Қарағанды Ресейдің провинциясы ма?

4654
Adyrna.kz Telegram

Елімізде ақпарат қауіпсіздігі сақталмай отыр. Оған күнделікті көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүрген «тележәшіктегі» көріністер куә.

Басты «Отау тв» отандық сандық ақпарат таратушы және басқа да кабельді операторлары көбінесе Ресей арналарын көрермен назарына ұсынудан жалықпай келеді. Бұл қалыпты тенденцияға айналды. Көрші мемлекеттің жаңалықтарын көпшілік қауымға жеткізе отыра, өзге елдің сананы улайтын теріс саясатын бізге насихаттауда. Әсіресе «Ресей 24» ай-күннің аманында тікелей эфирде әсіреұлтшыл Владимир Жириновскийдің Қазақстанның кейбір облысын Ресейге қосып алу тұрғысындағы, мемлекетіміздің тұтастығына нұқсан келтіретін дакпырт мәлімдемелерін таратып, ел ішінде ұлтаралық наразылықты туғызуға әсер етуде. Оған Владимир Соловьевтің қазақстан туралы шовинистік пиғылдағы сөздерін қосып қойыныз. Әрине, соны көріп естіген өзге ұлт азаматтарының елімізге деген «өзгеше ойының» пайда болатыны шындық.

Аталған жайттардан Қарағанды қаласы да қалыс қалмай келеді. Мәселен, осындағы жекеменшік «5 арна» 15 жылдан астам уақыт аймағымызға «Ресей 1» телеарнасына ретрансляция жасап келеді. Күн ұзақ орысша концерт, ток шоулар, ойын сауық бағдарламаларын үзбей көрсетуде. Ең өкініштісі сол, арнаның әр жұмыс күні кешке прайм-тайм уақытында ресейлік «Вести» жаңалықтарын беріп отыратыны көңілге кірбің  ұялатады. Ол аз болғандай, әр аптаның соңында «Вести недели» апталық қорытынды сараптамалық бағдарламасы көрермен қауымға жол тартуда. Осыдан 1-2 жыл бұрын Донбасс сепаратистерінің Украинаға қарсы соғысқа шақырған хабары шығып, бесінші арна басы үлкен дауға қалып, жергілікті көрермен наразылығын туғызған еді.

Сонда не, көрші елдің хабарын таң атқаннан қас қарайғанша көретіндей, Қарағанды Ресейдің провинциясы ма?

Аталған жайттарды көре-біле тұра, өңіріміздің ақпарат саласына жауапты басшылары, Қарағанды облысы әкімінің идеологияға жауапты орынбасары Абзал Нүкен, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын мырзалар қайда қарап отыр? Бұл олардың жұмысына үлкен сын. Атам қазақ айтады «сын түзелмей, мін түзелмейді» деп. Ең бастысы, әрқайсымыз өз елімізде өмір сүріп жүргенімізді сезінсек болды әлеумет.

Дархан УӘЛИЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Пікірлер