Коронавирус жұқтырған балалар саны күрт көбейді

2225
Adyrna.kz Telegram

Алматыда коронавирус жұқтырған балалар саны күрт көбейді. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Қалықованың мәлімдеуінше, Алматыда эпидемиологиялық жағдай ушығып тұр. Инфекция – өте жұқпалы.

«Соңғы аптада балалар арасында індетті жұқтыру күрт өсті. Мысалы, 14 жасқа дейінгі науқас балалардың саны 7%-дан 11%-ға дейін ұлғайды. Сондай-ақ, бір жасқа дейінгі балалар арасында вирус жұқтыру өскенін байқап отырмыз. 1 наурызда 10 жағдай тіркелсе, қазір 55 жағдайға дейін жетіп отыр. Өзге жастағы адамдар арасында вирус жұқтыру бұрынғыдай қалыпта»,- дейді Әсел Қалықова.

Отбасы мүшелері арасында вирус жұқтыру оқиғасы да артқанын жеткізді.

«Вирусты отбасы мүшелерінен жұқтыру оқиғасы 34 пайызға артқан. Ал сауда орындарында вирус жұқтыру жағдайы керісінше 22 пайызға дейін азайған. Оған демалыс күндері сауда-саттық орындары мен базарлар жұмысының тоқтатылуы ықпал етті. Дегенмен аула ішіндегі дүкендерде вирус жұқтыру әлі де жоғары деңгейде», - дейді ол.

 

Пікірлер