Зұлмат: «...екі көзге мөлтілдеп жас келеді»

4588
Adyrna.kz Telegram

(Жалғасы. Басы мына сілтемеде)

«Атажұрт еріктілері» жинақтаған 10 мыңнан астам  Шыңжаңның бұрынғы тұрғындарының арызын сараптай келе, мынадай ой түюге болады. Ресми Пекиннен берілген нұсқау бойынша, концлагерьлерді жасақтап және ондағы тұтқындардың санын 1-1,5 млн аралығында ұстап тұру қажет. Сондықтан Шыңжаң билігі «саяси үйренуден» шыққан адамдарды біршама уақыттан кейін қайта қамайды. Тіпті әкімдіктерге елді-мекен халқының санына қарай жоспар белгіленген. Сондықтан лагерьге 16 мен 85 жас аралығындағы тұрғындар, емшектегі баласы бар әйелдер, Қазақстанның азаматтығы мен ықтиярхатын алған оралмандар да қамалып жатыр.

Концлагерьге қамау жоспарын орындау  үшін жергілікті партия функционерлері «идеясы бұзылған», «идеясында кінәрат бар» және оны «емдейтін» «сәйкестендіру» деген сөзді ойлап тапқан. Мұндағы гәп мынада: егер адамды айыптау мүмкін болмай қалған жағдайда оған «сенің идеяң бұзылған сияқты» деп күдік келтіреді. Ол адам өзінің кінәсі жоқ екенін айтып, шыр-пыр болады. Осы кезде «сенің саясатқа сәйкескенің жөн, сәйкескенің өзіңе пайдалы» дейді де, «саяси үйрену» лагеріне өз еркімен баруға үгіттейді және ерікті түрде «саясатқа сәйкескен» адамға лагерьде жеңілдік болатынын айтады. Шыңжаң халқының құлдық психологияға әбден еті үйреніп кеткені соншалық, қарапайым адамдар да бірі екіншісіне «саясатқа сәйкесу» жөнінде әңгіме айтып, насихат жасап жүреді.

Шыңжаң концлагерьлерін жергілікті билік қаржыландырып отыруы тиіс. Сондықтан жергілікті атқарушы билік, партия функционерлері мен полиция қаржы көзінің барлық мүмкіндігін қарастырып жатыр. Шыңжаңның қытайдан басқа ұлттарына арнайы бейресми салық салынады, олар ақысы төленбейтін жұмысқа жегіледі. Аудан, ауыл басшылары күн сайын әкімшілік аумағында орналасқан лагерьлерге барып, «саяси  уйренуге» қажетті ресурстар жөнінде мәлімет алып отырады. Лагерьге қажет керек-жарақты, қаржыны табуды коммунист «онбасыларға» жүктейді.

Егре лагерьден босатылған тұтқындардың көмектесетін туыстары болмаса, онда олар кәсіпорындарға құлдық жұмысқа жегіледі. Оны Шыңжаң қазақтары «қара зауыт» деп атайды. 2018 жылы қазанда лагерьден босап шыққан Гүлзира Әуелханқызын Jiafang тігін фабрикасына қолғап тігуге жіберген. Бірнеше ай істеген жұмысына ол небәрі 50 доллар ақы алған. Кейбір «қара зауыттарда» концлагерьден шығып үйқамақ статусындағы еріксіз жұмысшыларға 9 юань айлық төленеді. Ал кәсіпорынның жалақы қорының бір бөлігі жұмысшылардың үш мезгіл тамағына жұмсалады, басым бөлігі жергілікті әкімшіліктің нұсқауымен концлагерьді қаржыландыруға бағытталады.

Әрине, саяси мақсатты көздеген репрессиялық шаралар кезінде қызмет бабын пайданаланып қалатындар да бар. Шеткері тұратын малшыларды қыстақтарға орналастырып, ықшамдау саясатын желеу етіп, қазақтардың  мал-мүлкін, 50 жылға жалға берілген жайылымдық және егістік жерін тартып алумен шұғылданып жүрген партия функционерлері, әкімдер де бар. Тұрғындарды міндеттеп, машина сатып алуы үшін, үй салу немесе оны кеңейту үшін банктен несие алуға мәжбүрлеп, оларды қарызбен байлап тастау да – қазақтарды  тәуелді қылып қоюдың бір әдісі. Жергілікті биліктің жемқорлығы, пайдакүнемдігі шағын кәсіпкерліктің де негізіне балта шауып жатыр. Мысалы, Іле-Қазақ округындағы Нылқы ауданынының тұрғыны Дина Нұрдыбайқызы аймақтағы беделді киім-кешек модельері, дизайнер болған. Ол өзінің авторлық бұйымдарымен ҚХР атынан Орталық Азия елдерінде өткен көрмелерге қатысқан. 2015 жылы өзінің жекеменшік тігін цехын ашып, 30 әйелді жұмыспен қамтамасыз етті. ҚХР-ның жеке кәсіпкерлікті дамыту үшін ұйымдастыратын конкурсына қатысып, өсімсіз қаржы грантын – 59 мың юань ұтып алады. Оның кәсібі қарқынды дамиды, айлық табысы 17 мың долларға дейін көтеріледі, тапсырыс көбейеді. Бірақ 2017 жылы оны бір түнде себепсізден-себепсіз концлагерьге қамап тастайды. Кәсіпорын басшысы Дина Нұрдыбайқызы қамалудың алдында ғана бірнеше ауқымды тапсырысқа келісімшарт жасап, тапсырысты орындау үшін айналымдағы ақшаны түгел жинап, ішкі Қытайдан 100 мың юаньға мата, киімді әрлейтін інжу-маржан және басқа да керек-жарақ сатып алып, қоймасын толтырып қойған болатын.

«Идеяңда кінәрат бар» деген айыппен он бір ай лагерде азапты күндерін өткізген Дина Нұрдыбайқызы қамаудан шықса, кәсіпорындағы 40-қа жуық тігін машинасы, қоймадағы мата-шұтасы із-түзсіз жоқ. Бұған жергілікті атқарушы органдар да, полиция да жауап бермейді. Кәсіпорыннан айырылып қалған ол үйін сатып, бұрынғы тапсырыс берушілерге қарызын  өтей бастайды. Оған болашақ жары да көмектеседі, оның да машинасы, дүние-мүлкі де қарыз жабуға жұмсалады. Ең сорақысы сол, банк басында грант есебіндегі кредитке Дина Нұрдыбайқызы лагерьге қамалған күннен бастап 9 пайыздық өсім қосып қойыпты. «Он бір ай «саяси үйренуде», одан кейін үйқамақта болғанымды айтып едім, «Ол – сенің проблемаң, қарызды өсіммен қайтарасың, олай болмаған жағдайда – сотталасың» деп айтты» дейді ол. Бұдан кейін Дина Нұрдыбайқызы Қазақстанға қоныс аударып кеткен әке-шешесінің Шыңжаңдағы туыстары және күйеуінің туыстарның көмегімен банктің кредитін жабуға күш салады. 2019 жылы балалы болған ол күйеуі екеуі Қазақстанға өтеді. Дина Нұрдыбайқызының әкесінің екі ағасы Шыңжаң билігіне ол банк кредитін өтемеген жағдайда қарызды қайтару жөнінде қолхат жазып береді.

«Қарызды уақтылы төлемесем, әкемнің ағайындары «Бізді құртатын болды» деп Шыңжаңнан телефон соғып, жыларман болады. Мен жас бала бағып үйде отырмын. Күйеуім құрылысқа жалданып тапқан табысын түгел Қытай банкіне құяды. Қазір қыс, құрылыс тоқтаған. Не істерімді білмеймін. Егер мен қарызымды қайтармасам, әкемнің Шыңжаңдағы туыстарын лагерьге қамайды» дейді ол. Тығырыққа тіреліп, одан шығатын жол таппай қиналған Дина Нұрдыбайқызы амалы таусылған соң, «Атажұрт еріктілеріне» келіп, қазақ халқынан көмек сұрады. Оның жанайқайы ескерусіз қалған жоқ, жанашыр жұрт шамасы келгенше көмек беріп жатыр. Айтуынша, жанашырлар есепшотына ақша аударып жатыр, отбасына шағын пәтер жалдап беріпті, «аяғына тұрып, кәсіп ашып, күнкөрісін қамдап алсын» деген ниетпен тігін машинасын сыйға тартып жатқан азаматтар да бар.

Екі баланың анасы, Қазақстан азаматы Қарақат Әбдештің айтуынша, күйеуі Бекеш Мәнапқан,  қайын атасы Мәнапқан Зейнолла, қайын ағасы Ерболат Мәнапқан және қайнысы Еркеш Мәнапқан 2017 жылдың көктемінен бері түрмеде отыр. Олар 3-11 жыл аралағында түрмеге кесілген. Бұл әулет  Шыңжаңның Буыршын ауданының Қатай қыстағында тұрады, этноауыл жасап, туристерге қызмет көрсетумен айналысқан.

Бекеш Мәнапқан отбасымен Қазақстанға қоныс аударып, өзі ықтиярхатпен жүрген. Олар Қытайға туысшылап барған кезде әулеттің еркектерінің бәрі бір күнде қамауға алынған.

Қарақат Әбдеш «Жақындарым ешқандай қылмыс жасаған жоқ, әулеттің бизнесін тартып алу үшін заңсыз соттап жіберді» дейді. Қазір ол екі баласымен Астана қаласының маңында үй жалдап тұрады. Ол екі баласын ертіп, ҚР Президентінің резиденциясына – Ақорда алдына жиі келеді. «Тоқаев мырза бізді қабылдаса екен, біздің көз жасымызды көрсе екен!» дейді ол. Бірақ оның құзырлы органдарды аралап сабылуынан нәтиже шығар емес...

Шыңжаңдағы жаппай репрессияны және оның құрылымдық жүйесін қаржыландыру Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған қазақтардың әлеуметтік жағдайына, жаңа ортаға тез бейімделіп кетуіне кері әсерін тигізіп жатыр. 2010 жылдан беріде қоныс аударғандар Қытайдағы үй-жайын сата алмады, Қазақстанға қаржысыз келді. Сондықтан мыңдаған оралман алыс ауылдарға орналасуға мәжбүр, мыңдаған отбасы нашар пәтер мен қала сыртындағы уақытша салынған үйлерді жалдап тұрады.

Қытай қазақтарының көпшілігі бұған дейін екі ел арасында сауда-саттық жасап, нәпақа табатын. Шыңжаңда репрессия басталғалы бері бұл процесс тежеуілдеді. Кейін Қазақстан азаматтығын алғандар мен ықтиярхаты барларды да шекарадан өткен бойда қамауға алатын болғасын, қазақтар Қытайға барудан қаймығып қалды. Бұл жағдай да Қазақстанда оралмандардың күнкөрісін, тұрмыс-тіршілігін қиындатып жіберді.

ҚХР заңында өзге елдің азаматтығын алып, қоныс аударып кеткен зейнеткерге өмірінің соңына дейін тиісті зейнетақыны төлеп тұру қарастырылған. Бұл заң мүгедектігіне байланысты зейнетке шыққан адамдарға да қатысты. Бірақ соңғы жылдары Қытайдан қоныс аударған кейбір оралмандардың зейнетақысы тоқтап қалды. Ал ҚХР-ның орталық билігінен  «Шетелде  уақытша тұрып жатқан немесе өзге елдің азаматтығын алған адамдарға зейнетақы төленбейді» деген өкім немесе жарлық берілген жоқ. Осы жағдайды ескерсек, Шыңжаң билігі өзімбілерлікке салынып, ҚХР заңын бұзып отыр. Сондай-ақ, зейнеткерлер үшін бөлінген бюджет қаржысының бір бөлігін жырымдап, оны ресурс жетіспей жатқан концлагерьлерге жұмсап жатқаны жөнінде болжам жасауға болады.

Шыңжағдағы жаппай репрессия шекараның арғы және бергі бетінде «тірі жетімдер» мен «тірі жесірлерді» көбейтті. Қазақстанда асыраушысыз қалған отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетумен шұғылданатын «Атажұрт еріктілерінің» лидері Серікжан Біләшұлының 2018 жылдың күзінде берген мәліметі бойынша, әкесі, шешесі немесе екеуі бірдей Шыңжаңда қамалып қалған кәмелет жасына толмаған «тірі жетімнің» саны 500-ден асты, қазір де осы проблема өзекті болып тұр.

Шыңжаң конлагерьлерінің ішінде және сыртында қорлық көрген қазақтар тән және жан жарасының азабын тартуда. Талай оралман ауруға ұшырады, жүрегі езіліп әке-шешесін сарғайып күткен балалар психологиялық травма алды. Қаншама әйел мәжбүрлі стерилизациядан өтіп, бұдан былай бала көтере алмайтын мүшкіл халге түсті.

Қазақстанға Қытайдан қоныс аударған қазақтардың бойын үрей билеген. Олар өзі үшін ғана емес, Шыңжаңда қалған етжақын туыстары үшін қорқады, концлагерьден көрген  тән және жан азабын тартып, құқын Қытай билігі аяқасты етіп отырғанын ашық айта алмай іштей тынып жүр. Шыңжаңда көрген қорлығына шыдай алмаған немесе туысын коммунистік-фашистік қанды шеңгелден құтқарудың басқа жолын таппағандар ғана ашыққа шығып, этноцидтің сұмдығын айтып жатыр.

Қытайдың Шығыс Түркістандағы геноцидтік саясатының салдары Қазақстанда әлеуметтік-экономикалық-саяси күрделі проблеманы ушықтыра түсті. Оны шешудің жолын қазақ билігі қарастырып жатқан жоқ деп айтуға әбден болады. Қайта проблеманы елемей, оны қоғамның талқысына шығаруға кедергі жасап, бүркемелеп тастағысы келеді. Бұл іріңі тереңдеп жайылып, дендеп бара жатқан бітеужараны еске салады.

Тұрарбек ҚҰСАЙЫНОВ,

«Демос» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер