Арон Атабек пен Макс Боқаевты түйреп алған Тұрарбек өз позициясынан қайтпайтынын тағы да айтты

4014
Adyrna.kz Telegram

МИФТІК САНАНЫҢ ЕКПІНІ МЕН ТЕКПІНІ

Әлеуметтік желідегі жұрттың қызу пікірталасы мен талас-тартысын туғызған "ЖІГІТТІҢ ЖАҚСЫСЫ - ТҮРМЕДЕ, АТТЫҢ ЖАҚСЫСЫ- КЕРМЕДЕ" деген тақырыппен жазылған, атыраулық белсенді Макс Боқаев және Саратовтың тумасы Арон Атабек жөніндегі мақаламды өшіріп тастауға мәжбүр болдым.

Макс пен Аронның шынайы болмысына үңілмей, олардан киелі пұт жасап, көзсіз табынып кеткен рушыл трайбалистік және аймақшыл сепаратистік сезімге берілген бір қауым жұрт маған дүрсе қоя берді. Мәселенің мазмұны Макс Боқаевтың оппозицияшыл күрескерлік әлеуеті жөнінде болса да, сол тақырыпты салиқалы талқылаудың орнына олар мені екі тәулік бойы аяусыз тілдеді, ар-намысымды қорлайтын сөздерді қарша боратты. Тіпті, олар мені туған жерім Атырауға келтірмеуге бейіл, «аяғыңды сындырамыз», «түп-тұқияныңмен қоса құртамыз» деген жаулық сөз де айтылды. Трайбалистер мен әсіре сепаратистер туған-туысымды, құда-жекжатымды маған қарсы айдап салды. Телефоныма екі тәулік бойы бір минут тыныштық бермеді. Олардың қойған бір ғана талабы – Макс пен Арон жөнінде жазылған мақаланы өшіру.

Рушыл трайбалистер мен аймақшыл сепаратистердің кесірінен 4 жылға сотталып, оның 3 жылын түрмеде өткізген мен талай азапты күндерді басымнан өткердім. Әлі сол әділетсіздіктің зардабын тартып жүрмін: есепшот аша алмаймын, келісімшарт жасай алмаймын, мүлік сатуға немесе сатып алуға қақым жоқ, біреуге сенімхат бере алмаймын – «экстремистердің мәңгі тізімінде» тұрмын. Қазақстандық адам құқықтарын қорғау ұйымдары арқылы өзімнің азаматтық құқығымды қалпына келтіру мақсатымен БҰҰ-на шағымдану үшін құжат жинағам. «Жігіттің жақсысы – түрмеде...» атты мақаламнан кейін менің атыраулық «жерлестерім» сол құжаттардың БҰҰ-на жіберу процесіне кедергі жасап, бұғаттап тастауға күш салды. Тағдырдың тәлкегіне түскен менің болжаусыз тағдырымды түбегейлі күлталқан қылатын мұндай соққыны биліктен күтсем де, «жерлестерімнен» күтпеген едім, амалым қалмады, мақаланы Фейсбуктегі парақшамнан өшіріп тастуаға мәжбүр болдым.

Десем де, мен өзімнің көзқарасымнан айнымаймын: саяси сананы иррационализмнен арылту керек, ойды шырмаған эзотериканы сылып алып тастау қажет, рудың емес,ҰЛТТЫҢ, аймақтың емес, ЕЛДІҢ мүддесін күйттеген жөн. Жалаң насихат пен уағыз арқылы болымсыз бір адамнан «киелі тұлға», «алтын адам», «қайсар батыр» жасап алып, соны пұт тұтып, айналшықтап табынып жүретін құлдық қауымшылдықтан, тозығы жеткен коллективтік санадан қашан арыламыз?! Ақиқатында, қазіргі заманғы саяси күрес тактикасы әлдеқашан өзгеріп кетті. Саяси күрес жолындағы әрбір азаматты тұлға деп тануымыз қажет. ТҰЛҒА біреу емес, қайта мың-миллион болса ғана, қазіргідей аяқ басқан сайынғы қателікке ұрынбаймыз, тездетіп жеңіске жетуге даңғыл жол ашылады.

Кейбір «киелі тұлғалар» оппозиция лидерлерінің басын біріктіріп, тұтас майдан шебін құру туралы даңғаза бастама көтеріп жүр. Рас, бірлік бар жерде тірлік бар. Жеңістің кілті – бірлікте. Бірақ біздің жағдайымызда бірлік әзірге мүмкін емес. Себебі, өздері қолдан жасап алған «киелі тұлғаның» айналасындағы рушылдық пен аймақшылдық сезімі жетегінде кеткен тобыр басқалармен ұлттық деңгейде бірігуге ешқашан жол бермейді. Әрқайсысы өздерінің пұтын айналшықтап қызықтап жүре беруге мүдделі. Ащы болса да, айтайын, шындық - осындай. Қауымшылдықтан арылып, мың-миллион ТҰЛҒА пайда болғанда ғана халықты бір идеяға біріктіріп, бір шаруға жұмылдыруға болады.

Рушыл тобырлық сананың асқынғанын бүгінгі жағдайдан тағы көріп отырмыз. Атыраулық белсенді Макс Боқаев мәлімдемесі сын тезіне шыдас бермейтін болса да, оны ессіз қолдап, нағыз стратегке балап жатыр. Мысалы, Боқаевтың бүгінгі мәлімдемесіндегі жаңа Конституция қабылдау жөніндегі ұсыныс-талабы орынсыз, қате ой.

Біріншіден, Конституцияны өзгеру идеясын алғаш болып көтерген – Назарбаев, және ол оның бірнеше этапын жүзеге асырды. Қазіргі режимің күнін созу үшін тағы да конституциялық өзгеріс жасауға Тоқаев та бейіл отыр. Сонда қалай болғаны, Боқаев режимнің «диірменіне су құймақшы» ма? Ақиқатында,1993 жылғы, принципшіл Серікболсын Әбділдин тұсындағы қабылданған Конституцияға қайтып оралу қажет. Сол Конституция билік тармақтарның өзара теңгерімін де, бақылау функциясын да жүзеге асырған заңдық құжат болатын.

Макс Боқаев мәлімдемесінде айтылған «ұлтық ымыра», «ұлттық диалог» идеясы да жаңалық емес. Билік «ұлттық диалаог» идеясының неше түрін ойлап тауып, оны жүзеге асырып жатыр емес пе?! «Қазақстан халықтар ассамблеясын» айтпағанның өзінде, облыстық деңгейдегі «қоғамдық кеңестер» мен республикалық «ұлттық кеңестер» құрылды. Тіпті, ҚР Президенті жанынан құрылған ұлттық кеңес күні бүгін жұмысын жалғастырып жатыр. Сол кеңестерден пайда болды ма, саяси-экономикалық-әлеуметтік реформалар жасауға, қоғамның жаңғыруына көмектесті ме??? Әрине жоқ. Боқаев мәлімдеме жасамас бұрын осы сұраққа жауап іздеп, аздап ойланып алу керек еді. Әлде, бұл оның өзін пұт санайтын көзсіз тобырда бір мәрте қоздырып, «қолдаймыз, қолдаймыз» деп шуылдату үшін, хайп үшін айта салған сөзі ме?!

Макс Боқаевтың ең басты қателігін айтсам, рушыл тобыр мені айыптап тағы да шуылдайды. Бірақ, мен де, олар да шындықтан ешқашан қашып құтыла алмайды. Макс Боқаевтың президент Тоқаевқа талап қойып, «ұлттық диалогты» Атырауға келіп өткізу жөніндегі ұсынысы тіпті орынсыз. Егер тұтас бір елдің мәселесін талқылайтын диалогқа «ұлттық» статус берілсе, ол шара мемлекет астанасы "Астана(Нұр-Сұлтан)" қаласында немесе қоғамдық ұйымдар шоғырланған Алматыда емес, неге қиырдағы Атырауда өткізілуі тиіс?! Боқаевтың бұл сөзіне қандай саяси баға береміз? Бұл саяси бастама рушыл трайбализмнің және аймақтық сепаратизмнің ішкі тербелесінен туындап жатыр ма? Әлде, Макс Боқаевтың «аңдамай сөйлеп, ауырмай өлетін» кезекті «саяси авариясы» ма? Қалай десек те, бұл - жақсылықтың нышаны емес.

 

Демос ҚБ төрағасы
Құсайынов Тұрарбек,

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер