Жаңа әліпби - жаңа дәуір бастауы

2771
Adyrna.kz Telegram

Ел шебін күзету ерекше міндет қой. Шекараның қырағы қорғалуы –мемлекеттегі бейбітшілік пен дамудың негізі.
Осы жылдың басында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында қолға алынған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы ретінде менімен кездесуге байланысты ұйымдастырылған іс-шарада Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің «БОРАН» десанттық-шабуылдаушы маневрлік тобының 20 жылдығына орай Намыс және Ерлік мерекелік медалімен марапатталдым. Бұл мені ерекше сезімге бөледі!
Офицерлер мен келісімшарттағы әскери қызметшілердің жігерін шыңдайтын, ұлттық намысын қайрай түсетін жалын атқан ойлы сөздер айтуға тырыстым. Бүгінгі таңда қазақтың халықтық қасиетін сақтап қалу аса маңызды. Әсіресе, кейінгі кезде иесіз қалған кейбір жас буынның сенделген санасын бір арнаға бағыттап, ұлттық мүдде үшін күресе білетіндей «Ел барда ер қор болмас, Ер барда ел қор болмас.» деген сияқты өмірлік кредосын қалыптастыру әрбіріміздің міндетіміз деп білемін.
Кездесу барысында тіл мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Көптеген сұрақтар қойылып, келелі әңгіме өрбіді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы 26 қазанда «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойғанын білеміз. Бұл жазуды жаңа әліпбиге көшірудің лингвистикалық, мәдени-әлеуметтік, ақпараттық, саяси және экономикалық себептеріне сәйкес жасалған маңызды қадамдардың бірі болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тіліне реформа, тіпті қажет десеңіздер тілімізді жаңғырту қажет. Ғалымдарымыздың салмақты пікірлерін күтеміз. Тағы да қайталап айтамын, біз нақты қазақ тілін реформалаймыз. Мұндай ұлтымыз үшін тағдыршешті мәселеде науқаншылдыққа және жеңілтектікке жол беруге болмайды», – деген болатын. Жаңа әліпбидің жаңа дәуір бастауы және рухани тәуелсіздікке жасалған қадам екенін әсте естен шығармағанымыз жөн деп ойлаймын.
Қазақ халқы сонау есте жоқ ескі замандардан-ақ ат тұяғымен дүниені дүбірлеткен көне түркілердің тікелей ұрпағы ғой. Бабаларымыз о шеті мен бұ шетіне құлан жортса тұяғы тозатын, қыран ұшса қанаты талатын ұлан-ғайыр жерді сақтап қалды. Елін, жерін, тілін жан аямай қорғай білетін отаншылдарымыз көп болғай!

Қуаныш Жұмабекұлы

PhD докторы,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері

Пікірлер