Одақтың айтағына ерудің қажеті жоқ

2913
Adyrna.kz Telegram

Жаңа бір соғыс ошағын жаққысы келген әлемдік ойыншылар Қазақстанды таңдаған секілді. Біздерге Ресейдің де, Түркия, Украйна, АҚШ пен Еуро одақтың да айтағына ерудің қажеті жоқ.

Бұған дейінгі Ауғаныстаннан басталып, араб елдері мен Украйна, Грузия, кешегі Кавказдан кейін, үлкен соғыс ошағына Қазақстан таптырмас орталық екені де даусыз. Қазақстанда дүрбелең тудыра алса, мұсылманшылық пен түркілікті, орыс пен қытайды, түріктер арқылы НАТО-ны да араластыра отырып ұзаққа созылатын үлкен бір соғыс ошағын тұтандырып, қалағанша үрлеп отыруға таптырмас алаң болмақ.

Ондай мақсаттарына жете алса, Қазақстанның елдігінен айрылып қалу қауіпі өте жоғары. Бізге ешкімнің "жылы сөздеріне де", бауырмалдықтарына да иланып, біреудің провокациясына да ерудің қажеті жоқ. Түбінде сорлайтын өзіміз. Ешкімнің ештеңесі кетпейді.

Өзгелер өздерінің иықтіресіп, күш сынасатын жерлерін басқа жақтан іздесін!

Дәл қазір АҚШ пен Еуропа үшін Ресей мен Қытайдың ортасында от жағып, НАТО-ның қолшоқпары болып отырған Туркияны сол соғысқа араластыра алса, онда АҚШ пен Еуроодақтың "өз бәсекелестерін әлсірету арқылы дербес үстемдікке жету" деген басты мақсаттары орындалмақ.

Бұл текетіресте әлгі алпауттардың экономикалық және саяси стратегиялық текетіресте дербес үстемдікке жетуі, олар үшін біздің жерімізден де, қазба байлығымыздан да жоғары тұрады. Өзгелер біздің байлығымызға, жерімізге қызығып жатыр деген қиалдан арылуымыз керек. Дәл қазіргі басталуы мүмкін болып тұрған ойында, біздің жеріміз де, байлығымыз да ешкімге маңызды болып тұрған жоқ.

Дәл қазір сыртқы күштер біздің мемлекетіміздің тағдырын бәске қойып жатқан ойында, біздерге оппозиция мен билік болып бөлінуге болмайды. Бұл біздің ішкі интригамыз. Мемлекетіміздің тұтастығы мен мүддесі барлық ішкі алауыздығымыздан жоғары тұруы керек!

Осы күнге дейінгі жүріп өткен жолымызды қазбалап, өзара ырылдасатын кезеңде емеспіз. Өткен іс --- тарих. Оны енді ешкім өзгерте алмайды. Болары болды.

Енді, өткенді ұмыта тұрып, қазақтың мемлекеттік мүдде үшін бірігетін кезі келді.

Біздер бүгін қателік жасап шалыс бассақ, оның бағасы қайта орнына келместей тым ауыр болуы мүмкін.

Сондықтан, эмоцияларымызды ысырып қойып, біреулердің айтағы мен провокациясына еріп ұрандата жөнелуді доғарып, салқын қандылықпен айналамызды бағамдауымыз керек.

Қытайдың "Ештеңе шешуге шамаң келмей, ештеңенің байыбына бара алмасаң, өзеннің жағасында отырып өз жауларыңның(бәсекелестердің) өлігінің өзеннен ағып өткенін күт" деген ең ұлы ұстанымы бар. Дәл қазір бізге қытайдың осы ұстанымын ұсынамын.

Күш сынасқысы келетіндер, күштерін өзге жерге барып сынасын.

Рүстем ӘШЕТАЕВ,

Facebook парақшасынан алынды.

Пікірлер