Өзгеріс оңайлықпен келмейді

1920
Adyrna.kz Telegram

Қоғамдық көлік жүргізушілері тып-тыныш жұмыс істеп жүрген. Бірақ халықтың қоғамдық көлік жүйесіне көңілі толмайтын. Автобустар аз, жарысып жүреді, қала шетіндегілері ескі, тағысын тағылар.

Дамуға қаржы керек. Ал қоғамдық көлік саласы шылқыған шығын. Бір өзгерістің керегі анық еді. Өзгеріс келді. Tolem жүйесі енді. Енді қоғамдық көліктерге күнделікті қанша қаржы түсетіні айдан анық.

Бірақ валидаторлар бірінен соң бірі істен шыға бастады. Көлік компанияларының басшыларына талай ескертілді. Болмаған соң, қатаң келіссөзге көшуге тура келді. Әкім 1 ақпаннан бастап, жүйе істен шықса, халықты тегін таситындарын айтты.

Жүргізушілерге манёврға орын қалмады. Shymkent Bus-тың жүргізушілері жұмысқа шықпай қалды. Оқушылар сабаққа, адамдар жұмысқа кешікті, науқастар емханаларға жете алмады. Неге?

Жүргізушілер еңбек ақының өсуін талап етеді. Дұрыс қой, бірақ неге бұрын талап етпеген? Таңменен әкімнің өзі барып, халыққа адал қызмет етуге шақырды. Жалақыны өсірудің екі жолы бар. Біріншісі жол ақысын көтересің, бірақ халықтың қалтасы қағылады. Екіншісі қоғамдық көлік жүйесін көлеңкеден шығарасың, бірақ жүргізушілер тулап шығады.

Қайсысы тиімді? Түсетін қаржы айқын болса, компания басшылары жалақыны неге көтермеске? Көтереді. Өзгеріс оңайлықпен келмейді. Көлік жүйесі өзгерсін десек, алдымен жүргізушілердің өздеріне өзгеруге тура келеді.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары

Шыңғыс МҰҚАН.

Пікірлер