Сайлауға қатысатын партияларды қандай ортақ мақсат біріктіреді?

2269
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстанда 2021 жылдың 10-қаңтарында парламенттік сайлау өтетіні белгілі. Қазір барлық саяси партиялар қоғам маңыз беріп отырған  додаға қызу дайындалып жатыр. Жалпақ жұртқа партиялардың қанша кандидат ұсынғаны да белгілі болды. Сонымен қанша партия саяси додада бақтарын сынайды?

Атап айтар болсақ, «Nur Otan», «Ақжол», Қазақстанның халық партиясы, «Ауыл» және «Адал» партиялары. Ал тіркеуде бар алтыншы ЖСДП сайлауға қатысудан бас тартты.

Сонымен бес партия сайлауға қатысады. Бұл бүкілхалықтық сайлау екендігі сөзсіз. Халық өз таңдауын жасайды. Соған орай, яғни халықтың дауыс беруіне орай партиялар Мәжілістен орын алуға тырысады. Сондықтан да біз осы партиялардың қоғамдағы орнын және демократиялық дамытудағы орнын анықтау үшін партиялардың мақсат- мүддесін халыққа түсіндіруге тырысамыз.

Алдымен еліміздегі ең үлкен партия мәжілісте ғана емес, мемлекеттің дамуына зор үлесін қосып келе жатқан «Nur Otan» партиясы. 2021 жылы 10 қаңтарында өтетін сайлауға еліміздегі жетекші партия зор дайындықпен келгенін атап өтуіміз керек. Айта кететін бір жайт, «Nur Otan» өз съезінде елдің дамуына ықпал ететін бағдарлама қабылдады. «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!»  сайлауалды бағдарламасы халықтың көңілінен шықты. Аталған бағдарлама елдің жағдайын көтеріп, халықтың әлеуметтік-экономикалық қуатын арттыруға бағытталған.Жалпы еліміздегі билеуші партия Мәжіліс және мәслихат сайлауына зор дайындықпен келді. Сайлау алдында бірнеше кезеңнен тұратын праймериз өтті. Партияның 216 сайлауалды өңірлік бағдарламасы талқыланды. Оған жұртшылықтан 20 мыңнан астам ұсыныс түсті. Бұл ұсыныстардың толықтай ескерілді.

Партия съезінде Мәжіліс сайлауына 126 үміткер ұсынылды. Оның ішінде 77 үміткер праймериз қорытындысы бойынша өтсе, 49 кандидат партиялық квота бойынша ұсынылды. Айта кету керек, партияның праймеризіне 10 мыңнан астам адам қатысты. Бұл орасан зор көрсетікіш. Бұл жағдай еліміздің дамуы мен қоғамдағы жағдайдың кез келген азаматты қалыс қалдырмайтынын көрсететеді. Сайлау қарсаңында партия қатарына 42 мыңнан астам мүдделес азаматтар қосылды.

2016 жылғы парламенттік саяси додада сайлаушылардың 82,2 пайыз дауысын алған «Nur Otan» бұл жолы да үлкен басымдыққа ұмтылатыны сөзсіз.

Айта кету керек, Мәжілістен орын алуға үміткер болып отырған партиялардың бірі – «Ақ жол». «Ақ жол» өз съезінде кандидат ретінде 38 адамын ұсынды.  Партияның бағыттарының бірі ретінде олар  Алаш ардақтыларының жолын ұстанатынын мәлім етті. Партия сонымен қатар, коммунизм елесінен арылу жолдарын да сөз етті. Бұл да партияның бағыттарының бірі болмақ. 2016 жылы парламенттік сайлауда 7 мандат иеленген партия мүшелері бұл жолғы саяси додада да депутаттық мандаттан үмітті. Қанша дауыс немесе орын алады, оны 10 қаңтар күні  халықтың дауысы шешеді.

Сайлау алдында өздерінің атын өзгертіп, «коммунистік» сөзінен құтылған коммунистер қайтадан Қазақстан халықтық партиясы болып тіркелді. 2016 жылы болып өткен сайлауға қатысып, 7,14 дауыс алған коммунистердің Мәжілісте 7 мандатқа ие болғаны белгілі. Коммунизм елесінен мүлде арылып, енді әлеуметтік бағытты көтеретінін мәлім еткен халықтық партия шын мәнінде халықтық бола ала ма? Бұл енді халықтың таңдауына байланысты.

Бұған дейінгі парламенттік сайлауларда Мәжілістегі мандатқа қолы жетпеген «Ауыл» партиясы бұл саяси додаға барынша дайындықпен келген сияқты. Алдын ала таразыламай-ақ қояйық, бірақ қай партия болсын Мәжілістен орын алуға мүдделі. Өткен сайлаудың нәтижесі бойынша  2,01 пайыз ғана дауыс алып, межелі көрсеткішке жете алмаған «ауылдықтар» бұл жолы ауылдың инфрақұрылымын дамытуға мүдделіміз» деп отыр. 300 мыңға жуық мүшесі бар «Ауыл» партиясы бұл жолы 19 адамын кандидаттыққа ұсынды. Тек Сенатта ғана бір мүшесі бар, «Ауыл» партиясы енді мәжілістен орын алуға таласатыны сөзсіз.

Осыдан бірнеше апта бұрын атын өзгертіп, «Адал» атанған бұрынғы «Бірлік» партиясы осы жолғы сайлауда бірлігін, ұйымшылдығын көрсете ала ма, жоқ па, мұның бәрі олардың сайлау барысындағы ұйымдастыру шеберлігін көрсетуіне байланысты. «Адал» партиясы бұл жолы жаңа азамттармен толықты, олардың ішінде кәсіпкерлер, танымал журналистер мен белгілі кәсіпкер азаматтар бар. «Адал» саяси партиясы агронеркісіп кешені мен азық-түлік қауіпсіздігін және кәсіпкерлікті, сонымен қатар,күнкөріс минимумның өлшемін қайта қарастыруды көздеп отыр.  Парламентке 20 үміткерін ұсынып отырған «Адал» партиясы медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру туралы заң жобасын қабылдау қажеттігін айтып отыр.

Расы керек, бұл жолғы Мәжіліс сайлауының айрықша ерекшелігі болайын деп тұр.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттары сайлауын тағайындау туралы үндеуінде Мәжілісте парламенттік оппозиция институты құрылатынын мәлімдеді. Енді осыған орай Мәжілістің тұрақты комитетінің бір төрағасы мен екі хатшысы парламенттік оппозиция депутаттарынан сайланады. Сонымен қатар оппозиция бір рет парламенттік тыңдау өткізу құқын иеленеді. Бұл жолғы мәжіліс сайлауының тағы бір артықшылығы, депутаттыққа ұсынылатын партиялық тізімде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота бар. Бұл әрине еліміздегі парламентаризм институтын дамытуға көп септігін тигізеді. Екіншіден, жастар еліміздегі ең үлкен пікірталас алаңы Мәжіліс мінберінде сөйлеу мүмкіндігіне ие болады. Халықтық мәселелерді көтереді. Үкіметке депутаттық сауал жасау арқылы түйінді проблемалардың тезірек шешілуіне ықпалын тигізеді. Сондықтан да партиялардың парламенттен орын алуға ұмтылысын қуана құптау керек. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай, партиядан сайланған депутаттар халық пен билік арасын жалғайтын алтын көпір. Елдің мүддесін билікке, үкіметке тікелей және жедел жеткізеді. Сондықтан да биліктің қайнар көзі халық болса, ал билік бұқараның жайын күйттеп, мемлекеттің дамуын жоғары деңгейде көтереді. Ал партия қатарынан үміткер ретінде ұсынылып, Мәжіліске келген халық қалаулыларының бәрі де ортақ мақсатта жұмыс істейді. Ол – халықтың әл-ауқатының жақсаруы. Негізі еліміздегі партиялардың да бағыты әртүрлі болғанымен,  оларды да бір мақсат біріктіреді. Мемлекеттің мызғымастығы мен халық тұрмысының артуы, экономиканың дамуы мен еліміздегі тұрақтылық партиялар үшін басты міндет және ортақ мақсат екені түсінікті.

Еркін Қалдан

Пікірлер