Жала жабылған білім қызметкері әділдік іздеп Астанаға келді

1006
Adyrna.kz Telegram
Фото:Qaz365.kz
Фото:Qaz365.kz

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының білім бөлімінде еңбек еткен Зарима Қожмамбетова Астанаға келіп, әділдік іздеп жүр. Басқармада бас маман болған оның үстінен іс қозғалып, сот үкімімен оған 1,5 млн теңге айыппұл салынған, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.

Зарима Астанаға бір бума құжаттарымен келген. Өзі жалғызбасты ана. Былтыр әкесі қайтыс болған кезде ұстаздар қауымынан бата ретінде Каспи голд нөміріне 40 мың теңге түскен. Зарима соны желеу етіп, ұстаздарды ұйымдастырып, өзіне жала жабылды деп есептейді.

- 25 қыркүйек күні мені жұмыстан жаламен шығарып жіберді. Мұнда келген себебім – жұмысқа қайта тұруым керек. Мен Еңбекшіқазақ ауданының Білім бөлімінде осы уақытқа дейінгі болып жатқан қылмыстардың бәрін алып келдім. Соның бәрін көрсетемін. Қазірге дейін Білім бөлімінде әртүрлі құйтырқы істер жүріп жатыр. Атап айта аламын. Облыс әкімі Алматы облысының әкімі облыстың Білім басқармасының басшысын қолдап отыр деп ойлаймын. Өйткені Салтанат Беспаева (басқарма басшысы) келіп, жиналыс ашқан сайын «әкім екеуміз бір өңірде өсіп, бір мектепте оқығанбыз, ол кісі мені қолдайды» деп, қоқан-лоқысын ұстаздарға көрсетіп жатады. Осы күнге дейін қылмыстарын айтқаным үшін маған жала жабылып отыр – дейді ол.

Зарима Қожмамбетоваға сот шешімі бойынша 1,5 млн теңге айыппұл салынған. Оның айтуынша НОБД-да (ұстаздар базасы) жоқ М.Мұқатай деген ұстаз да оған қарсы арыз берген.

- Ол жерде тіркелмесе, маған қарсы арызды ол қалай жазып кетті? Еңбекшіқазақ аудандық сотына мүлде түсініктемесі жоқ адам келді. Түсініктеме одан алынбаған. Шешімде сол адамның есімі жазылып тұр. Мені сол М.Мұқатай деген адам ойландырады. 6 адам арыз жазды дейді. Алты адамның төртеуі «Зарима бірде-бір рет бізден ақша бопсалады, сұрады» деп айтқан жоқ. Сотта оны өздері мойындады», – дейді Зарима.

Сот үкімі Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Есік қаласында орналасқан №2 сотында шыққан. Сот қаулысында Зарима Қожмамбетова 6 қарашада бір мектептегі тәрбиеші, мұғалімдер мен психологтардан, атап айтқанда 6 700 теңгеден, жалпы 40 000 теңге «заңсыз материалдық сыйақыны өзіне тиесілі «Kaspi.kz» қосымшасы арқылы «тексеру барысында аталған мектепте орын алған кемшіліктерді анықтамада көрсетпеуі үшін алған» деп жазылған. Алайда бұл айыппен Зарима келіспейді.

Зарима Қожмамбетованың әкесі ауыр дерттен көз жұмған. Зариманың әріптестері, аудандық тәрбие мамандары қайтыс болған адамның үйіне келіп, көңіл айтумен қатар «аз да болса көмек болсын» деп, 3000-5000 теңге арасында қаражаттарды Зариманың картасына аударады. Бірақ бата жасамаған бір топ мұғалім Антикорға «арызданған».

Зарима Антикордың облыстағы өкілінен танысу үшін іс-материалдарын ала алмағанын айтып шағымданды. Судья Айнұр Сұлтанова Заримаға «сізді жұмыстан шығармайды» дегенімен 24 қыркүйекте жұмыстан шығарған. Енді қайтадан жұмысқа орналасу үшін Зарима Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевпен кездесіп, соның алдында мәселе көтергісі келеді.

Пікірлер