Келісіп пішкен тон келте болмас

3458
Adyrna.kz Telegram

Халқымыздың «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген даналығы ХХІ ғасырда да мәнін жойған жоқ. Қай мәселенің болсын артын дауға айналдырмай, ақылдаса, кеңесе отырып шешу — елдігіміздің іргесін бекіте түсері сөзсіз. Бабаларымыз айтқандай, «Өлетұғын тай үшін, көшетұғын сай үшін» ЕЛ БІРЛІГІ деген асыл қазынамызға сызат түсіруге әсті болмайды. Осы ақиқатты тереңнен сезінген болса керек, Шымкент қаласының бүгінгі басшылығы қоғамның қызу талқысына түскен «ипподром аймағында тұрғын үй кешенін салу» мәселесі бойынша қоғамдық тыңдау өткізді.

Бүкіл әлемді шарпып бара жатқан індеттен сақтану үшін қоғамдық тыңдау онлайн режимде өтті. Бірақ, бұл аталған іс-шараның ашықтық пен жариялылық жағдайында, демократия принциптеріне сай өтуіне ешқандай кедергісін тигізе қоймады. Мамандар көптің талқысына түскен жобаның сәулеттік, экологиялық және экономикалық тұрғыдағы қауіп-қатері мен тиімді жақтарын таразылап, жіліктеп тұрып ашып көрсетті. Одан кейін ел ағаларына, зиялы қауым өкілдеріне, сәулетшілерге, қоғамдық ойдың көшбасшыларына өз ойын ортаға салып, пікірлері мен аргументтерін ұсынуға мүмкіндік берілді. Жобаны жақтаушылар ғана емес, оған қарсы тарап та өздерінің уәждері мен дәлел-дәйектерін жеткізді. Бұл пікірлер мен сын-ескертпенің барлығы хаттамаға түсірілді. Түпкілікті шешім қабылдау кезінде олардың назарға алынарына сенеміз.

Ең бастысы, Шымкент қаласының әкімдігі осы әрекеті арқылы халықпен ашық әңгімелесуге, конструктивті диалог құруға дайын екенін дәлелдеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып жұмыс істеуге әзір екенін көрсетті. Ең маңыздысы — осы. Қос тарап бір-біріне құрметпен қарап, салиқалы, байсалды түрде пікір алмаса білсе, шешілмейтін проблема, келісімге келемейтін мәселе болмайды.

Иә, тұрғын үй кешенінің жобасына қарсы шығып жатқандардың азаматтық позициясы да құрметпен қарауға тұрарлық. Олар сүйікті қаламыз Шымкенттің жасыл қалаға айналғанын, оның экологиясына зиян тимегенін қалайды. Бірақ, бұл жобаны қолға алғандар да осы ел көркейсе, дамыса екен деген тілектің үстінде жүрген азаматтар.

Мысалы, BI Group холдингінің басшысы Айдын Рахымбаев — Қазақстанның шынайы патриоты екенін сөзбен емес, ісімен дәлелдеп қойған азамат. Біреу білер, біреу білмес, Рахымбаевтың бастамасымен ашылып, соның қаржыландыруымен жұмыс істеп жатқан «BI Жұлдызай», «Ана үйі» және «IQanat» дейтін қоғамдық ұйымдар бар. Бұл ұйымдар соңғы жылдары 4 500 бүлдіршіннің анасынан ажырап, балалар үйіне өткізілуінің, тірі жетім атануының алдын алды. Сөйтіп, елімізде нәрестелер мен жетімдер үйіне өткізілетін сәбилердің саныың 3 есе қысқаруына себепші болды. Оған қоса осы қоғамдық ұйымдар жетімдер үйін паналап жүрген 1400-ден астам баланың қазақстандық отбасылардың қамқорлығына алынуына мұрындық болды. Құдайшылығын айтыңызшы, бұл үлкен сауапты іс қой, солай емес пе?! Ол аз десеңіз, Айдын Рахымбаев ашқан «Айқанат» қоры ауыл оқушыларының арасында олимпиада өткізіп, ішіндегі ең дарынды, ең талапты дегендерін іріктеп алып, Бурабайда өз қаржысына ашқан еуропалық үлгідегі элиталық мектепте тегін оқытып жатыр. Қазақтың ең талантты 200 баласы терең әрі жан-жақты білім алып жатыр. Биыл сол қарадомалақтардың алды еліміз бен әлемнің үздік университеттеріне оқуға түседі. Ертең оның әрқайсысы Қазақ елінің тасын өрге домалататын тұлғаларға айналады. (Егер бұл ұйымдардың қызметі жайлы толығырақ білгіңіз келсе «Шымкент келбеті» газетінің өткен сандарында жарық көрген циклді мақалаларды оқуыңызға болады). Егер Рахымбаев Қазақстанның үлкен патриоты болмаса, миллиондаған долларын жұмсап елге, елдің ертеңіне пайдалы осындай істерді атқарар ма еді?! Қазақстанда ірі компания да, дәулетті адамдар да аз емес қой. Қайсысы елге тап осынша пайдасын тигізіп жатыр?!

Енді осынша қайырлы іс атқарған азаматтың Шымкенттің болашағына залал келтірерлік жобаны іске асырарына Сіз сенесіз бе? Мен сенбеймін.
Қай инвестор бір тұрғын үй кешенін салу үшін айналасына мектеп, емхана мен променадты тегін салып беріп жатыр?
Жалпы, бұл жобаның тиімділігін кеше сарапшылар айтудай-ақ айтты ғой. Естір құлақ болса, сөзге тоқтайтын есті адам болса нанымды аргументтер айтылды емес пе? Мен оның бәрін қайталап жатпай-ақ бір ғана мәселеге көпшіліктік назарын аудармақпын:

Ипподром аймағында тұрғын үй кешенімен бірге бірнеше әлеуметтік нысан бой көтереді. Соның бірі — ортопедиялық аурулары бар балаларға арналған оңалту орталығы. Яғни, сал ауруына шалдыққан балаларға сапалы медициналық қызмет көрсететін мекеме. Шындығында, ДЦП-мен ауыратын балалардың дағдайы қоғамды қатты алаңдататын проблема ғой. Енді ипподромдағы жобаның аясында сол науқас балаларды емдейтін, халықаралық стандарттар бойынша жабдықталған, елдегі ең таңдаулы дәрігерлер жұмыс істейтін орталық салынса және ол мемлекет бюджетінен бір тиын бөлінбей «BI Жұлдызай» корпоративтік қорының қаржыландыруымен салынып, жұмыс істесе, бұндай жобаны қалай тиімсіз, қажетсіз деп айтпақпыз?!
Сөз жоқ, атшабар аумағы — қаланың ең жақсы, қымбатты жері. Бұл жобаға сондай таңдаулы орын берілсе, есесіне мердігер тарап та осы қоғамның ең өзекті, күрделі проблемаларының бірін шешуге атсалысып жатыр ғой.
Ардақты ағайын, жобаға қатысты пікір айтқанда осындай мән-жайларды да естен шығармасақ екен.

 

Айдар Құлжанов,
Жүрналистер одағының мүшесі

Пікірлер