«Еден жуушыны да жұмысқа парамен қабылдайтын бірден-бір облыс» (елбасының қайбір жылы облыс басшысы Ж.Түймебаевқа айтқан сөзі) – Түркістанда соңғы жылдары мектепке маман қабылдау «Ситсен» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылып келеді.
Оның басты мақсаты айтпаса да түсінікті – білім саласын әбден дендеп алған парақорлықтың жолын кесу, ұстаздық қызметке өз ісін жақсы білетін, нағыз кәсіби мамандарды іріктеу. Алайда қағаздағы керемет дүниелер шынайы өмірде әдемі орындалмайтын сияқты. Бұған облыс көлемінде парамен ұсталған мектеп директорларына, балабақша меңгерушілеріне шығарылған сот үкімдері дәлел бола алады. Ал оның ар жағында біз білмейтін мәліметтер тіптен көп көрінеді.
Жуырда «Жас Алаштың» Түркістан облысындағы қосынына Жетісай ауданы Қоғалы елді мекенінің тұрғыны Өмірбек Нұрахов деген азамат хабарласты. Ол он жылдан бері мұғалімдік дипломы бар келіншегін мектепке жұмысқа тұрғыза алмай келе жатқанына шағымданды. Себебі мектеп мұғалімі болу үшін пара беру керек. Ақша бермесең, мектеп директорлары түрлі сылтаулармен алдыңа кедергілер қояды.
– 2012 жылдары біз жақта мұғалім болудың құны 500 мың теңге еді. Қазір енді 1 миллион 200-300 мың теңгеге шықты. Бірақ бұрыннан қалыптасқан дәстүр бойынша ешкім директорға пара бергенін айтпайды, – деген арызданушы мұншама ақшаны беруге жағдайының келмей жүргенін, өзі де, жұбайы да жұмыссыз екенін, отбасын балалардың жәрдемақысымен асырап отырғанын мәлім етті.
Өмірбектің жұбайы Салтанат Болғанбаева Жетісайдағы колледжді қазақ тілі және әдебиеті, бұдан кейін Шымкенттегі университетті бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Алғашқыда ауылдағы жекеменшік балабақшада жұмыс істеп, 25 мың теңге жалақы алып жүріпті. Тәрбиешілікке қарағанда мұғалімнің айлығы көптеу. Алайда ауылдағы мектепте бастауыш сынып мұғалімдігіне орын табылмаған. Мектеп директорының жұбайы зейнеткерлікке шығуы тиіс екен. Алайда күйеуі оның келісімшартын ұзартып берген. Осыдан кейін Өмірбек Нұрахов ары-бері арыздана бастайды. Ақыр аяғында аудандық білім бөлімінің талабымен директор әйелін зейнеткерлікке жіберіп, бос орынды «Ситсен» порталына қоюға мәжбүр болған.
Алғашқыда тест тапсыруға үш үміткер қатысқан. Үшеуі де өтпеген. Салтанаттың айтуынша, себебі ешкім ақша бермеген, ешкіммен келісім жасамаған.
– Екінші тестіге де артымдағы отбасымның, туған-туыстарымның сенімін арқалап кіргеніммен, тағы да құладым. Төрт ай бойғы дайындығым ақталмады. Бар-жоғы бір балл жетпеді. Бір қызығы, тест кезінде көп нәрсе құпия күйінде қалады екен. Қай сұраққа дұрыс жауаптың берілмегені көрсетілмейді. Көкейімде көп нәрсе күмәнді болып қалды, – деді Салтанат.
Онымен бірге екінші тестіге ауылдағы бір келіншек қатысып, өтіп кеткен. Артынша бос тұрған орынды иеленген. Ол азаматшаның күйеуі осы мектепте мұғалім болып жұмыс істесе, жездесі көрші ауылдағы білім ұясының директоры көрінеді. С.Болғанбаева оның жұмысқа «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер арқылы тұруы мүмкін деген күдігін жасырған жоқ.
– Күйеуімнің директордың үстінен арыздануы да бізге кедергі болып тиді. Олар мені әдейі құлатып жіберді. Ал «келісім» жасағандарға сұрақтар алдын ала беріліп қояды деген әңгімелер бар. Жетісайда мектепке ақшасыз кіру мүмкін емес. Осындай жолмен мұғалім болған группаластарым мен сыныптастарымның айтуынша, қазіргі ставка 1 миллион 300 мың теңгені құрайды. Бірақ ешкім мұны ашық айта алмайды. Кейбіреулер тестіден құласа да, мұғалім болып істеп жүр. Бір танысым әуелі жұмысқа тұрып алды, содан кейін тест тапсырды. Алтыншы мәрте дегенде әрең өтті, – дейді С.Болғанбаева.
Жетісай аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Тұрсын Мырзалиев арызданушы келтірген фактілермен келіскен жоқ. Оның айтуынша, жаңа жүйе парақорлыққа жол бермейді.
– Алдымен үміткер тест тапсырады, сұрақтар онлайн келеді. Тест тапсыру аяқталған соң, нәтижесі бірден шығарылады. 70 пайыздан жоғары жауап бергендер әңгімелесуге жіберіледі. Салтанат Болғанбаева бізге де арызданған. Ол тестіге кірген, бірақ өте алмаған. Енді оған мен көмек бере алмаймын. Көмек берсем, сыбайлас жемқорлық болып табылады, – деді Жетісайдың бас мұғалімі.
Бөлім басшысы тест сұрақтарының өте қиын екенін жоққа шығарған жоқ. Мәселен, соңғы уақытта тестілеуге аудан бойынша 200 адам қатысса, солардың тек 11-12-сі ғана өткен. Бөлім басшысы «бір үміткер тестіні алты мәрте тапсырды» деген сұраққа да жауап берді. Оның айтуынша, егер сабақ беретін өзге мұғалім табылмаса, директордың үміткерді уақытша жұмысқа қабылдауына болады екен. Яғни бұл мектепке маман қабылдауда «Ситсен» жүйесін айналып өтетін, кейбіреулерге артықшылықтар беретін мүмкіндіктер бар деген сөз.
Ал бас мұғалім «мектепке мұғалім болып кірудің құны – 1 миллион 200-300 мың теңге» деген сөзбен үзілді-кесілді келіспейтінін білдірді. Ал бұған жетісайлық оқырмандар, ұстаздардың өздері не айтады? Түркістанда мұғалімдерді жұмысқа қабылдаудың жаңа жүйесі сыбайластықты жоя алды ма? Жоқ әлде ол жай ғана көзбояушылық па?
Дереккөз: «Жас Алаш»
Фото ашық дереккөзден алынды.