Мәжіліс отырысында депутат Берік Дүйсенбинов орыс тілінде баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Әсет Ирғалиевқа ескерту жасады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Құрметті Әсет Арманұлы! Бүгін алғашқы рет 30 жылдық тәуелсіздігі бар мемлекеттің Мәжілісіне келіп тұрсыз. Сіз қазақша қойылған сұрақтардың барлығына ешқандай рұқсат сұрамай, сырғып, орыс тіліне қарай ауысып кеттіңіз. Өзіңіздің жасыңызға қарамай, 18 миллион халықтың ішінен министр болған екенсіз.. Сізді тәуелсіздіктің құрдасы деп санаймын. Жасыңыз да осы тәуелсіздікпен шамалас шығар. Өз ана тіліңізде жауап бермегеніңізді ұят деп санаймын. Сізге ескерту: келесі отырыста қазақ тілінде қойылған сұраққа ана тіліңде жауап берсеңіз. Рақмет»,-деді ол.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин депутаттың пікірін қолдады.
Айта кетейік, Әсет Ирғалиев - еліміздегі ең жас министр. Ол 1986 жылы 18 маусымда Қостанай облысында дүниеге келген.
«Адырна» ұлттық порталы