Covid-19: Өлім-жітімнің көбеюіне кім кінәлі?

2494
Adyrna.kz Telegram

Соңғы уақыттағы басты жаңалықтардың бірі - бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың бюджет қаржысын жымқырды деген күдікпен ұсталуы. Естеріңізде болса, экс-министр 526 миллион теңге бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінген болатын.

3 қарашада Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Елжан Біртановтың ұсталғаны туралы ақпаратты растады. «Қаржы министрлігінің қаржылық мониторинг комитеті Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың ұсталғаны туралы ҚР Қылмыстық кодексінің 201-бабына сәйкес жарияланбайды. Қосымша мәліметтер болған жағдайда хабарлаймыз», - деді комитет.

Медициналық және қоғамдық ұйымдардың басшылары, Қазақстанның жетекші дәрігерлері Елжан Біртановты қолдап ашық хат жазды. Нәтижесінде экс-министр үй қамағына алынды.

Шынында да, COVID-19 Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігін дүр сілкіндірді.  Коронавирустық індет аясында министрлік 4000 дәрігер мен 800 эпидемиологтың жетіспеушілігін мойындаған болатын.

Пандемия осы жазда еліміздегі дәрігерлердің, биологтардың, ғалымдардың әлсіздігін, тіпті дәрменсіздігін көрсетті. Сондай-ақ, медицина саласында маскалар, арнайы қорғаныс киімдері, өкпенің жасанды желдету аппараттары сынды құралдардың жетіспейтінін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Кеңес заманында ауылдарда медициналық пунктер, тіпті перзентханалар да болды. Алайда денсаулық сақтау жүйесіндегі «оңтайландыру» ауруханалар мен емханалар санының азаюына әкелді. Бұл әсіресе ауылдық жерлерде айқын байқалды. Көптеген аудандық ауруханар өз статусынан айырылды. Ойлап қараңызшы, егер жазда Астана мен  ірі қалаларда науқастарды емдеу және оларды ауруханаға жатқызу мүмкіндігі болмаса, онда ауылдар және облыс орталықтарындағы жағдай қандай болды?!

Бүгінде денсаулық сақтау жүйесінде шешілмеген үлкен проблемалардың бары анық. Халық жазда болған апаттан кейін денсаулық сақтау саласындағы осындай олқылықтардың орын алуына кімнің себепкер болғанын білгісі келеді. Мемлекет те бұл дағдарыстан шығу үшін мәселенің мән-жайын анықтауы қажет. Экс-министр басқарғанға дейін денсаулық сақтау жүйесінің осындай қорқынышты сыбайластық жағдайында болғаны анық. Бірақ Біртановқа өзі жұмыс істеген жылдарында жағдайды түзетуге не кедергі болды?

Еуропалықтар билікті жауапкершілікке тартпақ

Шыны керек, еліміздің коронавирус эпидемиясына дайындалуға уақыты болды. Десе де, ол жасалмады. Ал қазір дәрігерлердің, оттегі аппараттарының жетіспеушілігінен қайтыс болған азаматтардың өліміне кім жауап береді?Мысалы, еуропалықтар билікті жауапкершілікке тартқысы келеді. Коронавирустан ең көп зардап шеккен елдердің тұрғындары биліктің әрекеттерін тексеріп, эпидемия кезінде  өлім-жітімнің алдын алу үшін барлық жағдайдың жасалған-жасалмағанын анықтауға ниет білдіріп отыр.

Бұл бастаманы Италия, Ұлыбритания, Франция және Испанияда Covid-19 пандемиясының қайтыс болған жандардың туыстары көтерді. Қазіргі таңда осы бастама көрші Қырғызстанмемлекетінде де қарастырылуда.

Пандемия кезінде елімізде өлім-жітім деңгейі өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай өсті (2017-2019 жж.). Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларында 24 мың адам қайтыс болды. Бұл өте үлкен көрсеткіш, оны елемеуге болмайды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елжан Біртановты 25 маусым күні министр қызметінен босатты. Оның отставкаға кетуіне дейін денсаулық сақтау саласында әртүрлі дау-дамайлар орын алды. Кейін бұл орынға Алексей Цой отырды.  Мемлекет басшысының тергеу жүргізу туралы ұсынысынан кейін бірнеше лауазымды тұлғалар орындарынан босатылды. Атап айтсақ, 2-тамыз күні экс-денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев бюджет ақшасын жымқырды деген күдікпен қамауға алынды. Бұл туралы қаржы мониторингі комитеті хабарлады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 10 шілдеде өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) мен елдегі дәрі-дәрмек жүйесін реттейтін  «СК-Фармация» компаниясы басшылығын "босатуды" тапсырды.

Шынында да, денсаулық сақтау саласы жинақталған мәселелерді шешу үшін көптеген тергеуді қажет етеді.  Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесін қалпына келтіру үшін жедел және тиімді шаралар қажет.

             ӘМСҚ жүйесі не үшін қажет?

COVID-19 денсаулық сақтау, білім беру салаларының ғана емес, сонымен қатар өте сәнді шенеунік басқаратын әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) жұмысындағы сәтсіздіктерді анықтады. Расында да, біз  ӘМСҚ-тың коронавирустық індет кезінде не істегенін білмесек те,  оның басшыларының қаншалықты жақсы өмір сүретінін білдік. Естеріңізде болса, қор басшысы Айбатыр Жұмағұловтың жұбайы Гүлбаршын Заирова Instagram желісіндегі парақшасында күйеуі 12 көлік сыйлағанын айтып мақтанған болатын. Жазба желіде  қызу талқыланды.

Кейін медициналық сақтандыру қорының қоғаммен байланыс департаментінің басшысы Ермек Болтаев бұл жағдайға түсініктеме берді. Біз мұның төрт жыл бұрын жарияланғанын анықтадық. Жұмағұловтың отбасында Toyota маркалы бір ғана көлік бар. Олар 25 жыл  ішінде 12 машинаны ауыстырды, біреуін сатты және екіншісін сатып алды»,-деді ол. Қалай болғанда да, Айбатыр Жұмағұлов қор басшысы қызметінен айырылды.

«Соңғы уақытта міндетті медициналық сақтандыру қорының айналасында көптеген қауесеттер мен өсектер көп. Басшы қызметіне іскер адамды қою керек", – деді Мемлекет басшысы Үкімет отырысында. Нәтижесінде міндетті медициналық сақтандыру қоры басқармасының жаңа төрағасы болып Болат Төкежанов тағайындалды.

ҚР азаматтарының көпшілігі 2,5 жыл бойы ӘМСҚ жүйесіне ақша аударған. Алайда эпидемия кезінде азаматтар аударым жасағандарына қарамастан, ПТР тестілеуінен өту және КТ жасау үшін сенделіп жүруге мәжбүр болды. Эпидемия кезінде барлық науқастарға нақты және шұғыл көмек қажет болған кезде ӘМСҚ-тың нақты жұмыс механизмі жоқ екені белгілі болды. Егер  бұл қордың белгілі бір пайдасы болмаса, онда ол бізге не үшін қажет?.. Қорытындылай айтқанда, COVID-19 міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жұмыс істемегенін және сәтсіздікке ұшырағанын анықтады. Өйткені, біз бұл ұйымнан ешқандай пайда көрмедік.

Дастан ЕЛЬДЕСОВ,

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер