“Ауыл” партиясы қолөнер шеберлерімен кездесті

2331
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының тізімімен ҚР Парламенті Мәжілісіне ұсынылған кандидаттар Б.Толеген, А.Көкеева, Нұр-Сұлтан қаласы маслихатына үміткерлер Ф. Энгишев пен А.Елубаева Қолөнер шеберлерімен кездесті.

Кездесуге отандық қолөнер шеберлері қатысып «Ауыл» партиясы кандидаттарына өз өнімдерін көрсетті. Шеберлердің басым бөлігі қандастар.

«Ауыл» партиясының кандидатарымен кездесуге этно-дизайнер, Еуразия Дизайнерлер Одағының мүшесі, Қазақ Ұлттық дизайн академиясының академигі Қазипа Қалиқызы, Дүниежүзі Қазақтары Қауымдастығының Ақмола облысы филиалының басшысы, графикалық жарнама дизайнері Алтынгүл Мәденқызы қатысты.

«Ауыл» партиясының кандидаты Бахаргүл Төлегеннің айтуы бойынша қазіргі кезде қандастарға мемлекет тарапынан жеңілдетілген, кепілсіз несиелер қарастырылмаған. Жаңадан қоныс аударғандардың 90 пайызы әлеуметтік көмекке зәру, кепілдікке беретін мүлкі жоқ. Үкіметтен берілетін бірреттік жәрдемақы өте төмен және жеткіліксіз. Көші-қон квоталарын орнатудың тіпті керегі жоқ. Қандастар өздері қоныстанатын жерлерін өз еріктерімен таңдайтындай жағдай жасаған жөн. Азаматтық алу мәселесінде ешқандай шектеу де, мерзім де болмауы тиіс. Сонымен қатар, қандастардың жаңа әлеуметтік ортаға тез бейімделуіне және кірігуіне ықпалдасатын арнайы бағдарламалар жасау керек - деді Бахаргүл Төлеген.

Кездесу соңында «ауылдық» кандидаттар келушілерге партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын тәптіштеп түсіндіріп берді.

Сайлауға қатысатын саяси ұйымдардың ішінде қандастардың проблемасын өз сайлауалды бағдарламасына бөлек бағыт ретінде қосқан тек «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы.

Бахаргүл Төлеген - танымал топтамашы-этнограф, Қазақстандағы түркі халықтарында сирек кездесетін алтын және күміс бұйымдарының бірден-бір жеке мұражайының иегері болып табылады. Қазақ ұлттық кәдесыйларын жасап шығаратын «Әдемі-Ай» компаниясының президенті.

Әйгерім Көкеева – «Ауыл» партиясы жастар қанатының жетекшісі.

Пікірлер