Тоқаев: Әркімнің көрпені өзіне тартуы – үлкен қателік

2866
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Президенті Бас прокуратураның басшылық құрамымен кеңес өткізді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Жиын барысында мемлекет басшысы құқық қорғау құрылымдарының іс-қимылдарын үйлестіруді жолға қоюды тапсырды.

– Өкілеттіліктерді бір-бірінен алу, әркімнің көрпені өзіне тартуы – үлкен қателік. Ешкімнің өз құзыретінен айрылғысы келмейтіні түсінікті. Бірақ мәселенің төркінінде жеке амбициялар мен мекеменің мүдделері емес, барша қоғам мен мемлекеттің мүддесі тұруы тиіс. Осыған байланысты Үйлестіру кеңесінің қызметін қайта жасақтау қажет. Оның міндеті ішкі істер органдарындағы, қаржы мониторингі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметіндегі реформаларды үйлестіру, барлық құқық қорғау жүйесінің қызметін жақсартудың жаңа тәсілдерін іздестіру, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ ол прокуратураның заң үстемдігін қамтамасыз етуде және қылмыспен күресте айрықша рөл атқаратынын атап өтті. Мемлекет басшысы пандемия кезінде елімізде қылмыстық іс-әрекеттердің 30 пайызға азайғанын айтып, құқық қорғау жүйесінің жұмысын оң бағалады. Сонымен қатар Президент халықтың сенімі мен азаматтардың берген бағасы басты өлшем екеніне тоқталып, осы саладағы реформалар қарқынды жүргізіле беретінін айтты.

– Алдағы реформалар кезінде прокуратура органдарының орны ерекше болады. Бүгінде қылмыстық процестің үш буынды моделі енгізілуде. Соның арқасында бір айдың ішінде 692 адамды қылмыстық қудалаудан арашалап қалдық. Бірақ мұнымен шектелуге болмайды. Негізгі процессуалдық шешімдердің барлығы прокурорлық сүзгіден өтуге тиіс. Бұл – өте маңызды мәселе. Бір де бір заң бұзу дерегі прокурор назарынан тыс қалмауы қажет, – деді ол.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер