Кремль түріктердің батыл қадамынан шок алып отыр

9137
Adyrna.kz Telegram

Кеше Түркия парламенті Режеп Тайып Ердоғанның Әзірбайжанға әскер енгізуді жасаған ұсынысын мақұлдап дауыс берді. Енді Түркия Әзірбайжанға өз әскерін орналастырмақ.

Бұны естіген кремльдің көзі атыздай боп кешелі бері оның ақпараттық құралдары шулап жатыр. Егер Брежневтің тұсында НАТО әскері Советтің одақтас республикаларының біріне әскерін орналастырса не болмақ?

Әлбетте, ол кезде дереу сол тұсқа ядролық зымырандар ұшатын еді.

Путин өзін "советті қалпына келтіруші" деп санап соның елесін қуып жүрген адам, Кремль қазір түріктердің бұндай батыл қадамынан шок алып отыр. Олардың бұл қадамы соған тең боп тұр.

Рас, Таулы Қарабақта соғыс аяқталды, бірақ меніңше, қазір ол өңірде геосаяси тартыс жүріп жатыр. Кикілжіңнің төресі енді басталды.

Айтары жоқ, кремль ол жерге Түркияны келтірмеудің бар амалын жасап бақты.

Нахичеван дәлізін берді...

Таулы Қарабақтың көп бөлігін қайтарды.., Әзірбайжан "Шах денизінен" Еуропаға газ құбырын жүргізуді бастады.

Орыс әрмендер әскерін қуып жатыр. Пашинянды тұншықтырды.

Ресей оның бәріне көнді, қос бөрінің көңілінен шығуға қатты тырысты.

Тіпті өткен жұмада Ресейден Анкараға тұтас делегация сау етіп барып түріктерді Әзірбайжанға әскер жібермеуін өтініп біраз жалпақтады. Ондағы әңгіменің не жөнінде өрбігенін мен іштей жобалап отырмын.

"Біз бәріне дайынбыз, көніп отырмыз, тек сіздер Таулы Қарабаққа әскер жібермеңіздер, өзіміз қатырып реттейміз". Ол жерде шамамен тек қана осындай әңгіме болуы мүмкін.

Алайда Путинді алдында екі рет Сирия мен Ливияда ыңқылдатып тепкілеп алған Ердоған мен Хулуси Акар (әскери министр) оған өзеуреп көнбей Әзірбайжанға әскер кіргізгелі отыр.

"Әзірбайжан біздің бауырымыз, біз оны тастап кетпейміз" деді олар.

Бұлар алдында орыс әскерінің шамасын майдан алаңында біліп алған, өз шамасына тым сенімді адамдар, оған әрине көнбеді.

Жалпақ тілмен айтсақ, ресейлік делегация Анкарада "біздің отағасыны сыртта төмпештегендеріңізді білеміз, енді келіп оны үйде отбасының көзінше ұрмаңыздаршы, құдай үшін" деп қатты өтінгендей болған еді. Болмады.

(Олардың отбасы дегені - ТМД елдері.)

Кавказда Түрік әскерінің орналасуы - Ресейдің қалған қадірін қашырып күллі державалық абыройын ойрандайды. Енді бұлар өз территориямыз деп білетін территорияны тағы бір күшті ойыншымен еріксіз бөлісуге мәжбүр болмақ. Бұл бір жағы....

Екіншіден, Таулы Қарабақтан сәл 200 шақырым жоғары жүрсеңіз, соғыс түтіні он жыл бұрын ғана сөнген Шешенстан бар.

Өздерінің ұлттық айшықталуында ұлттық емес, дінге көп басымдық беретін кавказ халықтары бар дегендей...

Бұл Кавказда Ердоғанды шексіз сүйеді. Оны кавказ халықтары "дін қорғаушысы, исламның тірегі" деп санайды.

Баяғыда Шешеннің Ресейге қарсы соғысқан Доку Омаров сынды дала командирлері осы Түркияны жағалап оның жылы жағажайларында хан сарайындай зәулім үйлер сатып алып осы елді паналайтын.

Әділдігін айтсақ, сол байғұстар "екінші отаным" деп Қазақстанға бас сауғалап келгенде, дереу қолдары қайырылып Ресейдің әлдебір губерниясына кері айдалып кететін.

Енді осы Кавказға Ердоған әскерін жайғастырмақ.

Мәскеудің осыған да қатты мазасы кетіп отыр. Түріктер оның осал жеріне қолын салды.

Ал анау әрмен Пашинянға рас обал болды. Оны Ресейлік пропаганда машинесімен Кремльдің шантрапасы бомбылап жатыр.

"Бәріне кінәлі сол - мыс".

Шын мәнінде Пашинян қолынан келгенінің бәрін жасады. Өз күшімен соғысты. Соғыс кезінде ресми түрде Мәскеудің соғысқа жәрдем беруін де өтінді.

Оған сол кезде көзі жыпылықтап қорқып отырған Мәскеу қайырылмады. Енді сол кремль өз қорқынышын жасырып шағын, кедей халықтың бақытсыз басшысын бәріне кінәлап қолын сүртпекші.

Ресей алдында рас түріктен қаймығып қалды. Одан соң ол өзінің қалған абыройын сақтау үшін екі қолын бауырына алып, жасқаншақтай отырып тәртіп талап еткен бітімгер болып келе қалды.

Бітімгер демекші...

Осы жерде салыстырмалы түрде мынаны айта кетелік:

Сіз егер Ресейдің НАТО әскері жоқ жерде немесе алдында өзінен мықты бір ойыншы ел тұрмағанда, оның қандай шынайы бітімгер болатынын көргіңіз келсе —

2008 жылғы Грузиядағы Ресейдің " бітімгерлік операциясын" қараңыз, орыс ол кезде "бітімгер әскерімен" Грузияны тас талқан қылып ойына келгенін істеген еді. Сонда өздерін бітімгерміз деген...

Ал мына жерде жым - жым.... Тып тыныш, оқыс әрекеті жоқ тәп тәуір бітімгер. Айырмасы жер мен көктей.

Мында тағы орыс пен украин сарапшылары "Путин өзінің айтқанына жүрмеген Пашинянды осы соғыспен жазалады" деп шулап жатыр екен.

Меніңше, бұл бос сөз.

Бір кеште Пашинянды өз айтқанына көндіріп Таулы Қарабақтағы бүкіл келісімге қол қойдыртқан Путиннің Пашинянды басқаша түрде бір кеште тәрбиелеп, оны басып, тұқыртып алуға, айтқанымен жүргізуге құдіреті жетпейтін еді деген сөзге үйдегі итім де сенбейді.

Ол үшін ешқандай соғыстың қажеті де жоқ. Путин әрменнің Пашинянымен қосып қалпағын шес секунт қайырып жіберетін адам.

Сондықтан бұл далбаса әңгіме. Мен оған сенбеймін де оны қабылдай алмайды екенмін.

Қысқасы, Түрік әскері Әзірбайжанға бет алды, тұмсығын желге сүзіп бөрілер бері беттеп келеді. Үлкен ойындар енді басталып жатқандай...

Саясаттанушы Олжас Әбілдің

Facebook парақшасынан алынды.

Фото ашық дереккөзден алынды.

 

Пікірлер