбей қалғанбыз, кейін ойласақ: “Күш қуат азайды”, - деген сөз екен ғой.
Түркмендер басқа қазақты білмейді
Өткен ғасырдың 70-жылдарында Алматыда тіл білімі жөнінде үлкен жиын өтеді. Одақтың жан-жағынан белгілі тіл ғалымдары келген. Оған әрине, ежелгі түркі жазуларының білгірі руы адай Ғұбайдолла Айдаров қатысады. Ол өзінің көптен таныс-біліс әріптестерін қонаққа шақырады. Ішінде Ісмет Кеңесбаев және Түрікменстаннан келген Пағам Азымов деген ғалымдар бар.
Шәйдан кейін біраз қонақтар темекі тартуға тысқа шыққанда, осы үшеуі оңаша қалған. Әзілдесіп сөйлесіп отырады. Әсіресе, Ғұбекеңнің сөзі өткір, Ісметті әзілдеңкіреп жібереді. Сонда түрікмен ғалымы Пағам Ісметке былай депті:
– Ісмет, біз адайларды ұлы халық санаймыз, керемет сыйласамыз. Тіпті қазақта осы адайдан басқа ел бар деп білмейміз. Үшеуі де күліп жіберген. Пағамның айтқаны адайлардың түрікмендерге өте жақын көрші етене аралас екені.
– Мен жорта айтып едім, мына Ғұбайдолламен әзілдесетініміз бар, - деп Ісмет ақтала сөйлепті.
“Балақаев ауырып қалды”
Сол КазМУ-де 1- курс студенттері алғашқы қазақ тілі сабағында Мәулен Балақаевты күтіп отырса, аудиторияға түр-түсі өзге ұлт өкілі кіріп келеді. Студенттер: “Бізге қазір қазақ тілі, Балақаевтың сабағы болады”, - деп шулап қоя беріпті. Мәкең: “Балақаев - мен” демей, “Ол кісі ауырып қалыпты, орнына мен өткіземін”, - депті. Балалар Балақаевты танымай қалғандарына кейін біраз ұялып жүріпті.
Көңілді жүруді ұнататын
Шора Шамғалиұлымен жарты ғасырдан астам қызметтес, аралас-құралас болдық. Алғашқыда аға-іні болып жүргенмен, кейін замандас, дос болып кеттік. Институт өз алдына шаңырақ көтеріп шыққан кезде Шөкең «Тіл тарихы және диалектология» бөлімінің меңгерушісі болатын. Жергілікті тіл ерекшеліктерін жинап жүрген жігіттер кандидаттық диссертация қорғап диалектолотардың саны көбейіп кетті де өз алдына бөлім болуына мүмкіндік жасады. Шөкеңнің жетекшілігі, кеңесшілігімен көптеген кандидат, докторлар әр жерде оқу орындарында жұмыс істеді. Диалектологияның жеке ғылым саласы ретінде дамуына жол ашылды, сөздіктер шықты, монографиялар жарық көрді. Бөлімнің жабылуымен байланысты 1990 жылдары бұл саладағы зерттеу қожырады. Өкініштісі қазір институтта бірде-бір диалектолог ғалым қалмады. Шора ағамыздың ерекше қасиеттері көп еді. Оның жүрген жері әзіл-қалжыңға толы болатын. Өзі күлмесе де жұртты күлдіртіп отыратын. Шөкең сәл нәрседен күлкілі әңгіме құрастыра алатын. Мәселен өзінің кітабын менің аспирантым Шара Мәжітаеваға бергенде «Шаре от Шори» деп жазып беріп жұртты күлдіргені бар.
Ол көңілді жүруді ұнататын, той-жиындарға барарда ән мәтінін машинкаға көбейтіп алып баратын. Отырыста әнді өзі бастап, мәтінін білмеймін дегендерге қағазға шығарып таратып беруші еді. Шөкеңнің айтатын сайқымазақтары (анекдоттары) туралы әр жерде көп жазылды ғой деймін. Мен соның бір-екеуін еске түсірсем деймін.
Шөкең Институт директорының орынбасары болып жүргенде, ауруының оншақты түрін айтып «Мені жұмыстан босатуыңды сұраймын» деп арызын апарыпты. Әбдуәли оған «Бұндай аурулармен жұмыс жасай беруге болады» деп жауап беріпті. Шөкең тағыда екінші рет «Енді бұрынғы аурулардың үстіне өзіммен өзім сөйлесетін болдым» деп арыз апарып берсе, Әбдуәли бұл арызға «Мына ауру алжасудың алды екен, демек жұмыстан босату керек» деп жауап қайырыпты. Бұл екеуінің арасындағы құрдастық қалжың болатын. Сол орынбасар кезінде Әбдуәлиді Вице-президент Төлепбаев шақырып, Әбдуәли орнында болмағасын Шора барыпты. Төлепбаев амандасқаннан кейін Шорадан «Не жаңалық бар?» – деп сұрапты. Сонда Шөкең «Жұрт аузында мынадай жаңалық пайда болыпты. Сіз ЦК-ға кетеді екенсіз. Сіздің орныңызға Зәки Ахметов келеді екен, Зәкидің орнына Әбдуәли барады да, Әбдуәлидің орнына мен директор болады екем» – дегенде, бұған Төлепбаев күлудің орнына жалма-жан Әбдуәлиге дереу телефон соғып «Мына орынбасарыңды жұмыстан босату керек» депті.
Шөкеңнің тағы бір қасиеті жинағыштық болатын. Кезінде Шоқан, Абылай туралы деректер жинап жүретін, «Қайрат» футбол командасы туралы кітапта шығарды, баласынын атын Қайрат қойды. Төсбелгі медальдарды да жинап жүретін, тіпті әртүрлі басылымдардан дәрігерлік кеңесті де жинады. «Бұл неге керек?» деп ойлап жүруші едім, бір кезде өзіме пайдасы тиді. Менің аяғыма «шпор» деген ауру пайда болып дәрігерден дәрігер қоймай жаза алмай жүр едім, соны Шөкеңе айтқанымда, сол жинағынан дәрігерлік кеңес тауып берді, сол кеңес бойынша бір аптада аяғымды жазып алдым. Бұл жинақты медициналық мұражай сұраса да, бермеген екен.
Менің Шөкең туралы көбірек білуіме екеуіміздің Бішкектегі докторлық диссертация қорғау кеңесінің он жылдай мүшесі болуымыз болды. Бізді айына екі рет кеңеске шақырып, өздері алып кетеді. Шөкең машинаның алдына отырып алып барғанша, келгенше жүргізушіге анекдот айтады. Артында отырған мені қайта-қайта айтылған анекдот жалықтырады. «Бұны кеше де айттыңыз ғой десем, «Ол басқа жүргізуші ғой» – дейтін.
Бішкекке барғанда міндетті түрде «Ай – Шурек» дүкеніне соқпай кетпейді, ештеңе алмаса да бір қарап шығады. Жалпы Шөкеңнің кәсіпкерлікке тән қылық болатын. «Қызметтен бос уақытыңызда қайда демаласыз?» деп сұрағанда, «Көк базарға барамын» дегенде таң қалғаным бар. Онда да тауарлардың бағасын қарап, басқа жердегі тауарлармен салыстыруды ұнатады екен. Оны ол нағашыларының татар, башқұрт саудагерлері болғанынан көреді.
(Б.Әбілқасымұлы филол. ғ. д., профессор. А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері. Ұлы дала тұлғалары: академик Шора Сарыбаев және ұлттық тілтаным тағылымы // Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. – Алматы: «Қазақ кітабы» баспасы, 2020. 4-5- б).
«Терезе мен фөртөчкә»
Тіл білімінде сол кездегі жалғыз академик Ә.Қайдаров болатын. Кейін Елбасының жарлығымен корреспондент мүшелері академик болып жаряланды. Содан кейін-ақ Әбекеңнің құрдасы Ш. Сарыбаев:
– Әй, Әбдуали, сен академикпін деп, кеудеңді қаға берме, біз де академик болдық міне. тереземіз теңелді - депті.
Сонда Әбекең:
– Ия, Шора, сен де академиксің, тереземіз теңелді. Бірақ мен – тереземін, ал сен болсаң – «фөртөчкәсің», - депті.
Көңіл айту
Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Қазақ тіліндегі синонимдер», «Абай тілі сөздігі» мен «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін» құрастырушылардың бірі, ғалым, өмірінің соңына дейін ҚҚР Ғылым Академиясының Тіл білімі институтында қызмет еткен Әсет Болғанбаев әріптесінің анасы қайтыс болғанда айтқан сөзі.
Кеңес заманында Әдебиет және өнер институты мен Тіл білімі институты бір шаңырақ көп жылдар бірге жұмыс істеді. Әдебиеттанушы-ғалым Нина Сергеевна Смирнова деген кісінің шешесі қайтыс болып, бір топ тілшілер үйіне көңіл айтуға барады. Ішіндегі үлкені Әсет Болғанбаев болса керек. Басқалары көңіл айтуды соған жүктепті. Орысша көңіл айтуды біле бермейтін Әсекең қазақша сөз бастайды ғой.
– Нина Сергеевна, смерть всем присуща. Сегодня мама умерла, завтра вы умрете, после завтра – мы, - депті. Сонда Н.С.Смирнова: «Лучше завтра ты умри», - деген екен.