Қазақтың ақын қызы, қолы шипалы дәрігер Мағиза Құнапияқызы Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының иегері атанды. Мағиза ханымға «Адырна» ақпараттық агенттігі шығармашылық табыстар тілейді. Ендеше ақынның өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз.
БАЛ ҚАДИША
"Дегенде Балқадиша,Балқадиша,
Есілді бойлай біткен тал,Қадиша".
"Еркем"деп екі жеңгең ертіп жүрер,
Қадірің Хан қызындай бар,Қадиша.
Ақ сүйрік саусақтарың үлбіреген,
Майысқан әр қимылың бір- бір өлең.
Көрген жан келбетіңнен көзін алмай,
Бозбала дей алмайтын "ділгір емен".
Қадиша!
Дидары- жаз,көзі-көктем.
Түскен бір пері дерсің өзі көктен.
Үзілтіп таңға дейін ән салғанда,
Ақанның қолы жетпей,сөзі жеткен.
Тең едің көп ішінен, санаулыға.
Қойды ма қырық жігіт қарауылға?
Уақытты шегеруге мүмкін болса,
Барар ем сол дәуірге ,сол ауылға!
"Қызы едің Ыбекеңнің Балқадиша"...
Мұңымыз саған айтар бар,Қадиша:
Құлатпай, қолтықтайтын қос жеңге жоқ,
Біз жүрген жолдың шеті жар, Қадиша!
Кейбіреу өзі құлар жар дегенге.
Қадиша қалар ма едің,"қал"дегенде?
Сері Ақан айналғандай мұзарт шыңға,
"Рұқсат бізден сізге,бар"дегенде!
"Ауылың қонды екен" деп "қайдан жырақ?"
Қайтты екен,қанша жігіт тойдан жылап?
Тұрғылас күйеуіңді "шал еді"деп,
Пысықтар сөз қыстырған ойдан құрап.
Өзіне ұқсатыпты дала-сері,
Төгілген ән мен жыр бол нала,шері.
Даланың,Ақан деген-төл перзенті,
Қазақтың онан кейін, баласы еді.
Шапқанда желден озар Құлагері,
Бүркіті бұлт үстінде құмар еді.
Ғаламның мың нотасын ән ғып өрген,
Байырғы бекзат күннің мұрагері.
Әнменен қандай ғажап сырды ақтарған,
Жүрегің әуеніне құндақталған.
Жүйкеміз жүнжіп бітті бұл күндері,
Ойсыз сөз, осқырынған ырғақтардан....
Қадиша!
Ұрпақтарың жүр ме еліңде?
Белгің қап,дауысы мен жүздерінде?
Ер салар арғымаққа күн болар ма,
Бауырын Жыландының бір көруге?!!
ҒАНИБЕТ
Қара түнге қадалғаным- ғанибет.
Айна алдында таранғаным-ғанибет.
Бірде ойға,бірде мұңға батырып,
Сүю үшін жаралғаным- ғанибет.
Қас-қағым сәт,бақыт құшқан- мәңгі шақ.
Өзгермейтін,өтпейтұғын мәнді шақ.
Көз алдымнан кетпей қойған көлбеңдеп,
Құлағымда тұнып қалған ән құсап.
Зорға жылы тіл қатқаным- ғанибет.
Тәтті ұйқыңды ұрлатқаның- ғанибет.
Өкінбеші,сені ойлап жүргенде,
Ай,жылдарым қолды болған зар илеп!
Қанат бітіп,шарқ ұрғаным- ғанибет,
Төзім бітіп,сарқылғаным- ғанибет.
Жасыруға әлім жетпей сезімді,
Жалыныңа шарпылғаным- ғанибет.
Біз бақыттан қалғиықшы қалғысақ.
Ғашықтардың құдайынан алғыс ап.
Қуаныштан есі шыққан жел құсап,
Бір-ақ түнде бүрлей салған тал құсап!
Сынай, сынай,сынақтарым сиреген.
Елесің кеп бар еркімді билеген.
Жан мен тәнді орап алған от сезім,
Түн реңді бұрым қалды күймеген!
ҚИЯ АЛМАЙ....
Қия алмай зорға қаласың дағы,
Аласың көзден мұң ұрлап.
Екі кездесу арасындағы,
Үзіліс неге тым ұзақ?
Екі кездесу арасындағы,
Болмайды бостық тым тыныш.
Қызғаныш,күдік,өкпе,реніш,
Сағыныш,алаң,күрсініс.
Жаңбырдың жыры,орманның биі,
Боранның күйі- ұққаным.
Қалыпқа ойым сыймағанменен,
Қалыптан бірақ шықпадым.
Талдырды мұңым,талшық етіп ем,
Өткен күндердің елесін.
Басқалар неткен бақытты еді,
Өзіңді күнде көретін.
Сұқ саусақтарым мүйізгек болды,,
Есігін қағып бақыттың.
Жолықпай мүмкін кетерміз біздер,
Қанжығасында уақыттың...
ЖАСЫРАМЫН СӨЗІМДІ
Болсам ба екен жаныңның құрбандығы,
Көркін ашып бағыңның тұрған гүлі.
Саған айтқан сөздерім жазған жырым,
Айтылмаған сөзімнің мыңнан бірі.
Ұмытам деп өзімді әуре етіппін,
Көргеніме аман-сау,тәубе етіппін.
Мына өмірге мені іздеп келгеніңмен,
Адастың-ау, қайтейін, сәл кешіктің...
Жаным қылдай болады «кетем» десең,
Кетерің бар кездестің бекерге сен.
Сенеді екем сен түнді «күндіз»десең,
Нанады екем өмірді «шекер» десең!
Осы екен ғой бір болар той дегенің!
(Өңім бірдей түсіммен кейде менің).
Не айтқаның маңызды емес, бірақ,
Маған қарап керегі сөйлегенің.
Қажеті жоқ, ешкімді шақырмағын,
Тыңдамаймын, біреудің ақылдарын...
Мына әлемнің елеусіз нүктесінде,
Керегі тек жанымда отырғаның.
Жаралғансың сезіммен тербетуге,
Қозғамашы!
Құлқым жоқ ержетуге...
Жасырамын сөзімді естір болсаң,
Бір өзгеріс болардай жер бетінде!
СЕН КЕЛЕСІҢ
Сансырайсың, құр босқа сенделесің,
Өткен күннің қумаймын енді елесін.
Ақбоз аттың жалынан жел естіріп,
Шығыс жақтан, бір күні сен келесің!
Сен келесің түбіңде, жоқ таласым,
Қарып түсер талайды, от қарасың.
Құбыланы бетке алып шыққанменен,
Біздің тұсқа келгенде.
Тоқталасың!
Ат бас шұлғып,ал иттер ырылдасып...
«Құт келді» деп жұрт көшпен, ырымдасып.
Айран алып шығамын, сол күн алдан,
Қолдарымды азырақ діріл басып...
Тасқа біткен, қына мен арша деймін,
Аршаны айтып, біреу ән салса деймін.
Ат үстінен айранды таусай салмай,
Түссе деймін, қасымда қалса деймін...
Тамшы ілініп, көз дейтін шар айнаға,
«Қош!»деймін бе, болмаса, сәл ойлана...
Жетем деген ауылың, жырақ болса,
Жолың болсын!
Артыңа қарайлама!