Оралда 13 жастағы өгей қызын зорлады деп айыпталған қала тұрғыны сотта жауапқа тартылуда деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Батыс Қазақстан облыстық сотының мәліметіне сәйкес, іс қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша қозғалыпты. Жәбірленуші тарап сотталушыға қатаң жаза қолдануды талап етіп отыр.
Жәбірленуші күйеуінің соққысына шыдап келгенін алға тартты. Кезекті ұрыс-керіс шегіне жеткенде, үлкен қызы өгей әкесінің өзіне жасаған озбырлығын жылап отырып жеткізіпті. Содан кейін анасы бірден полицейлерге жүгінген.
"Қызым бұл сұмдықтан әлі есін жияр емес. Қазір емделіп жатыр, психологтар оның қайта қалпына келуі, әлі 4-5 жылға созылатынын айтады. Ал мұндай ауыр жан жарасы өмір бойына қалады дейді. Шынымды айтсам, күйеуімнен қатты қорқамын. Қазір қыздарымның тағдыры қыл үстінде тұр. Сондықтан сот әділ жазасын береді деп үміттенемін", - дейді жәбірленуші.
Айыпталушы тарап болса, тағылған айыптармен келіспей отыр. Бірақ сұхбат беруден бас тартты. Ал адвокаты бұл істің нүктесін сот қоятынын алға тартты.
"Бүгін сотта өзіме белгілі болған ақпаратты айтпауға міндеттеліп, қол қойдым. Конституцияға сәйкес, кінәсі дәлелденіп, сот үкімі шықпайынша, ешкімді кінәлауға болмайды. Сондықтан, сот істі әділ қарайды деп сенеміз", - дейді айыпталушының қорғаушысы Мереке Ғабдуалиев.
Іс сотта жабық жағдайда қаралуда.
"Айыпталушы қылмыстық кодекстің 121-бабының 4-бөлігі, 124-бабының 2-бөлігімен, яғни сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық және жас баланы азғындық жолға түсіру деген бап бойынша сотқа берілді", - дейді БҚО соты баспасөз қызметінің басшысы Нұргүл Қанатбаева.
Ажырасуға арыз берген ерлі-зайыптылар бүгінде арадағы дүние-мүлікті де өзара бөліске салыпты. Ал айыпталушының жасөспірімге зәбір көрсеткені дәлелденсе, заң бойынша 7 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.