«Үш анық» немесе Шәкәрім зерттеген Батыс ойшылдары

3928
Adyrna.kz Telegram

«Үш анық» – Шәкірімнің болмыстың құпиясын ашуға талпынған рухани-философиялық шығармаларының бірі. Адамзат ежелден-ақ өзі өмір сүрген қоғамның, әлеуметтік өмірдің, жалпы адами болмыстың жаратылу құпиясына, сырына ұмтылып келеді. Соның нәтижесінде әр дәуірдің өз ойшылы, тарих тудырған өз концептісі бар. Шәкәрім Құдайберді ұлының бұл шығармасы да солардың қатарында. Болмыстың мәнін терең түсініп, рухани жұтаңдаған көңілге ізгілік сыйлайтын бірден-бір туындылардың бірі.

Біз білетін барлық тіршілік көзі заттық және рухани негізден құралған. Осының ішіндегі рухани болмыстың біртұтастығын түсіну – ой-өріс, ақыл-парасат деңгейіне шығуға мүмкіндік береді. Адамзат түсінгі сенім мен таным деңгейіне келіп тоқтаған кезде, өзінен бұрынғы ойшыл-даналардың сөздеріне негізгі алып, бір қорытынды түйеді.

Шәкірім еңбектерінің мақсаты – адамға дұрыс жол көрсетіп, тіршілік азабынан құтқару. Оның «Үш анық» атты шығармасы да осы мақсатта жазылған. Бұл шығарма көлемі жағынан шағын болса да, шын мәнінде, философиялық терең мағынасы бар үлкен дүние. Шығармада ұлы ойшыл ғасырлар бойы адамзатты толғандырып келген болмыстың терең сырына көңіл бөледі. Сондықтан бұл шығарма кабинетте отырған ғалымдардың ойына азық үшін емес, әрбір адамның күнделікті өміріне пайдаланып, іс-әрекетіне басшылық етуге арналған. Ол үшін әуелі шығарманың терең мағынасын түсініп, сонан кейін өмірде қолдануға ұмтылу керек [1,5].

Шәкәрімнің «Үш анық» шығармасы болмыстың көріністерін кеңінен қамтиды. Бірақ осы кішкене шығарманы түсіну түрлі ойлар тудырып, тіпті бір-біріне қарама қарсы тұжырымдарға алып келеді. Мұның бір себебі – бұл шығарманың рухани деңгейде болуында. Толық білім заттық және рухани әлемді бірдей қамтиды. Сондықтан бұл шығарманы түрлі сана деңгейлері өздерінше түсініп, нәр алады [1,6]. Шәкәрім бір-біріне қарама қарсы қойған ойлардың негізгі идеясы Батыс ойшылдарының зерттеу еңбегімен астасып жатыр. Оны автор былай түсіндіреді.

«Ескі заманның білімділері әр нәрсенің түпкі негізі неден жаралғанын тексеріп, тамам нәрсенің негізі төрт нәрсе деп білген. Онысы –су, от, топырақ, ауа. Олардан кейінгі білімділері ол төрт нәрсенің әрбіреуі әлденеше негізден жаралғанын таба-таба жақынырақ кезде түп негізі сексен шамалы екенін тапты. Әр дененің көзге ілінбейтін кішкентай тараулардан қосылып жаралғанын тауып, ол кішкентайды қанша ұсақтаса да ақырында, тіпті, бөлуге келмейтін болады. Сол бөлуге келмейтін түп негіздердің атын Еуропаша атом деп атайды, арабша мадда немесе әсер дейді» [2, 488]. Әлем неден пайда болды? - деген сұрақтың астарына үңілгенде, Шәкәрім тоқталған алғашқы дәйектің бірі осы болды. Және сөзін арықарай жалғап, «Мұны ойлап тапқан ион-грек жұртының ойшылы Пифагор деген білімдісі. ...Кім бұрын ойлап тапса да, бұл атомды басында не нәрседен жаралғанын, оның не іске жарайтынын білу үшін іздеп тапса да, гректің Эпикур уа Декмокрит деген білімділері сол атомды дәлел қылып, барлық әлем атомнан өршіп жаралып жатыр деген жолға негіз салды» [2,488], деп сөздің басын Пифагордан бастайды. Әрине, дүниенің жаратылуы туралы осы ойды арықарай дамытып, сол кездегі Гассенди, Декарт, Ньютон, Линей сияқты ойшылдардың бұрынғы, Эпикур, Демокриттерден қалған ойды дамыта түскендігін де дәлелдейді. Атомдардың бір-біріне қосылып, тартылатынын дәлелдеген Англияның Исаак Ньютон атты ойшылы деп көрсетеді.

Материалистер болмысты Жаратушыдан бөліп қарастырғандықтан, материалдық әлемнің негізгі мақсатын түсіндіре алмайды. Сондықтан олар үшін бүкіл әлем ешқашдай мақсатсыз және кездойсоқтан пайда болған деп тұжырымдайды.

Заттық әлем тұрғысынан қарағанда заттың бөліну шегі жоқ. Себебі ол бөліне келе, ақыры адамның сезімдері қабылдай алмайтын бөлікке айналады. Ол шексіз кішкентайды шегі бар материалдық әдіспен анықтау мүмкін емес. Қандай кішкентай бөлік болса да, оның негізі рухани болмыста жатыр. Шәкәрім ілімі бойынша затты рух жаратады. Керісінше емес. Рухты зат жаратпайды. Рух заттан шықты деген материалистік көзқарасты өзінің өлеңдерінде Шәкәрім қатты сынға алады.

Рух өзінің қасиетін өзгерте келе материяға айналады. Ал рухтың өзгеруінің қандай күйінен бастап материя басталады – бұл таңдау еркіне де байланысты. Рухтың бұл күйін ешбір заттық құрал қабылдай алмайды.

Ендеше шегі бар сыртқы сезімдерді ғана пайдаланатын материалдық ғылым үшін шексіз кішкентайдайды да анықтау мүмкін емес [1, 27], деп пікір білдірген ғалымдар. Әрине біз бұл жерде обьективті көзқарасты ұстанып, Шәкәрімнің де дәлелдеріне сүйеніп көрсек.

Себебі ойшыл бұл пікірді әкелу арқылы, өзіндік анализ жасайды. Әуелі 17-18-19 ғасырға дейін үстем болып келген басты пікірлерді қорыта келіп, олардың 5- дәлелін көрсетеді. Олар: қайта айналыс жолы, жаратылыс жолы, тұқымдастық жолы, дене сезімі және әртүрлілік.

Қайта айналыс жолы дегеніміз – заттардың, планета, Ай, Күн, Жер сияқты жарытылыстардың басында газ, жел, түтін сияқты болып өзгеріп, кейін жоқ болуы. Бірақ қатты дене қайта өзгеріске түскенде өсімдік, хайуан сияқты бір мақұлыққа айналады. Және осы үдеріс бәрі бірге болмай, бірі қатты денеге өткенде, бірі қатты денеден кіші бөліктерге ажырай бастайды.

Екінші, жаратылыс жолы. Барлық тіршілік атаулының бәрі осы жаратылыс жолынан өткен. Сондықтан бүкіл әлем, планета, жұлдыздар, адам, хайуан, өсімдік және басқа нәрселердің денесі, жаралысы бір мақсатпен жаратылған деп пікір айтады. Бұл философ Литериенің сөзі.

Одан кейін тұқымдастық жолы келеді. Бұл дәлелдеменің негізі бойынша барлық жанды заттар топан судан қалған мақұлықтардан пайда болған. Бұлар бөлек-бөлек жаратылмаған, бір-бірінен тараған деп пікір айтқан ғалымның аты Майе деп жазады Шәкәрім.

Дене сезімі – Бюхнердің пікірінен туған. Ол адам барлық тіршілік атаулысын дене сезімімен біледі. Біз еріксіз, көріп-білмеген нәрсенің түп негізі бар ма? - деп сұрақ тастайды.

Соңғысы әртүрлілік дәлелі. Бұл әлемде барлық нәрсе бір-біріне ұқсамайды. Әр нәрсе қалай болса солай кезі келгендіктен себібіне қарай жаралып отырды. Бұны сөз еткен Демокрит ойшыл дейді.

Шәкәрімнің бұл 5-дәлелді көрсетудегі өзіндік мақсаты айқын еді. Барлық дәлелге жекелей жауап қайыру. Оған тоқталар алдында тағы да ойшылдардың сөзін жалғап өтелік. Фонтель айтқан: адамдар жаратылыстың негізгі сырын білуге соншалық нашар. Білмегеніне қарағанда, нәрсені біржола жоқ деп таласады. Мұның сезімі дене сезіміне ғана нанып тұрса көп шатақ ойлар, даулар болмас еді деп жаралыс жолын қуып, сыры табылмайтын(метафизика) істі ойлауға бөгет болуды да ойласқан. Мәселен, 1797 жылы туып, 1857 жылы өлген Огюст Конт позитивизм (шын анық) деген бір жол шығарады. Оның қорытындысы мынау: көзіміз көріп, өзге сезімімізбен әбден анықталмаған һәм жаралыс жолы физика ғылымымен тексеріліп шындығына көзіміз жетпеген нәрсеге әуре болмайық деген. Бірақ адамда жаралыс жолынан жоғары бір қуат барлығын сезетіндік бар болғандықтан, күн сайын бұрын сыры білінбеген нәрсе табылып, бұрын тіпті мүмкін емес дегендеріміз әшейін дағыдылы нәрсе болып, оны күнде пайдаланып отырғандықтан ол Конттың сөзіндей сөздер адамды жаралыс жолынан, жоғары қуатты ойланудан тоқтата алмайды. Осы кезде Европада әлде жүз ғалымдар магнетизм, спиритизм, телепатия сияқты ғылымдардың құралы ғылып, күні-түні жан мәслесін тексеруде [2,494-495].

Адамзат мәселесі болмыс дауына қатысты түрлі даулы пікірге қай заманда болсын жолығып келеді. Оның себебі ғажайып сырлы болмыстың құпиялары әркімге бірден ашыла бермейді. Оны танып білу үшін өте жоғары рухани деңгей керек. Шәкәрім осы сұрақтардың жауабын үзденуде үлкен кемеңгерлік жолды таңдады. Абайша айтсақ: «Ақылмен хауас барлығын, Білмей-дүр, жүрек сезе-дүр» деп хауасқа ерік береді. Ол осы дәлелдерді алдыға қоймағанда, үш анықты дәлелдеп шығу да мүмкін болмас еді. Бірақ осы ойшылдардың дәлелдерінің арқасында ақиқат теңіз бетіне қалқып шықты.

Шәкәрім түйіні: Барлықтың түп себебі, жаратушының білім, құдірет шеберлігінде өлшеу жоқ. Дәлелдерім: ғылым жолында бұл барлықтың еш нәрсесі өздігінен бар бола алмайды да, қозғала алмайды. Ол бар болайыншы, қозғалайыншы дей алмайды. Бұған себеп керек. Егер себепке де бір себеп керек болып, себептің түбі жоқ болады делінсе, ең түбі себепсіз, бар себеп болмаса болмайды. Сол себепсіз бар болу себеп жаратушы болады. Егер сол себепсіз бар болған атом, нұр сияқтылар, делінсе, олар себепсіз бар болған нәрсе емес. Дәлелім – оларда қозғалыс бар. Қозғалуда, жүрісінің өлшеуі бар. Өлшеулі нәрсе өзі бар болған емес. Егер қозғалыс притяжение, отрицание өзіне тарту, әрі итеру заңымен делінсе, ол қозғалысқа да себеп керек. Ол заңды салушы керек. Және атом сияқты түп негізде ерлі-қатындылық сипат бар. Мәселене сила вещества (қуатты дене) ол екеуі бір-бірне мұқтаж.Олай болған соң ондай нәрсе өздігінен бар болды деуге қисынбайды. Сондықтан олардың түп себебі себепсіз бар себеп, түп жаратушы [2, 505].

Шәкәрімнің «Үш анық» шығармасы болмыстың көріністерін кеңінен қамтиды. Бірақ осы кішкене шығарманы түсіну түрлі ойлар тудырып, тіпті қарама-қарсы тұжырымдарға алып келеді. Мұның бір себебі – бұл шығарманы рухани деңгейде болуында. Соынмен Шәкәрім көрсеткен үш анық. Біріншісі – сезім мүшелері қабылдайтын болмыстың заттық көрінісі. Бірақ болмыстың бұл көрінісін тек ақыл көзімен ғана көруге болады.

Екінші анық – болмыстың көзге көрінбейтін бөлігі, өлімнен соңғы тіршілік. Ал үшінші анық – ұждан. Екі өмірге де, яғни көзге көрінетін, көрінбейтін әлемге де ұждан керек» [1, 9-10] дейді. Шәкірімнің үш анығын әртүрлі топшылайтын ғалымдар жетерлік. Біздің мақсатымыз, ақиқат шындықты тануға жол ашу. Ғалым осыншалық білімді меңгермесе, барлық ойшылдардың еңбегімен танысып, түрлі дәлелдеу келтіруге қауқарсыз болар еді. Бірақ Шәкәрімнің бұл орайда шыққан биігі орасан деп білеміз.

Данат ЖАНАТАЕВ, 

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры; 

Жібек ЗИНЕЛОВА, 

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың магистранты 

 

Пайдалаған әдебиеттер:

1. Омаров Д. Шәкәрімнің «Үш анығы”. Дүниетаным. – Алматы: 2008. -224 бет.

2. Ой-қазына антологиясы (20ғ) Жобаның авторы: Жомарт Әбдіхалық. Астана: Аударма, 2001. -544 бет.

Пікірлер