Қостанайдағы ең ұзын құрақ көрпесі көрмеге қойылды

2327
Adyrna.kz Telegram

Қостанай қаласының тұрғыны Райхан Рахалиева Наурыз мерекесіне арнап ерекше көрпе тікті. Ұзындығы 21 метр болатын көрпені Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қорына тапсырды.

«21 метрді таңдағанымның өзіндік нышаны бар. Жетіні үшке көбейтсеңіз – 21, Ал қазақт жеті ата, жеті қазына, жеті ғалам, жеті қат жер, жеті амал, жеті күннің қадір-қасиетін бағалаған. Халық ұғымдарындағы киелі 7 санының орны ерекше екені рас. Тіпті бүгін әр дастарханнан табылатын Наурыз көже де 7 дәмнен тұрады. Музей қорына тарту еткен көрпем қошқар мүйіз оюымен кестеленіп, қызыл-жасыл түсті масаты матамен тысталған», - дейді шебер.

35 жыл бойы ісмерлікті серік еткен Райхан Рахалиева тіккен сәнді ұлттық киім үлгілері көптің сұранысына ие. Шебер қолынан шыққан бұйымдар Ресей, АҚШ, Түркия, Италия мемлекеттеріндегі көрмелерге қатысқан.

«Кез келген шығармашылық адамы ізденеді. Бір жасаған нәрсең көңіліңе толмауы мүмкін немесе одан да асыра түскің келеді. Қолөнер де сол сияқты. Алдағы уақытта Гиннестің рекордтар кітабына енетін ең ұзын көрпе құрастырып шығаруды көздеп отырмын. Бұған асқан тиянақтылық, жауапкершілік керек», - деп түйді Райхан Рахалиева.

Пікірлер