Бозжыра шатқалында қонақ үй салына ма?

2308
Adyrna.kz Telegram

Жақында Бозжыра табиғи қорығының жанынан қонақ үй салу жобасы ұсынылған болатын.  Алайда бұл жоба қоғамда қызу талқыға түсті. Мемлекет басшысы халықтың теріс пікірін ескере отырып, қонақ үй салу мәселесін қайта қарауды тапсырды. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook желісіндегі ресми парақшасында жазды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

«Маңғыстау облысында туризмді дамыту – Үкіметке жүктелген маңызды міндеттердің бірі. Бүгінде бұл бағытта жұмыстар басталып кетті. Бес жұлдызды қонақ үй салынып, жайлы мейманханалардың тұтас желісін құру жоспарланып отыр. Мұндай жүйелі жұмыстар аймақтың туристік тартымдылығын арттыратыны сөзсіз.

Жақында Бозжыра табиғи қорығының жанынан қонақ үй салу жобасы ұсынылды. Өкінішке қарай, қазіргі кезде қорықтың айналасындағы туризм табиғатты қорғау шараларын сақтамай, бейберекет дамып жатыр. Бұл осы ерекше табиғат қорағына орасан зиянын тигізуде»,-деді ол.

Баспасөз хатшысы Президенттің экологиялық туризмді өркениетті жолмен дамытуды қолдайтынын атап өтті.

«Ол үшін қажетті инфрақұрылым, ең алдымен, жайлы қонақүйлер қажет. Сондықтан Мемлекет басшысы Үкіметке қонақ үй салу жобасын қайта қарауды тапсырды. Бірақ, бұл жоба осымен тоқтайды дегенді білдірмейді. Қоғамдық кеңестердің, эколог сарапшылардың және мемлекеттік ведомстволардың ой-пікірлері ескеріле отырып, қонақ үй салуға арналған басқа ыңғайлы жер таңдалады»,- деп сөзін қорытындылады Берік Уәли.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер