Халқының қалтасын ойлаған президенттен айналасың ғой

5612
Adyrna.kz Telegram

Байден АҚШ-тағы ең төменгі жалақыны сағатына 15 долларға дейін көтеруге уәде берді деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Twitter желісіндегі Джо Байденнің жазбасына сілтеме жасап.

 Америкалық БАҚ президенттік сайлауда жеңіске жетті деп хабарлаған Джо Байдан халқына ең алдымен байлық сыйламақ. Сыйлағанда, қалтасынан бөлісіп бермейді. Әрбір жұмыс сағатының құнын арттыру арқылы америкалықтардың қалтасын қалыңдатпақ. Қазақтың теңгесіне шаққанда, әрбір жұмыс сағаты шамамен 6 500 теңгедей болады. Енді мұны қазақы миымызда есептеп кеп жіберсек, күніне кем дегенде бес сағат жұмыс істесе, 32 500 теңге. Он күнде жалақыңыз 325 000 теңге. Ал енді отыз күнде...

Байден мұндай шешімге пандемиядан туындаған дағдарыс салдарынан келгенін айтады.

Оның айтуынша, пандемиядан туындаған дағдарыстан кейін ел қалпына келе бастағанда, сағаттық жалақы өседі.

"Біз мұны жоғары жалақымен, соның ішінде 15 долларлық ең төменгі жалақымен, жақсы жеңілдіктермен және отбасыңызбен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін күшті ұжымдық шарттармен жасаймыз", — деп жазды Байден. Осылайша, 8 сағаттық жұмыс күнінің ең төменгі төлем мөлшері 120 долларды немесе шамамен 51 430 теңгені құрайды.

АҚШ Еңбек министрлігі белгілеген ең төменгі жалақы қазір сағатына $7,25 құрайды – 3 100 теңгеден сәл артық.

Байқасаңыздар, қазірдің өзінде де америкалықтардың сағаттық жалақысы аз емес. Ал енді осы қатарға біздегі жалақының сағаттық мөлшерін қойып, салыстырып жіберсек. Әрине, күлкілі әрі өте ұят жағдайға тап боларымыз анық. Десек те, көрейікші. Біздегі орташа айлық жалақы шамамен 150 мың теңгені құрайды. Сағат емес, күндік жалақымыздың өзі 5 мыңнан әрең асады екен. Ал сағатқа шақсақ... әр сағатымызға 1000 теңгеден келеді. Оның өзінде күніне бес сағаттан жұмыс істесек. Ал ұмытпасақ, Қазақстанда кемі сегіз сағаттық, ал шындығында он сағаттан жұмыс істейтіндер көп. Демек, әр сағатымыз 500 теңгеден екен. Бір АҚШ долларынан сәл ғана асады. Ал қазіргі пандемия кезінде бар жұмысынан айырылып, үкіметке алқан жайқан халқына билік қанша теңге бергені әркімнің есінде мәңгі сақталатын шығар. Сол карантин кезінде тарығып қиналған сәттерді еске алғанда, ә дегеннен халқының  қалтасының қамын ойлаған президенттен айналып кетеді екенсің. Қазақстанда тек ұрандатқан бастамалар бар. Жүзеге асып, халықтың әлеуметтік жағдайына үлкен ықпал етіп жатқан бастамалар мен ұрандар саусақпен санарлық қана шығар, сірә. Соған қарамай, дамыған елдерді бетке алып, сол көшке қосылуға асығып кетіп барады еліміз. Күлейік пе, жылайық па?

Рауана ДИМАШҚЫЗЫ,

"Адырна" ұлттық порталы. 

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер