«Шөп пен қарды қорек еттім»

5321
Adyrna.kz Telegram

20 ақпан күні Қостанай облысының Амангелді ауданы Бірәлі қыстағынан жылқы қайырамын деп шыққан Амангелді Тұржанов қатты боранға тап болады. Ал ол кісінің із-түссіз жоғалғаны жайлы жақындары төтенше жағдайлар қызметіне 21 ақпанда хабарлайды.

Іздестіру-құтқару шараларына төтенше жағдай, полиция қызметкерлерімен қоса жергілікті тұрғындар да белсене ат салысып, Нұрсұлтан қаласынан арнайы тікұшақ та жұмылдырылады. Алайда ауа-райының қолайсыздығына байланысты іздеу амалдары еш нәтиже бермеген. Тек араға апта салып, Амангелді Тұржанов Қостанай және Қарағанды облыстары шектесетін аумақтан аман-есен табылады.

Адасқанымды араға 2-3 сағат салып түсіне бастадым. Ақ түтек боран көтеріле бастағасын, паналайтын жер кезігер ме деп ығып жүре бердім. 3 күн атқа өз күшіммен мініп түсіп жүрдім, дене жаттығуларын жасап, аман қалудың амалдарын жасауға тырысып бақтым. - дейді жылқышы.

Бірнеше күн нәр татпаған азамат кейін әлі кетіп, қалжырап, бәрінен күдер үзіп, ақыры орнынан тұра алмай жатып қалғанын айтады.

Бесінші күн дегенде атымның қар астынан шөп жеп жатқанын байқап, мен де көрмек болдым. Басында қиындау болды, дегенмен екі күн бойы соны қорек етумен болдым. Қатты қиналған сәттерімде марқұм анам елестеумен болды. Өзімен алып кетуін жалынып сұрағанымда, қол сілтеп кете барды. Артынша 15-20 минуттан соң тікұшақты байқадым. Бірінші болып ұлым жүгіріп кеп құшақтағаны ғана есімде.

Ас-сусыз айдаланы жеті күн түнеген жылқышы өзін өмірге қайта келгендей сезінеді. Бір өлімнен қалуының себебін ешкімге еш қиянат жасамай, адал еңбек етуімен байланыстырады.

Абырой болғанда, апта бойы ақ боран мен қақаған аязда иен даланы мекен еткен малшының денсаулығына ауыр зақым келмеген, аздап саусақтарының ұшын үсік шалған. Қазір ол Жезқазған қаласында ауруханада ем қабылдауда.

Назгүл ШАБДАРОВА,
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер