Наурыз - жаңару мен жаңғырудың мейрамы болса, мереке қарсаңында жаңғырған кітапханалардың легін ұсынамыз. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов өзінің халыққа есебінде кітапханаларды концептуалдық өзгеріс күтіп тұрғанын айтқан болатын.
Мереке қарсаңында Бадам өзенінің арғы жағындағы (халық “Забадам” деп атап кеткен) тұрғын алапта орналасқан шағын кітапхана жаңғыртылды.
Сонымен бірге, Балалар кітапханасына да жаңғыру жұмыстары жүріп жатыр. Қала әкімі кеше барып танысты. Бұл кітапхананың “фишкасы” үй қабырғасына салынған кітап-муралдар кішкентай оқырмандарын алыстан менмұндалап шақырып тұрады. Бұл - Қазақстандағы қабырғаға салынған ең үлкен кітап-муралдар.
Қызғалдақ-қаламызда 5 кітапхана мен олардың 35 филиалы бар. Биыл солардың оншақтысын жаңғырту жоспарда бар.
Әлеуметтанушы Рэй Ольденбургтің “үшінші орындар” атты теориясын білесіз бе?Бұл теорияға сәйкес, адам өмірінде маңызды екі басты орын бар: үй мен жұмыс орны. Рэйдің пайымынша, адамдарға үй мен жұмыстан тыс, мазмұнды уақыт өткізетін үшінші орын керек.
Үшінші орын қандай болуы мүмкін? Қазір мейрамхана, бар, сырахана, басқа не бар еді, осылар үшінші орындарға айналды.
Біздің мақсатымыз кітапханаларды үшінші орындарға айналдыру. Жұмыс істеу уақыты ұзартылып жатыр. Мемлекеттен қаржы бөлінбейтін кафе-мафелердің есігі түн ауғанша және демалыс күндері ашық тұрады, ал мемлекет қаржыландырып отырған кітапханалар неге кешкі сағат алтыға дейін жұмыс істеп, сенбі-жексенбіде демалуға тиіс.
Егер мазмұнды уақыт өткізетін кітапханаларды үшінші орындарға айналдырамыз десек, олар ұсынатын құндылық қазір жастар толып отыратын кафейнялардан көбірек болуға тиіс.
Сонымен бірге, қала әкімінің бастамасымен қызғалдақ-қалада биылдан бастап жүз шақты спорт алаңдары салынғалы жатыр.
Міне, спорт кешендері, концерт залдары, кітапханаларды үшінші орындарға айналдыра алсақ қана ұлт санасы жаңғырады, рухани жаңғырамыз. Ол үшін, әрине, мәдениет орындарының мәні де, сәні де жаңғыруы тиіс.
Құдайға шүкір, қызғалдақ-қалада мәдениет саласының инфрақұрылымы қалыптасқан. Аға-апа буынға мың алғыс!
Қаншама театр, мәдениет үйлері мен кітапханалар бар. Енді барымызды бағалап, бағасын арттыра түсу біздің буынның міндеті.
Наурыз - жаңару мен жаңғырудың мейрамы. Мереке құтты болсын!
Шыңғыс МҰҚАН,
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары