Гүлжәмиля Ильясова: “Мәдениет кеңістігінде еңбек ететін әр адам қоғамның рухани жетімсіремеуіне жауапты”

2478
Adyrna.kz Telegram

Мемлекеттік қуыршақ театры – республика тарихындағы тұңғыш қуыршақ театры. Өсу жолында уақыттың сүрлеуінен өтіп, үлкен белестерді бағындырған театрдың аға буын сахнагерлері жас буын артистеріне білгенін үйретіп талмай еңбектену үстінде. Осындай ардагер артистердің бірі, сахнаның сәні, көрермендердің сүйікті кейіпкерлеріне айналған талант иесі, саналы ғұмырын қуыршақ театрына арнаған актриса – Ілиясова Гүлжәмиля Айыпқызы.

1975 жылдан өнердегі шығармашылық өмірі басталған сахна саңлағы өзінің мәнді ғұмырында бір ғана өнер ұжымында өлшеусіз еңбек еткен табанды әрі тұрақты маман. Оның 45 жыл бұрын Мемлекеттік қуыршақ театрына әкелген ең алғашқы еңбек кітапшасында «театрға қабылданды» деген мөр болса, ол әлі күнге дейін өзгеріске ұшырамаған.  Осыдан-ақ артистің мамандығына деген шексіз махаббатын аңғаруға болады. Өмір мен өнері егіз өрілген, биыл мерейлі 65 жас, сахнадағы 45 жылдық мерейтойы өткелі отырған актрисамен сұхбаттасудың сәті түсті.

- Қайырлы күн,  Гүлжәмиля апай. Ұзақ уақыт үзілістен кейін қайта қауышқанымызға қуаныштымыз. Мерейлі мерейтойыңыз құтты болсын. Әңгімемізді өнер жолына алғаш қадам басқан сәттеріңізден бастасақ.

- Бала кезінен әрбір бүлдіршін кішкентай армандарын қағазға жазып немесе үлкендер «өскенде кім боласың?» дегенде ойланбастан өз қиялындағы арманын айтады. Міне, осы сауалға мен бала күнімде «артист боламын» деп жауап береді екенмін. Әкем ән салатын, домбырада ойнайтын өнер адамы болған соң менің де қызығушылығым басым болды. Тіпті, кішкентай күнімде әкеме қызығып домбыра үйренемін деп шештім. Сонда әкем, ұйықтарда жастығыңның жанына домбыра мен нан қойып жат. Егер, түсіңе кірсе үйренуге болады деді. Сонда балалықпен сол ойға шексіз сеніп, соларды жастанып жаттым. Расымен түсімде домбыра көргенмін. Сол сәттерден бастап әнші болуды армандадым. Үйімізде кішкентай радио болатын. Күләш Байсейітова ән салғанда «әке, мынаны ашып ән салған апайды көрейікші» дейді екенмін. Міне, сол армандар адастырған жоқ. Ән әлемі болмаса да, тағдыр театр өнерімен тоғыстырды. Өнердің қай саласы болмасын үлкен табандылық пен қажырлы еңбекті талап етеді. Осы жолға келгеніме қуанбасам, өкінбеймін.

- Бүгінде қуыршақ театрының ардагер актрисасыз. Ардақты ана, аяулы жар, сүйікті әже, сыйлы әріптессіз. Театрдағы ұстаздарыңыз бен сүйікті қойылымдарыңыз жайында айтсаңыз?

- Расымен, мені осы өнерге баулыған, тәжірбиесімен бөлісіп, қуыршақтың әліппесімен таныстырған Құралай Халекетқызы, Сағынбек Бейшенов, Павел Поторока сынды тұлғалар болды. Сол кісілердің үлгі-өнегесінің арқасында мен ғұмырымды осы күрделі де қызықты өнерге арнап келемін. Ал, қойылымдардың барлығы маған өзінше ыстық, ерекше. Дегенмен, менің жұлдызымды жаққан, шеберлігімді шыңдаған – «Қаңбақ шал» қойылымы. Бес кейіпкерді жалғыз ойнап, жан-жақтылыққа машықтандым. Осы спектакльмен Ресей, Иран, Чехия, Молдова сияқты түрлі шет елдерде болдым. Спектакль режиссері – Құралай Ешмұратова. Түрлі театр мамандары оң бағасын, батасын берген қойылым деп айтар едім. Дәлелі, спектакль әлі күнге дейін театр репертуарында жүріп келеді.

- Аталмыш спектакльмен бірнеше Халықаралық фестивальдерден жүлдегер атандыңыздар. Бұл сіз үшін қаншалықты қиын спектакль болды?

- Бір-біріне ұқсамайтын кейіпкерлердің дауыс ырғағын, мінез ерекшеліктен өзіне сай жасауға тырыстым. Бұл спектакльге бүкіл санамды арнадым. Үлкен жауапкершілікпен қатар шексіз махаббатым бұл қойылымның жақсы шығуына септігін тигізді деп ойлаймын. Бүгінде спектакльде үш артист ойнаймыз.

- Сіздің шығармашылық жолыңызда жас буын кезіңізде өнерде не нәрсе маңызды еді? Бүгінгі жастардың ізденісі мен сіздердің сол уақыттағы үдерістеріңізді салыстырып көрейікші?

- Әр заман ағымы бөлек деп айтып жатамыз. Бірақ, өнерге көзқарас, еңбек қай заманда да өзектілігін жоғалтпауы тиіс. Біз үлкен атаққа ұзақ жылдар бойы еңбек етіп жету керек деп есептейтінбіз. Ал, бүгінгі жастар жарнамаға құмар. Көпшілігіне атақ, медаль, мәртебені жиі беріп жатады. Ол өсуге көмектеседі деп айта алмас едім. Дегенмен, талантты жастар өте көп. Болашақтарынан үміт күтеміз, жақсылық тілейміз. Тек басым бөлігі жеңіл дүниеге құмартып, бір күнде өз «биігін» бағындырып тастадым деп ойлаған соң, олардан болашақта хас шеберлер шығуы қиын екенін айтқым келеді.

- Сіз алғашқы кәсіби марапатыңызды қай кезде алдыңыз?

- Біз еңбекті қандай да бір марапат үшін жасамайтынбыз. Жасыратыны жоқ, ондай ой мәдениет саласында 20 жыл еңбек еткен соң қылаң берді. Қазақстан Республикасының МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ атағын 2003 жылы, 48 жасымда алдым. Оның өзіне алғысым шексіз. Олардан өзге бірнеше марапаттарым бар. Оның бәрі көрермендер ықыласынан артық емес деп ойлаймын.

- Қуыршақ театрының барлық кезеңдерінен ұжыммен бірге өткізіп келесіз. Қалыптасу, гүлдену, тоқырау, қайта жандану сатыларын өткердіңіздер. Бүгінгі театр тынысы туралы не айтар едіңіз?

- Театрымыз тарихы терең, талай тарландарды түлеп ұшырған өнер ордасы. Өткел бермес асулардан өтті. Мықты мамандар, қуыршақ өнерін шексіз сүйетін талант иелері қызмет етті. Әр-түрлі бағытта жұмыс жасап, қуыршақ театрының мүмкіндігін кеңейтті. Осындай үрдістің жалғасын жасап, жаңашылдықпен жұмыс жасап жатқан театрымыздың директоры Есеналиев Талғат Қамқабайұлының ерен еңбегін де айта кеткім келеді. Әсіресе, жас буынға үлкен мүмкіндіктер ұсынып, еліміздің айтулы театр режиссерлерімен жұмыс жасауға жағдай жасап жатыр. Әсіресе, «Ана-жер Ана» спектаклін ерекше айтар едім. Артистеріміздің потенициалын көрсетіп, қуыршақтарды да ұтымды қолданған қойылым. Жалпы, репертуарымызда осындай сапалы спектакльдер көп. Жуырда режиссеріміз А.Зайцев сахналаған «Мен бір жұмбақ адаммын... Абай» қойылымы мен ондағы жас артист Р.Абуды ерекше атап өтемін. Ізденісі мол, жан-дүниесімен терең ойланатын, шығар биігі алда артист. Бізде осындай жастардың көп болғанына қуанамын.

- Театрдағы әріптестеріңізге «мінездеме» берсеңіз?

- Әріптестерімнің барлығын ерекше жақсы көремін. Әсіресе, Сәбиля Абуева – біздің театрымыздың ардагер актрисасы. Ол кісіні ерекше құрметтеймін, үлгі тұтамын. Тіпті жастардан да үйренетінім бар. Әрқайсысы бір төбе. Кішілері үлгенге, үлкендері кішіге құрмет, қамқорлық көрсете біледі. Өзгелер қызығатындай әріптестерім бар деп айта аламын.

- Ал, көрермендеріңізді ше? Қазіргі көрермендер қандай?

- Оларға деген махаббатымыз тіпті ерекше (күлді). Заман өзгергенімен өнерді сүйетін, құрметтейтін көрермен өзгермейді. Ең бастысы шынайы жеткізе білсең қабылдамайтын қойылым жоқ. Оның дәлелі, бізде 30 жылдан аса қойылып келе жатқан спектакльдер бар. Демек, балаларға қай кезеңде болмасын жақсылық пен адалдыққа үндейтін қойылымдар қажет.

- Көрермендерге ұсынар қандай жаңалықтарыңыз бар?

- Театрымыз 86-маусымының шымылдығын түрді. Кішкентай бүлдіршіндерімізге де, ересектерге де қызықты қойылымдар дайындаудамыз. Барлық балалардың сүйікті ертегісі «Күлше қыз» ертегісіне дайындық жүріп жатыр. Әлі көп жаңалықтарымыз бар.

- «Кімде талант болса - ол қоғамға жауапты» дейді. Осы ұғыммен қаншалықты келісесіз?

- Әрине, талант қана емес, мәдени ортада жұмыс жасап жүрген әрбір адам қоғамның рухани жетімсіремеуіне жауапты. Әсіресе, біз балалардың алдына үлкен жауапкершілікпен шығамыз. Олардың қалыптасуына үлесіміз бар екеніміз сезінеміз. Олар кейіпкерлерден жасандылық сезінбеуі қажет. Өмірдің жақсылық жолындағы күрес екеніне барынша сендіру үшін еңбектенеміз. Өмірде бұл сала қарапайым әрі жеңіл болып көрінуі мүмкін. Бірақ, президент болу оңай көрінетіні секілді, қиын дүниелер ылғи жеңіл болып көрінеді.

-Әдемі әңгімеңізге мың алғыс! Келіп жеткен мерейлі мерекеңізбен тағы да құттықтаймыз!

Сұхбаттастан: Бейбіт Әлкеева

Театртанушы

Пікірлер