Азаматтық қоғамның дамуы - мемлекеттің дамуы

2627
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз  Жолдауында «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпымемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», деген болатын. Президенттің осы сөзінен халық пен  биліктің ортақ мүдде шеңберінде бірлескен іс-қимылының маңыздылығын түсінеміз. Себебі,  азаматтық қоғамның белсенді болуы, әлеуметтік-экономикалық дамудың, демократиялық құндылықтардың ел игілігіне айналуының негізі болары анық. Бүгінгі заманның өлшемімен қарағанда азаматтық қоғамы дамымаған елдің, заман талабы мен уақыт сұранысына сай дамуы да қиын сыңайлы.

Жалпы, азаматтық қоғамның мықты болуы үшін, ата-ана баласына жастайынан жоғары азаматтық принциптерге сәйкес дұрыс тәрбие бергені жөн деп ойлаймын. Азаматтық қоғам мықты болса – мем­лекет әрқашан да мықты. Егер билік мық­ты болып, азаматтық сезім төмен бол­са, бұл елдің болашағы бұл­ыңғыр болатын секілді. Тиісінше қайратты, жігер­лі аза­мат­тық қоғам қалыптастыру – аза­мат­тық қауым­дастықтың басты миссиясы.

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақсы айтып жүр. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қалыптастырып, азаматтық қоғамды дамытуға жол салынбақ. Енді соны әрі қарай дамыта түскен орынды іс болмақ. Себебі, барлық дамыған, демократиялық мемлекеттер мұны әлдеқашан түсінген. Оларда қайратты азаматтық қоғам қалып­тасқан.

Азаматтық қоғам – демократия дамуының көрсеткіші. Бұл – халықтың қоғамдық-әлеуметтік, мәдени-рухани және саяси мәдениеті. Осы идея аясында бірлескен, құрылған қоғамдық ұйымдар – азаматтық қоғамның күре тамыры. Азаматтық қоғамның жұмысы кемелденген кезде барлығымыздың өміріміз мазмұнды деңгейге көтеріледі деген ойдамын.

Қазіргі таңда елімізде азаматтық қоғам қалыптасу үстінде. Дегенмен соңғы 5-10 жылдың ішінде еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың саны артты, қамтитын бағыттары кеңейді. Азаматтық қоғам институттарына үкіметтік емес ұйымдардан бөлек, саяси партиялар, еріктілер қозғалысы мен қайырымдылық қорлар да жатады. Кейінгі жылдары мемлекет тарапынан қоғамдық ұйымдардың дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Президент өз Жолдауында ел экономикасын дамытуды күшейту үшін саяси модернизация жасап, сол арқылы осы қоғамдық ұйымдарды және азаматтық секторды көбірек тарту қажеттілігін айтқан болатын. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан да тиісті іс-шаралар, арнайы тұжырымдамалар қабылдануда.

 

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтқан «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы да қоғаммен байланыстың маңызды екенін көрсетіп отыр. Бұл формуладан халықпен кері байланыстың маңызды екенін, азаматтармен кері байланыс арқылы олардың сеніміне ие болатынын көреміз. Әрбір мемлекет, оның ішінде атқарушы орган азаматтық қоғамды дамытуға мүдделі. Себебі, азаматтық қоғам – серіктес ретінде саналады. Әсіресе шешім қабылдау кезінде көптеген көзқарасты ұсынады. Ал серіктес ретінде шешімнің әрі қарай жүзеге асуына көмектеседі. Мемлекеттік органның барлығы белгілі бір мәселеге бірдей қарауы мүмкін, ал азаматтық қоғам институттары білім, медицина, әлеуметтік қорғау сияқты әртүрлі саладағы топтар болғандықтан жан-жақты көзқараста болады. Сонымен қатар, олар жергілікті мәселелерді жақсы біледі. Осылайша үкімет пен мемлекетке ақпаратты тез жеткізе алады. Атқарушы орган мұндай топтарды ақпаратты алу, ортақ шешім қабылдауға пайдалана лады.

Қорыта айтқанда, әлемде азамат­тық қоғамы дамыған елдер, алға қарай қадам басып, дамыған елдер. Себебі, азаматтарының көзқарасы мен пікірлеріне құлақ асатын билігі бар  азаматтық қоғам - ең жақсы қоғам.

 

Д.Арғынгелді,

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер