Мен өзім Арыстың Сырдарияға құятын жерінде туғанмын, сол жерде өскенмін. Ол Отырар деген шәһәр, қазіргі Шәуілдір деген жер. Совхоз орталығы Арыс өзенінің бойында болады да, ал бір отделениесі Сырдың бойында болатын.
Мұхтар Шаханов ол кезде қып-қызыл жігіт. Сөз жазып өйтіп-бүйтіп... Әуелде Құдай шығар, сонан соң мен Мұхтарды шығарып алған. «Сен сөз жазғанда біздің ауылды, Арыстың жағасын айтасың да, содан Сырдың бойын да қамтып кетесің» -дедім.
Ол кезде Крайком комсомол еді. Қызыл орда, Жамбыл, Шымкент үш облысы Крайкомға қарайтын. Солардың конференциясына мені шақырған соң барғанмын. Бұл 1964 жыл ғой. Бұл – сол конференцияға біздің свхоздың директорын шақырғаннан кейін басталған тірлік. Не керек, сонымен Тәшкеннен бір пианино әкеліпті де, фоеге қойып қойыпты.
Сонымен, концерт берілгеннен кейін совхоздың директоры сахнаға шығып, мені де шақырып: «Шәмші! Пианиноң анау тұр, кілтің мынау!» -деп, кілтін берген маған. Содан соң мен айттым, енді: «Шерім аға! Қазақта мақал бар: «Берген мәрт емес, алған мәрт» деген. Сондықтан, пианиноңызға үлкен рахмет! Мына публичо, жұрттың алдында уәде берем сізге, – ауылға арнап бір ән жазамын», – дедім. Содан, бұл өзіміздің ауылға арнап жазылған ән.
Ал енді, әнді айтатын жастар ғой. Мұхтарға айтып, түсіндірдім: «Сен Мұхтар, дорогой, Арыстың жағасында қыз бен жігітті ұйымдастырмасаң, ешкім айтпайды. Әнді де айтатын қыз бен жігіт. Қыз бен жігіт болмаса ол ән жақсы болмайды»-дедім. Осылай-осылай деп «рыбасын» (буын санын) беріп, бәрін түсіндірдім. Содан кейін Мұқтардың жазған сөзі еді.
Сіздерге қысқаша Мұқтар туралы айтайын. Мұхтар өзі жетім өскен жігіт. Екі класс школды бітірген. Два класа, Двухкласным образованием человек. Шымкентке алып келген Қалаубек Тұрсынқұлов. Содан кейін қалғанын, аттестатты ұйымдастырып бердік, не керек, «он жылдықты бітірді» деген. (жұрттың күлкісі, «Техасшалап» десеңізші!»-деген дауыстар естіледі). Е, ия-ия, Техас... Пединститутқа түсірдік – заочный да, заочный.
Мұқтарға Пушкин, Лермонтов келіп қалыпты сұрағына, билетіне. Содан, отыра қалып өлең жазған ғой: «Мен орыстың өлген ақындары түгіл, тірісін де білмеймін», -деп. Сөйтіп оқып болды. Бәрін айтып қойғанбыз ғой! Сөйтіп Мұхтар пединститутты бітірді. (Ду күлкі).
Содан, «Ақ бантикті» жазғанда да: «Көке, бантигіңіз не?» -дейді. «Бантик – әлгі школьницаның тағып жүретіні», дедім.
Бұл – маған сыйлаған пианиноға жазылған ән. Әйтпесе біз Арыстың жағасында ешкіммен танысқан жоқпыз. Елдің басында бар тірлікті жазу деген сөз...
«Арсыз болмай атақ жоқ» (Абай).
Композитор Шәмші Қалдаяқов «Арыс жағасында» деген әнінің шығу тарихын Талдықорғанға барғанда әңгімелеген үнтаспа интернеттегі поштама түскен екен. Тыңдап, 1973 жылы қаңтарда күні бойы бірге жүргендіктен, Шәмші ағаның дауысын жазбай таныдым. Мені ойландырғаны Шәмші ағаның Мұхтар Шаханов туралы: «Сіздерге қысқаша Мұқтар туралы айтайын. Екі класс школды бітірген. Два класса. Двухклассным образованием человек. Содан кейін, не керек, аттестатты ұйымдастырып бердік «он жылдықты бітірді» деген. Пединститутқа түсірдік – заочный да, заочный! Сөйтіп оқып болды. Бәрін айтып қойғанбыз ғой! Сөйтіп Мұхтар пединститутты бітірді»,- деген сөздері болды.
Нақтыласақ – Шәмші Қалдаяқов 1964 жылы кезіктіргенде, 22 жастағы Мұхтар Шахановтың «білімі» екі кластық екен. Мектептің бастауыш білімін де алмаған! «Бантик деген не?!» - деуіне қарағанда, ол әлгі 1-2 класта да мектепке барып әуре болмаған.
Е, мейлі, құдай дарын берсе ақын, композиторлар мектеп оқымай-ақ орта деңгедегі шығармалар жазған жағдайлар тарихымызда болған. «Жамбылды да КСРО билігі 1936 жылы бір саясатпен Мәскеудің сахнасына шығарды емес пе!?»-деп қоя салар едік-ау.
Бірақ, мәселе М.Шахановтың білімсіздігінде емес, бастауыш мектепті де бітірмеген оған үкіметтің «эколог болып Арал теңізі мен Балқаш көлін апаттан құтқаруды» тапсыруында. (Ондағы мақсат – КСРО үкіметінің қаулысына қарсы бірінші боп көтерілген қазақ саяси ұйымдар құрмасын деп, назарын басқа жаққа бұру болған). Одан да сорақысы – 2 кластық «білімі бар» М.Шахановты билік қазақтың тарихи-қаһармандық Желтоқсан көтерілісінің ақиқатын «түпкілікті зерттеп, ашатын» депутаттық комиссияның төрағасы етіп тағайындап, мыңдаған азаматтардың тартқан қасіретін мазаққа айналдырғаны.
Ал М.Шаханов биліктегілірге: «Ау, мен саяси оқиғаны тексерер заңгер емеспін ғой, білімімнің деңгейін халық білмегенмен, сіздер білесіздер. «Көтере алмас шоқпарды беліме байламайын!» - демеді. Екі жыл бұрын өзі, көтеріліске қатысып газеттегі қызметінен шығарылған М.Ақдәулетке: «Көттерің қышып алаңға неге бардыңдар?!» дегенін ұмытқан М.Шаханов, биліктің халықты алдау ойынына кірді де кетті.
Сырт ел М.Шахановтың теледидардан алқын-жұлқын сөйлегенін көріп «тындырып жүр» деп ойлайды. Ал оның: «Желтоқсан көтерілісіне де Украинадағыдай «голодомор» статусын талап ету керек», - деген сауатсыздығын, желтоқсандықтарды әлем елдері «батырлар» деп отырғанда, М.Шаханов оларға: «Қайта құру саясатына сеніп алаңға аңғалдықпен барғандар" деген «статус» жапсырып берді. Сонда, Қайрат Рысқұлбековке де Батыр атағы «аңғалдығы» үшін берілді ме!?
Енді бір жиында М.Шаханов: «Алаңда әскерилер мен милицияға тас лақтырғандар – киімін ауыстырған КГБ қызметкерлері болатын» деген «жаңалық» айтты. Сөйтіп, тас лақтырып тұрған сәті суретке түсіп қалғаны үшін 4-5 жылға сотталып келген желтоқсандықтар, М.Шахановтың айтуымен, КГБ қызметкерлері боп шыға келді. «Неге олай айтасың?!» дегеніме, тәуелсіздік үшін күресіп 1970-1986 жылдар аралығында үш рет сотталған мені де «КГБ-ның агенті» деп газеттері арқылы нетүрлі күйе жағып, жүрегімді стенакардия қылды. «Сотқа келіп осы сөзіңді дәлелде!» десем, безіп жүр. Әр жиындарда: «Желтоқсандықтар ақын Қадыр Мырзалиевті сабаймыз деген» деп, бізге 1986 жылы Мәскеудің «экстримис, бұзақылар» деген атағын қайта таңуын қоймаған соң, бір жиында оның осы сөзі өтірік екені бетіне айтып үнін өшірген едім. Енді, 1986 жылы-ақ биліктің ісі теріс екенін Колбиннің бетіне айтқан батыр Жұбан Молдағалиевке де тіл тигізіп жүр.
М.Шахановтың дүмше екенін мен 1990 жылы-ақ байқаған едім. Ал «оның комиссиясына» енгізілген депутаттар, заңгерлер билік бұйырған соң және жалақы үшін оның сауатсыздығын «байқамаса», сырт жұрт оның жеке меншігіндегі «Жалын» журналының бүкіл журналистері интернетте отырып мақтағанына зомбиланып «Бір есек ақырса, барлық есек ақырады»-ның кебімен жүр. Қазақта «мүйізі қарағайдай» ақын-жазушылар тұрғанда, неліктен КСРО билігі 40 жастағы Мұқтар Шахановтың кешін Мәскеу төрінде өткізді екен, мұны да бір қитұрқы саясатына пайдаланбақ-ау!?» деп те ойланбадық. Үкіметтің оны бүкіл БАҚ-тардан бақылдатып қойғанына жұрт зомбиланды да қалды. «Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кірер» дегендей, сөйтіп мектептің бастауыш сыныптарын да бітірмеген киіз қазық-М.Шақанов «№1 желтоқсаншы» болып жұрт санасына үкімет күшімен енгізілді.
Өзі және биліктің ұйымдастырған «қайраткер» деген мадағына өзі сеніп қалған М.Шаханов, бірде «Қазақстандық ұлт» деп аталуға қарсылық білдіріп аштық жарияламақ та болды. Шын мәнінде, ондай сөз әлгі «Доктринаның» ішінде жазылмаған да екен. Соған қарамастан ол: «Мен билікті райынан қайтармағанда қазір бәрің «қазақ» емес, «қазақстандық ұлт» деп аталар едіңдер!» деп кеудесін соғып жүр. (Егер билік рас әлгідей десе, қазақтан бұрын бұған (ұлтсыздануға) орыстарымыз қарсы шыққан болар еді).
Қырғызда 13 жыл елші боп отырғанда қазақ тілінің жағдайынан еш хабары болмағандай, М.Шаханов елшіліктен босай сала, енді, «тіл мәселесін» ерттеп мініп, жекешелеп алды. Түрлі жиындарда «Маған «Халық қаһарманы» атағын берген еді, алудан бас тарттым» дегеніде М.Шақановтың шақадай қып-қызыл өтірігінің бірі. Рас. Көтерілістің 10 жылдығына арналған жиында оны осы атаққа ұсынған, Бішкекке М.Шақановқа қонаққа барып қайтқан А.Нәлібаев тұғын. Жұрт мені де сол жиында осы атаққа ұсынғанда, мен: «Алаяқ үкіметтен атақты Шақановтай алаяқтар алсын!» деп, тізімнен өз атымды сыздыртқанмын. Нәлібаев ұсынғанмен, үкімет оған әлгі атақты беруге бұйрық шығарған емес. Ендеше Шақанов, үкімет бермеген атақтан қалайша «бас тартпақ»?! Және ондай атақты билік не үшін бермек, М.Шаханов әр істің басын бір шалып аттандап, ешбірін аяқтамай тастап кететіні үшін бе?!
Интернетте осы туралы сөз қозғалса «Жалын» журналистері мен оларға зомбиланғандар: «Мұқтарды сынағанша, неге оны қолдамайсыңдар, я өздерің көтермейсіңдер сол мәселелерді?» -дей жөнеледі. Дұрыс-ақ. Бірақ ол ешкімнің қолдауын қажет етпейді де. Мақсат – тек шулау, нәтижеге жету емес.
Мысалы 1992 жылдың күзінде, Желтоқсан көтерілісін тексеру туралы «Азат» қозғалысы Конституциялық сотқа арыз бергенде, М.Шаханов сотқа келіп: «Қозғамаңдар ол істі, Ол менің «ісім». Мен оның «нүктесін» қойғанмын» деп бажылдағанын, Назарбаевқа барып шағымданып, істі қайтадан қаратқызбауға күш салғанын, әрине, әлгі интернеттегі жақтаушылары білмеуі мүмкін.
2005 жылы Жазушылар одағындағы жиында: «Тіл мәселесі Н.Назарбаевқа хат жолдаумен шешілмейтініне 20 жылда көз жетті, өзге де жолдармен жұмыс жасайық» дегенім үшін М.Шаханов: «Бұл – экстремизм!» деп шошыса, ал митингіде: «Тіл заңы орындалуын Сарыарқа театры артына тығылып емес, биліктегі Нұротан партиясы штабына барып талап ету керек!» дегенім үшін мені милицияға ұстатып жібергенін де үйде жатып «фейк» басқыштар дұрыс дей ме?!
Ал оның тіл жайын айтып шулауы президенттік сайлау кезімен тұстас келетінін талай байқадық. Себебі бұл М.Шахановтың митингілегенін көрген орыстар мен орыстілділерді: «Ойбай, мына ұлтшылдар билікке келсе, қазақша сөйлеуге мәжбүрлейді.Сондықтан бұрынғы президентімізге дауыс берейік», - дегізу үшін ұйымдастырылған қитұрқы. Сөйтіп 2 класстық «білімі бар» М.Шаханов қазірде өзінің көбіктен жасаған көп атағына «Қазақ тілінің атасы» деген де лауазымды қосып жазып жүр.
Ау, доктор, академик тіл мамандары, неге тіл мәселесін ғылым кандидаттығы да жоқ М.Шахановқа мазақ етуге беріп қойдыңдар?!» деп шын мамандарға айтып көргенмін. «Ойбай, құрысын! «Бәлелі к...ке бармағыңды тықпа» деген. Оның «жекеменшіктеп алған» (әрине, биліктің тапсырысымен) мәселесіне жуықтар болсақ ысылдап-пышылдап артымызға түсіп күйе жағып мазаны алады!» дейді олар азар да безер болып.
«Халуа, халуа» дегеннен аузың тәтті болмайды» дегендей, М.Шахановтың «тіл,тіл» деген аттан-шоуларындағы сауатсыз талаптарынан қазақ тілінің ахуалы бір сүйемге де оңалмағаны белгілі. Бірақ оның ұпайы түгел. Шоулар жасағаны үшін биліктен есеп-шотына қаржы түсіп жатыр, кітаптарын министрлік тоқтатпай шығарып, әкім-сәкімдер кездесулер ұйымдастырып шапаннан-шапан кигізіп, аңғал көрермен қолтаңба сұрап шулауда...
Япырай, «экологияны да реттейтін, көтерілісті де зерттеп ақиқатын ашатын, қазақ тілін де мемлекеттік етіп төрге шығаратын, Шыңғыз ханға тарихи баға беретін, Абай, Махамбет, Мұқағалилардың ақындығын сарапқа салып сын айтатын М.Шаханов, мүмкін, «оқымай-ақ «бес алар» вундеркинд шығар!? Ондай болса неге кешегі-бүгінгі биліктер оған министрлік я облыс әкімі қызметін бермейді, неге өмір бойы журнал редакциясында ұстап, тек жұртқа «Шаханов-шоулар» жасатып халықты алдай тұруға «жай қағар» (громоотвод) ретінде ғана пайдаланып келеді?! Өйткені биліктегілер М.Шахановтың өмірбаянын, деңгейін тамаша біледі.
Билік қазірде халықты алдарқатар «жаңа шахановтарды» қоздатып, жемдеп ұшырып жатыр. Қолпаш естімесе іші өтетін М.Шаханов, енді «өзін өзі қанағаттандырудың» жолын тауыпты. Осыдан 7-8 жыл бұрын Атакенттің алдындағы көшеде ілінген М.Шахановтың баттыйған үлкен суретін көрдім. Астына «Түрк әлемінің үздік ақыны» деп жазыпты. Жазушылар одағындағы жігіттерден «Осындай атақ беретін конкурс өттіп пе еді Түркияда?» деп сұрағанмын. Олар: «Түркиядан келген бір ақыннан біз де сұрап едік, ол Түркияда ондай атақ беретін мекеме жоқ» деді бізге», дейді.
Төрт жыл бұрында бір жиынға келсем М.Шаханов: «Жуырда Түркияда маған «Түрк әлемінің зиялыларының төрағасы» деген атақ берді!» де-еп тұр. Отырған жұрт ду қол шапалақтады. Мен әрине, Бұл оның кезекті бір өтірігі екенін түсіндім. Өйткені, «зиялы» деген – өзінің жинақтаған білімімен, үлгілі өмір тәжірибесімен халқына бағдар айтатын тұлға адам. Партия не бір мекеме емес төрағасы болатындай! Зиялының төрағасы болса, оның несі зиялы?! «Зиялылар мекемесі» деген Түркияда да, дүние жүзінде де жоқ нәрсе.
Жарайды, М.Шаханов шата берсін. Мәселе – оның шатпағына ду қол шапалақтайтын халықтың сана деңгейінде-ау. «Өзің диуанасың, кімге пір боласың?!» деу орнына, 2 класс «білімі бар» нақалды «ұлтты құтқарушы қайраткер» деп пір тұтып табынсаң, екі жылдық ПТУ-дың «көмір көсеушісі» мамандығын оқыған кісіні (М.Шақановтың «күшті тоқпағын) «Елбасы» деп 30 жыл бойы басыңа отырғызсаң, Қазақ, мына бейшара күйіңе несіне ренжисің, кімді кінәлайсың?
Қолдан жасаған «қаһарманынан» Қазақстан билігінің өзі мезі болды ма, енді М.Шахановты пайдалануға Қытай достарына беріпті. Кеңестік, посткеңестік елдердің шапандарын алып болған ол, енді «Қытай-Қазақстан достығын, сол елді әлемге насихаттайтын журналдың Қазақстандағы өкілі болыпты. Бұл іске Қытай да «двухкласный образованиялы человекті» лайық көрген екен! «Достық» – жақсы сөз-ау! Бірақ бұл іске де М.Шаханов кіріскеннен бастап Қытайдағы қазақтарға, жалпы мұсылмандарға қуғын-сүргін күшейіп отыр. Әшейінде бірін бірі «қытайшылсың» деп шұқығыш қазақ, М.Шахановтың қытайшылдығына ләм демейді, баяғыша мадақтауда! Ау, жұртым, оны рас қолдасаңдар неге миллионың қасына барып «іске баста!» демейсіңдер, мен де қосылайын?!. Әлде білесіңдер ме, оның еш іске бастамайтын шоумен екенін?
Жә! Мен М.Шаханов былық-шылықтарын 1992 жылдан айттым да, жаздым да. Енді ол туралы маған еш дерек жібермеуді сұраймын. Басқа да шаруам толып жатыр. Оны мадақтаушылармен де айтыспай-ақ қойыңыздар. Өйткені 2 кластық «образованиесі бар» Мұқтар Шақановты тұлға санап, пір тұтатындардың білім деңгейі сол Шақановтан да төмен болған соң оған табынады да! «Қуды – қу табады» дегендей, әлгілер де аттестат, дипломдарын Шахановша «техасша» алған болар. «Көрдім» дегенді «көт» деген жеңеді» дегендей, шала сауатты арсыздар жөн сөзге еш тоқтамайды екен.
М.Шақанов туралы айтып ауыз былғағым келмеп еді. Бірақ, Шәмші ағаның халқын 2-кластық «білімді» Мұхтар Шахановтан сақтандырған сөзін халық кеш те болса білуі керек. Және де, қазір, онсыз да масқарасы әшкере билікті бір балағаттап алып «оппозициямын!» деп, митингіге бір-екі барып 4-5 күн қамалған біреулер «партия құрамын!» деп жар салып, ал жұрт оның білімі, тәжірибесін ескерместен «көсем» көтермек болуда. Мұндай ойланбаушылық халықтың уақытын зая қылып шаршатар «жаңа М.Шахановтардың» (недоросль) пайда болуына соқтырарын ескеріп, абай болған жөн.
Ал, М.Шахановқа айтарым: «Биыл шілдеде 79 жасқа толасың, «Төріңнен көрің жақын». Кеше Ресей отаршылдарының, одан соң олардың мұрагері Назарбаев диктатурасының халықты алдар жалдамалы құралы болдың. Өзіңді өзің «қорқытып» 3-4 рет газет әріптерінен хат та құрастырдың, «КГБ өлтімек боп жүр!» -деп талай спектакльдер қойдың. Әлі де талай сұмдықтарың ашыларына күмән жоқ. Мен «Желтоқсан көтерілісінің басын КСРО билігі «Метель» операциясын сынақтан өткізу үшін өздері (Н.Назарбаевпен келісіп) ұйымдастырғанын» дәлелдеп жазған соң, сен дк амалсыздан, 32 жылдан кейін: «Енді үндемей қала алмаймын!» деп, мойындапсың мұны. Енді тек, әлгі Мәскеуде сөйлегенің де солардың тапсырысы болғанын мойындауың қалды. Сөйтіп өмір-бойы халықты алдағаның үшін кешірім сұра! Болмаса, тозақтан бұрын-ақ халқыңның қарғысына, қаһарын ұшырайсың.
Ал менің 1992 жылдан сен туралы айтқан, жазңандарымды жалған, жала десең, мені сотқа бер. Сол сотта басқа да аярлықтарыңды көзіңе айтармын.
Хасен Қожа-Түрк (12.03.2021).