Рухани жаңғыру: Ұлттық кодты сақтайық

5411
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында «Біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни, одан бұрын жақсарып отыруы тиіс. Санамызды жаңғырту, саяси және экономикалық жаңғыртуларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады»- деп, рухани жаңғыртудың маңызын атап көрсетті.

Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу. Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса ешқандай жаңғыру болмайды. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз болмысымызда мәңгі қалуға тиіс. Онсыз алға басу, даму болмайды. Сонымен қатар алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек.

Қ.Тоқаев: «Мұндағы басты идея болашақ пен өткенді үйлесімді сабақтастыра білу. Озығын алып, тозығын тастау» - деп анықтады.

Қазақ халқы атадан балаға беріліп отырған ежелгі салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын ғасырлар бойы сақтап, заман, өмір елегінен өткізіп, екшеп, жетілдіріп, жылдар сынынан өткізіп, қолданып отырған. Қазақта жақсы салт-дәстүр көп және олар қазақтың жағымды кескін-келбетін, тұрмысын, өмір тіршілігін, ой-санасын көрсетіп, халықпен бірге етене қайнасып келе жатыр.

Ұлтымызда үлкеннің кіші алдындағы, кішінің үлкен алдындағы, еркектің әйел алдындағы, әйелдің еркек алдындағы әдеп сақтауының тамаша үлгілері өте көп. Мысалы, үлкеннің жолын кеспеу, бұрын сөйлемеу, тамақ алмау, келінге сыпайы сөйлеу, ата-ене алдындағы инабаттылық, сәлем ету, көпшілік ортадағы әдептілік, сәлем беру, сәлем алу, адамгершілік, қамқорлық, сыйласу т.б ертеден келе жатқан халқымыздың әдет-ғұрпы. Әдептілік  – әр адамның бет-бейнесі, кескін келбеті, өзін-өзі таныту жолындағы өнеге, үлгісі, адамдық қасиеті және жеке басының мәдениеті. Қазір ҚР мемлекеттік қызметшілердің әдеп  кодексі бекітілген. «Әдепті дегенше – әдемі десейші»  дегендей, үлкен-кіші болсын әдеп сақтау халқымыздың қасиетті тәрбиелік-тәлімдік дәстүрі.

«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» - десек, озығын алып, тозығынан арылу керек. Халқымыздың тарихи-әлеуметтік, тұрмыстық жағдайындағы ерекше қымбат дәстүрі – қонақжайлылық. Ол жомарттықтың, азаматтықтың, бауырмалдықтың, сыйластықтың үлкен белгісі. «Құдайым би қылмасаң да, би түсетін үй қыл» - деп тілек тілеп қазақ үйіне қонақ түскенді мәртебе санаған. Қазақ қонағын қадірлейді, үйінде оған ешкімге тиістірмеген. Қонағының бар жағдайын жасаған, көңілін көтерген, келген шаруасын бітірген. Халқымыздың осы дәстүрін бөтен ұлт өкілдері жоғары бағалайды, таңқалады, риза болады. Бұл дәстүрді сақтап  дамытуға жатады. Бөтен де жағдай бар, мысалы, «көршіңмен тату бол» - деген. Бірақ бұл дәстүрді орындамау кездесуде. Қалада көршілер бір-бірімен араласпай барады. Көріссе, кездессе бас изеуден аспайды. Қонақ етіп, шақырыспайды. Алыстағы ағайыннан, қасыңдағы көршің жақын. Көмекке тез келе алады. «Көрші ақысы» - деп араласу, көмектесу дұрыс. Бармасақ, келмесек – ел жарылады, алмасақ, бермесек – дәм тарылады, - деген сөз бар. Дәстүрді сақтау  жақсылыққа жеткізеді.

Қазақ дәстүрлі тойшыл, сауықшыл халық. «Той дегенде қу бас та домалайды» - деп той жасау халқымыздың қуанышты салты, салтанаты. Біздің қазақта той көп, тойдың небір түрін ойлап тауып, той жасай береді. Болсын. «Жемесең де май жақсы» - деген, той жақсы. Кейінгі жылдары ең көп салынған құрылыс нысандары  - той өткізетін мейрамханалар болды. Осы той жасауда, қазақшылық бәсеке бар. Осы бәсеке керек пе? Тойға 1000 адам шақырып, фейерверк атып, алыс-жақын елдерден атақты әншілерді шақырып, қалыңдық машинамен мейрамханаға кіріп, екі-үш асаба той басқарып, қалада да, ауылда да болсын деп екі той өткізіп, аста-төк ысырап жасап, қаражатын шығындап, уақытын кетіріп, барын шашады. Абайша айтқанда, бекер «мал шашпақ» - бес дұшпанның бірі. Бұл мақалада айтылған ысырапшылдық пен астамшылық, даңғойлық. Осы ақша жастар тұрмысына жұмсалса ше? Арабтың «исраф» деген сөзі бар, бізде «ысырап» дейді. Ысырап тек тойда емес, той дастарханы сияқты жайылған садақада да орын алуда. Әрине, бар жақсы. Әйтсе де ысырапшылдыққа жол бермеу керек. Әлемде 1 млрд-тан астам тұрғындар аштық  жағдайында өмір кешуде екен. Сондықтан еліміздің, өзіміздің байлығымызды шашпау жөн.

Мақалада мұндай бәсекені орынсыз дейді, ол кертартпа, елді, отбасын құрдымға бастайтын жаман әдет. Жетілуге, оқуға баруы, үнемді, ұтымды пайдалануға ұмтылу –жақсы әдет, жақсы мінез-құлық, оны мінез-құлық прагматизмі дейді. Қазақ озық болам десе, жаман әдет, мінез-құлықтан арылып, түзелуі тиіс.

Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылдыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі–орынсыз сән-салтанат емес, керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті, мәдениеттілікті көрсетеді.  Сондықтан  біз мақаланың осы құнды бағыт, ойларын санамызға сіңіріп, басшылыққа алып, орындауымыз керек, ұлттық кодымызды, мәдениетімізді сақтап, заман талабына сай өзгеруіміз қажет. Президент Қ.Тоқаев «Той қуалайтын уақыт емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым ман білімнің, еңбектің дәуірі» -деп мақсат-міндетті анықтап берді.

Халқымыздың тамаша дәстүрінің бірі – бата беру. «Батамен ел көгереді»-дегендей, бата ақ тілеудің белгісі, ол қасиетті рухани ұғым, жақсы істі батамен бастаймыз. Батаны құрметті, елге сыйлы, жасы үлкен адамдар береді, құда береді. Бата сөз ұлы қасиеттерге, ізгілікті жасампаз істерге бастаушы, әрі тудырушы, рухани мұра болып табылады. Бата көркем сөзбен, өлең-тақпақпен, ұйқас-ырғақпен, шешендікпен,  мазмұнды, маңызды тілекпен, эмоциялық әсер сезіммен беріледі. Бата халқымыздың ғасырлар бойы сақтап, дамытып, қолданып келе жатқан дәстүрі. Совет заманында діни деп шектелді. Қазір өрледі. Бүгінде бата бере алатын, бата бере алмайтын үлкендер де бар. Бұл біріншіден совет дәуірінің әсері болса, екіншіден үлкен адамның тіл байлығы мен шешендігінің кедейлігінен болатын сияқты. Бата беру, бата алу дәстүрін, оның ұлттық сипат-мазмұнын, түрін сақтай отырып, заманауи тілектермен байытып, жетілдіру, дамыту, бүгінгі, ертеңгі күн тілегімен, ұлттың рухани кемелденуімен ұштастыру орынды болмақ.

Экономикалық модернизация туралы айтқанда, оның жетістігі мәдени модернизациясыз болмайтынына да тоқталу қажет. Мәдениет үшін экономика қандай маңызды болса, экономика үшін мәдениет сондай маңызды. Халықтың санасын, көзқарасын өзгертпей, еңбекке, өмірлік қағидаларға көзқарасын жаңғыртпаса, экономикалық саяси реформалар жасалмаса, ол реформа түптің түбінде құрдымға кетеді. Мысалы: бұрын солай тәрбиеленген, сондай тәртіпсіздікпен жүрген тұрғындар қазір де кез келген жерге қоқыстарды тастап жүре береді, машинасын ереже-тәртіпсіз қоя береді, ағаштарды сындыра береді. Сөйтіп, қалалар, елді мекендер қоқысқа тола беруде, тазалық төмендеуде. Бұл жаман әдет. Ал тазалық– денсаулық кепілі, мәдениет көрінісі. Қазақ «ауылын көріп, азаматын таны» -дейді.

Кейбіреулер концертке кешігіп келеді, оған қымсынбайды. Концерт кезінде жүріс-тұрыс, залдан шығу, кіру тоқтамайды, концерт көру ережесін бұзады, концерт көру мәдениетін сақтамайды. Қай жерге болмасын барғанда кешігу, тазалық сақтамау жаман әдет, мұндай әдеттен жирену қажет.

Мәдениетті, білімді, тәртіпті, патриот, жаңа қазақстандықтарды тәрбиелемейінше, өзгермейінше озық елдің қатарына қосылудың ауылы алыс болмақ.

«Жирен жаман әдеттен, үйрен жақсы әдептен»-дегендей адамдарда әртүрлі әдет болады. Мысалы: біреу сәнді киініп, таза жүреді. Біреулер шаруасына ұқыпты, біреулер тапсырманы саналы орындайды, үшіншілер кешікпей дәлме-дәл жүреді. Бұл жақсы өнегелі әдет.

Ал біреу құлағын шұқи береді, мұрнын ұстай береді, шашын сипай береді. Ал енді біреулер өсек тасуды, өтірік айтуды, арыз жазуды, жамандауды, ұрлық жасауды әдет қылады. Бұл қоғамға тиімсіз, зиянды жаман әдет «Тасыса өсек, ысқыртса кесек, құмардан әбден шыққаны»-деп ақын Абай бұл әдеттерді қатты сынаған, қашық бол деген.

Ал халық болса өсекші, өтірікші, арызқой, ұрлықшы, жаман адам деп ат қойған. Олардан аулақ жүрген. Олардың жаман аты халық жадында сақталып қалады, ұрпағы да білетін болады.

Мұның бәрі  халық ұғымында «әдет» деп аталады. Оның да жақсы және жаман түрлері бар. Халық оның жақсысынан үйренуге, жаманнан жиренуге шақырады. Қазір біз осы кемеңгер Абай сақтандырған жаман әдеттердің қаншасынан арылдық, құтылдық, әлде әлі де бар ма? Біз, қазақ Абай айтқан тапсырманы орындауымыз керек. Қ.Тоқаев «Абай –  рухани реформатор» атты мақаласында «Ұлы данышпан ұлттың рухани, мәдени, адами бет-бейнесін асқан көрегендікпен сипаттаған. Оның ұлылығы да осында» -деп жазды.

Гуманист Абай он сегізінші сөзінде «Адам баласына жыртықсыз, кірсіз, сыпайы киініп, һәм ол киімін былғап, былжыратып кимей, таза кимек дұрыс іс»-дейді. Ақын адамның жеке басының мәдениетіне, жарасымды киінуге насихаттайды, үгіттейді. Жарасымды киіну жақсы әдет, олпы-солпы киіну жаман әдет.

Жұртшылық көрермендер концертке, спектакльге, кездесу кештеріне сәнді киініп келудің орнына қалай болса солай киініп келе салады және оны қарапайымдылық, еркіндік, демократиялықтың көрінісі деп түсінеді. Олай емес, футболка, кроссовка, шорты театрда, концерт залында демократиялықтың да, қарапайымдылықтың да көрінісі емес. Керісінше, мәдениетсіздік, оларды спорт залында киеді. Қарапайым киіну– тұрпайы, жұпыны, мәдениетсіз киіну емес, сыпайы, таза, жарасымды киіну. Адамның киім киюі, оның ішкі мәдениетінің деңгейін, рухани дәрежесін көрсетеді. Адамның жүріс-тұрысы, киім киісі, ортада өзін ұстауы, яғни, сыртқы көрінісі Абайдың «толық адам» идеясының бір тармағы. Орыстың ұлы жазушысы, дәрігер А.П.Чехов  «у человека должно быть все прекрасно: и одежда, и лицо, и душа» дегендей жан-жақты дамыған, кемелденген «толық адам» деңгей-дәрежесіне жету мақсат. Азаматтардың жеке басының мәдениетін көтеру, киімді жарасымды, таза кию дәстүрін насихаттаған жөн.

Қымбат киім киіп, қымбат машина мініп көріну, шынтағын көтеріп, қолын тарақтап, шашын сипап әурелену –артықтық не озу емес – ол мақтаншақтық. Гуманист Абай айтқан керексіз «кербездік, масқаралық». Ұлы ақын «тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық» -деп өсиет қалдырған.

Біз озық елдің қатарына тек экономикалық жақсы көрсеткіштермен ғана емес, адами жоғары қадір-қасиет, белгілерімізбен де қосылуымыз керек. Қазаққа болсын деген ұлы данышпан Абай «Толық адам» идеясын ұсынғанда, ол адам қандай болуы керек екендігін өзі айтып, «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек»-деп жауабын береді. Ал Қ.Тоқаев «Абай – рухани реформатор» атты мақаласында «Абайдың «толық адам» ілімі жан-жақты әрі терең зерттелуі тиіс» -деп тапсырма берді.

ХХІ ғасырда заман өзгерді, адам өзгерді, адамның мінез-құлқы, қасиеті өзгерді. Кейбір жаман әдеттер орын алуда.«Аңқау елге арамза алаяқ» шықты. Өтірік алдау, пирамидалар, ломбардтар, үй алып берушілер, ақшаны еселеп қайтарушылар қаптады. Осыған кейбіреулер сенді, кейбіреулер азғын адам болып шықты. Абай осындайдан жұртшылықты ескертті. «Қу тілменен құтыртып, кетер бір күн отыртып»-деді. Сол айтқаны бүгін де бар. Бұл адамгершіліктің, адамдықтың әлсіреуі. Бұл аса қауіпті, бірлікті жойып, елді кенже қалдырады, жазықсыз адамдар зар илеп қалады.

Бүгін де көре алмау, қызғануды, өтірік, өсек айтуды, замандастарын жамандауды әдет қылғандар бар, яғни, Абайша айтқанда «өтірік пен өсекті жүндей сабап» жүргендер жетеді. Олар бастықтардың қасында жүреді, мақтайды, марапаттап, жеке басының күйін жасайды.

Бұлар нағыз қашық болатын, адамдар арасына іріткі салатын, кертарта, жаман әдеттер, олардан құтылу керек. Асыл мұратына рухы таза адамдар ғана жетеді, халық арасында абыройлы болады.

Абай – қазақтың рухани қолбасшысы.

Біздің қазақты оңдырмай жүрген «бір жұбаныш» бар. Жалғыз біз бе, елдің бәрі де сөйтіп жүр ғой, көппен көрген ұлы той, көппен бірге болсақ болады деген сөзді жұбаныш қылады. Жер білмеген көп адам адасып жүрсе, бір жер білетұғын кісінің керегі жоқ пе екен? Тұқымымызбен аузымыз сасық болушы еді, онда көбіңнен қалма, сенде аузыңды сасыта беруің керек пе?-дейді. Өзгермеймісің? «Қатарыңның алды бол!»- деген қазақтың намысты, жігерлі сөзі бар ғой!

Қазақтан хал-жағдай сұрасаң «шүкір» дейді. Барға шүкірлік еткен дұрыс. Бірақ, шүкірден де басқа сөз бар ғой?! Қазақ неге жұбаныш, шүкірден шықпау, аспау керек. Онан да жақсы, өте жақсы, тұрмыс кешуге неге ұмтылмасқа? Тек бір деңгейде тұра бермек пе? Рухани жаңғыру қазақтарды дамуға, озуға бастаушы ұғым. Олай болса, соны басшылыққа алып, ескіден қашық болып, өзімізді өзіміз жұбатуды әдет қылмай, алға қозғалу қажет қой. Болдым, толдым демей, жеткен жерім осы демей, жетістікке, жеңіске жете беру керек. Яғни, Абайдың айтпағы, Тоқаевтың мақаласындағы тұжырымы осы ғой.

Қазақ «құдай салды, біз көндік», «көппен бірге көрген ұлы той» - деп, не болса да жүре береді. Ол қиындықтан шығуға, шұғыл іс-қимыл жасауға шабан. Реформатор  Абай қазақтың осынысын, көнбістікке көндігіп алғанын аяусыз сынады. Қазақ өмірі осылай мал артында салпақтап өте берсе, ол өркениетті түсінде де көрмей, оқшау, соңында шаң басып қала беретініне ызаланды, қапаланды. Сынағаны, қазақ қатардан қалмасын, «мұрты аузына түспесін»  дегені. Абай айтқан қазақ кемшілігі бүгін қаншалықты жойылды, түзелді, қазақтың санасы қаншалықты өзгерді? Әйтпесе, біз әлі күнге «Баяғы жартас – бір жартастан» ұзай алмай жүрміз бе? Немесе «Жұрт айтса болды, көп айтса көнді» - деген ермелік, еліктегіштікпен жүріп келеміз бе? Бұл әдетті қойып, Абай жолымен жүру керек. Ұлы Абайдың көксегені қазақтың озық болуы, оның жолын көрсетті. Оқыған елдің озатынын айтты. «Ғылым таппай мақтанба» - деп ескертті.

Қ.Тоқаев  «Абай – рухани реформатор» атты мақаласында «Ең алдымен білім игеру. Заман талабына сай білім алу интеллектуальды ұлт қалыптастыруға жол ашады» - деп көрсетті.

Данышпан Абай «пайда ойлама, ар ойла» - деп өсиет айтты. Осы аса маңызды өсиетін бүгінгі қазақ қалай орындап жүр деген сұрақ күн тәртібінде өткір тұр.Әйтеке би «жеке басыңның пайдасын ойлама, халықтың пайдасын ойла, өз пайдаң соның ішінде» - дейді. Әрине, бүгінде халықтың пайдасын ойлайтын, мемлекетке қызмет етіп жүрген қазақ қайраткерлері жетерлік. Бар.Бірақ, жеке басының пайдасын күйттеп, пайдакүнемдікке, парақорлыққа, ақыры сыбайлас жемқорлыққа дейін жеткендерде жеткілікті. Бұл халық, мемлекет үшін өте қауіпті, жаман әдет. «Ұрлық түбі  – қорлық» - дегендей,  түрмеге түскен, халық қазынасына қол салғандар, бір салғанда мол салғандар жиі ұсталуда. Масқара ғой?! «Рухани жаңғыру» бізді осы жаман әдет-жағдайдан алып шығатын амал. Індет кезінде Қазақстанға бөтен мемлекеттер гуманитарлық көмек жасағанда Қ.Тоқаев лауазымды шенеуніктерге «ар-намыс қайда?» - деді.

Халқымыздың ұлы перзенті Дінмұхамед Қонаев Асанбай Асқаровқа «Асанбай, қолыңнан келгенше қазақты жылатпауға тырыс, қорлыққа берме. Қорлыққа көнген халық зорлыққа да көнетін иіссалмас, ынжық болып кетеді. Ұлт өзінің мүддесін өзі қорғай алатын дәрежеге жетуі керек. Кезінде қазақтың жанын сақтап қалсақ екен дедік қой... Біз ол дәуірден өттік. Енді қазақтың рухын, намысын сақтауымыз керек» - деген толғақты пікірі ойға оралады.

Бұрын Алматыға барып, оқуға түсе алмай қалса, жігіттер намыстанып, ұялып, «ауылға  не бетіммен қайтамын, не айтамын» - деп, өздерін қоярға жер таппайтын. Қазір ЕНТ-ден төмен балл алса, жоғары оқу орнына бара алмайтын болса, «қатарымнан қалдым, ұят болды» деп намыстанатын жас азайды. Керісінше,әке-шешесінің тапқан-таянғанына сүйенетін ұл-қыз көбейді. Ар-намыс қайда, қазақ жасында?

Кемеңгер Абайдың ілімі, Рухани жаңғыру бізге енді ар ойлайтын қазақ азаматтарын тәрбелеуді, оларды көбейтуді, ар-намыс әдетін ұстануды міндеттейді.

«Абай –рухани реформатор» атты мақаласында Қ.Тоқаев «жаңа заманда ар, намыс, ұят сияқты адами қасиеттердің қажеттілігі бола ма? Бұл зиялы қауым өкілдері талқылайтын ауқымды философиялық мәселе» -деген бағдар ой айтты.

Ұлттың болашағы үшін қам жеген ұлы ойшыл Абай қырық екінші сөзінде «қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғын бір себебі –жұмысының жоқтығы. Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын»-дейді. Әйтпесе, педофиль, жезөкшелік, нашақорлық, аферистік, алдаушылық, отбасындағы зорлық-зомбылық, арамтамақтық, ішімдікке салыну, ұрлық, ажырасу, тонау секілді жаман әдеттер қайдан шығады? Адам азғаннан шығады. «Қазақ қоғамының рухани деңгейі өсті ме, төмендеді ме?» дегенге, «төмендеді», «білім көп пе, диплом көп пе?» дегенге, «диплом көп» деген жауаптар бар, яғни, ойланатын нәрсе көп.

Мұны Президент Қ.Тоқаев «біз ештеңені жасырмауымыз керек»-деген. Қазақ мақалында «ауруын жасырған адам өледі» дейді. Ұлттық тәрбие мен қоғамдық тәртіп, рухани жетілу, сананың өзгеруі қазақ қоғамындағы  өткір тұрған мәселелер болып табылады.

Ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы»-деген. Ақсақалы болмаған ауыл жетім, ғалымдары болмаған ел жетім. Ұлтты азғындату үшін ғалымдарын алады. Ғалымдарын алса, ғылым, білім жойылады. Ғылым, білім жойылса ұлт надан болады. Надан ұлт дамуын тоқтатады, надан ұлтты дамыған ел, өркениетті ұлт басқаратын болады.

Абай өзінің «толық адам» тұжырымын мирас етсе, әл-Фараби «бақытқа жету жолындағы қайырымды қоғам» қағидасын өсиет етіп қалдырды. Қ.Тоқаевтың «халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамасы да  осы қағидамен үндеседі. Шенеуніктер ел-жұрттың мұң-мұқтажына құлақ аспағанда кімге құлақ асады. Олардың міндеті – халыққа қызмет ету.

Қазақта сөзді тыңдай білу және сөзге тоқтай білу дәстүрі болған. Әйтеке би «жігіттің жақсылығы сөзге тоқтай білгенінде, өзінің сөзін бөтенге тыңдата  білгенінде» -деген екен.

Қ.Тоқаев «халық сөзін  тыңдайтын, еститін үкімет  болсын»-дейді. Әрине, үкімет халықтың мұң-мұқтажын, өтініш-сұрағын тыңдап, шешім қабылдап, көмектесу, тұрмысын жақсарту шараларын алу керек. Ал жұртшылық бір мәселені өз мүддесі үшін ойына бекітіп алады да, асыл сөзге де, көпке ортақ ақыл-шешімге де тоқтамайтын болып барады.

Ұлы ақын Абай «Келелі кеңес жоғалды, Ел сыбырды қолға алды»-деп үлкендердің сөзіне, ғалымдардың ақылына тоқтамай өсек айтуды әдет қылғандарды әшкерелесе, «Сыбырдан басқа сыры жоқ, Шаруаға қыры жоқ»-деп кейбір ұлықтардың халықтың көңілінен шықпай отырғанын сынады.

Қазір сөз мәнін түсінетін, ақылға тоқтайтындар азайды. Әркім ақылды, әркімнің өз жеке тоқтамы болуда, яғни, ақиқат, әділдік емес, өз мүддесіне, өз пайдасына бұру белең алуда.

Дана Абай «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» -деген. Сөзді естіп, тыңдап, түсініп, ақылға салып, пайдаланса, адамға пайда. Сөзге тоқтай білу дәстүрі қазақтың ерекше ақылдылық қасиеті. Әтпесе, қазақ «ақымаққа айтқан сөзім шығын»- дейді.

Ұлы ағартушы Абай: «Қазақтардың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғыны да бар. Әуелі, «Жарлы болсаң, арлы болма»,-дейді. Ардан кеткен соң, тірі болып жүргенің құрсын. «Атың шықпаса, жер өрте»,-дейді. Жер өртеп шығарған аттың несі мұрат. «Сұрауын тапса, адам баласының бермесі жоқ» -деген ең барып тұрған құдай ұрған сөз. Сұрауын табамын деп қорлықпенен өмір өткізгенше малды не жерден, не аққан терден сұрау керек қой! Осындай білместікпенен айтылған сөздерден бек сақ болу керек» -дейді.

Олай болса, біз жаһандық әлем дамуымен қабыспайтын, ескірген, өркениетке сабақтас келмейтін, рухымызды шыңдамайтын, кертартпа мақал-мәтелдерден, әдет-ғұрыптардан, мінез-құлықтан арылуымыз керек.

«Рухани жаңғыру» мен «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламаларындағы «Заманауи қазақстандық мәдениет»  жобасы Қазақстанның мәдени жетістіктерін әлемдік деңгейде танымал ету, дала фольклоры мен музыкалық мұрасын сақтау және насихаттау бағыттарын қамтып, өнер арқылы өзгеруді, дамуды, әлемде танымал болуды мақсат етеді. Себебі, Президент Қ.Тоқаев айтқандай, «шет ел қазақтың рухани және мәдени құндылықтарымен анау айтқандай таныс емес. Ұлттық кодтың бір тармағы қазақтың бай өнері, музыкасы болып табылады».

Қазақтың ән-күй өнері әр кезеңдерде небір қуғын-сүргінді бастан кешірді. 1930 жылдары қазақтарды советтік бақытты өміріне қайтып келеді деп мұңды әндер репертуардан, тізімнен шығарылып,  14 мың әннен тек 1 мың ән қалды. 1955-1960 жылдары қазақ әндерін орысшаға аударып орындау орын алды. Домбыра мен қобыз ескінің қалдығы, көзі деп шеттетілді. Қазақтың дәстүрлі музыка аспаптарының орнын гитара мен баян баса бастады. Сөйтіп, қазақ өнері сахнадан ығыстырылды, санадан өшіріле бастады.

Қазақ тілі өгейленіп, ас үйден аспай қалды. Іс қағаздары, үлкенді-кішілі жиналыстар тек орыс тілінде жүргізілді. Орысша оқып, орысша тәрбиеленген қазақ балалары «қазақпын» деуге арланып, «мен орыспын» дейтін болды. Қазақстанды мемлекет ретінде бөлшектеу, террриториясын бөтен республикаларға бөліп беру, ішінен бөтен ұлттарға автономия ашу саясаты жүргізіле бастады. Бұл жағдайды Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев өзінің халыққа жолдауларында тәуелсіздік алуымызға байланысты талай айтты.

Қазақ халқының әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, ұлттық мерекелері, Наурыз мейрамы діни, ескіліктің қалдығы, кертартпа, зиянды деген баға алып,  олардың орнын орыс дәстүрлері мен мерекелері басты. Жаңа советтік салт-дәстүрлер - Комсомолдық той, проводы русской зимы, Новый год, қайтқан адамды жаназасын шығармай, митинг жасап, оркестмен  шығару әдетке айналды. Сөйтіп, бізді бір жылдары ұлттық кодтан айырып, тілімізді, әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді ұмыттырып, ұлт болудан қалдыра жаздады.

Қазақ музыкасын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, тілін жою қазақ рухын жою еді. Тәуелсіздік алып, тарихымызға, тілімізге, мәдениетімізге, салт-дәстүрімізге қайта оралдық. Әйтсе де, бүгін бұл салада көкейтесті мәселелер бар.

«Әннің де естісі бар, есері бар, Тыңдаушының құлағын кесері бар»-дегендей қазір той әндері, көңіл көтеруге, иықты көтеріп би билеуге арналған, музыкасында жан ләззаты, сөзінде ақыл-мазмұны аз,  жеңіл-желпі әуендер белең алып бара жатқанын байқаймыз. Қазір «жақсы ән мен тәтті күй» азайды. Мұны  өзі де өлең жазған, ән шығарған, күй шығарған композитор-ақын Абай «Құр айқай бақырған, Құлаққа ән бе екен?» -деп ән-күйдің тәрбиелік, эстетикалық мәнін, маңызын жеткізе айтты.

Әлем қазақтарды тек қара алтынмен ғана емес, мәдени жетістіктеріміз арқылы да тануы керек. Ақтөбелік талантты әнші Дінмұхамбет Құдайберген  мемлекет абыройын көтеріп, қазақ атын әлемге паш етті. Бұл бір дарынның жетістігі, ал егер Димаштай дарындылар көбірек болса қандай болар еді? Қазақстан үшін, әрине, керемет болар еді. Қазақтар арасында әлем артисі, опера орындаушылар  Айман Мұсақожаева, Марат Бисенғалиев, пианистка Жәния Әубәкірова, дирижер Алан Бөрібаев сияқты дарындылар баршылық. Өнер Қазақстанды, қазақты әлемге тезірек, кеңірек танытады. Сондықтан ол бүгінгі қазақстандықтар жасап жатырған заманауи мәдениет болуға тиіс.

«Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары бойынша қазақ әндерін, күйлерін, фольклорын жинау, сақтау, насихаттау  – басты мақсат. «Ел іші – алтын кеніш» дегендей, ауыл-аймақтарда өнерпаздар шығарған, орындалып жүрген талай жыр, дастан, терме, ән-күй бар. Олар айналысқа, сахнаға шығарылмауда. Халқымыздың ән айту, күй тарту дәстүрін заманға сай жалғастыру –  ұрпақ міндеті.

Қазақтар әлем мәдениеті қатарынан өзінің ерекше ұлттық бояуымен, ұлттық киімімен лайықты орнын алуы тиіс. Қазір қазақ өнерін, мәдениетін білетін шет елдер көп емес екенін сеземіз, білеміз.

«Дәстүрдің ескісі бар, жаңасы бар»-деген совет кезеңінде кітап жинау, кітап оқу жақсы дәстүр болды. «Подписаное издание» деген болды. Атақты әлем жазушыларының небір тамаша әдеби шығармалары сонда шығатын. Жақсы кітапты таныстықпен, ал Алматыдан келгендер ауыл дүкендерінен классиканы алатын. Сөйтіп, кітап культы жасалған. Қазір жағдай басқаша. Дегенмен, білім өркениетке жеткізетін тетік болғандықтан, кітапты, кітап оқу әдетін қолға алу қажет. Себебі, «артық білім кітапта» -дегенді бәріміз білеміз.

Ұлы ойшыл Абай бізге «Бес асыл мен бес дұшпанды» көрсетіп, айтып берді.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ-

Бес дұшпаның білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой

Бас асыл іс көнсеңіз, -деді.

Біз осы бес асылды санамызға, бойымызға сіңіре алдық па? Бес дұшпаннан жиреніп, арылдық па? Бұл сұраққа әр қазақ, бүкіл қазақ қоғамы жауап беруі керек.

Бес асылдың бірі – еңбек. Дамыған озық ел, тұрғындарының тұрмыс деңгейі жоғары мемлекеттің халқы еңбекқор, қол жайғыш, сұраншақ емес, тұтынушылық әдеттен арылған, өз жағдайын өзі жасай алатын халқы бар ел.

Ағылшын премьер-министрі «темір-леди» атанған Маргарэт Тэтчер «Мен басқаруға бір нақты ойластырылған ниетпен кіріскен едім. Ағылшын қоғамын толығымен тәуелді масылдықтан құтқарып, өз болашағына сенімді кәсіпкерге айналдырып,  дәстүрлі «өтінемін, маған беріңізші» емес, «бәрін өзіміз жасаймыз» дейтін ұлтқа өзгерткім келді» -деп өз ұстанымын белгілеген.

Қазақ еліндегі рухани жаңғырудың, сананы өзгертудің басты шарты – көзқарасты адал еңбек ету дәстүріне, еңбек тәртібіне қарай өзгерту. Еріншектікті, тұтынушылық ұғымды, әдетті жою. Елді еңбекке баулу. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегенді білеміз. Ұлы ақын Н.Байғанин «еңбекке жалқауларды шақырамын»- дейді. Еселі еңбек еткен Оңтүстік Корея, Малайзия халқы қазір дамыған мемлекетте өмір сүруде. Қ.Тоқаев «Абай – рухани реформатор» атты мақаласында «Байлықтың да, бақыттың да кілті – өзің сүйген кәсіпте»- деп жазды.

Біздің елімізде еңбек етуге деген көзқараста ойланатын өзекті мәселелер бар. Оны ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Шындықты айтсақ, шетелдерде халқымыз нағыз еңбекқор жұрт ретінде әлі таныла қойған жоқ. Бұл біздің беделімізге де едәуір нұқсан келтіреді. Сондықтан еңбекке баулу жастарға тәрбие берудің негізгі бағыты болуы керек деп санаймын»-деді.

Президент «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты үлкен мақаласында «Халқымыз еңбектің қадірін біледі. Ең бастысы, бүгінгідей бейбіт кезеңде әр азамат өзінің еселі еңбегі еліміздің экономикасын ілгерілетуге тікелей ықпал ететінін түсінуі қажет. Сондықтан шағын және орта бизнесті барынша өркендетуді негізгі басымдықтың бірі ретінде белгілеп отырмыз» -деп болашақтағы мақсатты анықтап берді.

Дана Абай он бесінші қара сөзінде «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәртебе, болмаса жұмасына бір, ең болмағанда, айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өміріңді қалай өткіздің екен... өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса не қылып өткізгеніңді өзіңде білмей қалыппысың?» - дейді.

Патриот-жазушы Н. Островский «Самое дорогое у человека – это жизнь. Оно дается человеку лишь один раз. Жизнь надо прожить так, чтобы потом не было мучительно больно за безцельно прожитые годы» - деген. Олай болса әр адам не істедім деп, өзіне есеп беріп, рухани жаңғырып, жыл өткен сайын өзгеріп, жетіліп, дамып, рухтанып өмір ағымынан қалмай, қазаққа пайдалы іс тындырып өмір сүру керек. Қазір қазаққа не пайдалы, не істеу керек екендігін білетіндер көп, ақыл айтатындар жетіп артылады. Ал істейтіндер аз. Енді сол білетін керектерді білекті сыбанып жіберіп, белсенділік көрсетіп, істейтіндер көбеюі қажет. Әрі жазушы, әрі ғалым Ғ. Мүсірепов «Қазақтың білетіні аз емес, істей білетіні аз. Білу мен істей білу – екі мәселе» - депті. Олай болса, «Рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларын біліп қана қоймай, істей білетіндер қолға алып, жүзеге асырулары міндет. Қ.Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Ақыл-оймен озатын кезең келді. Интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді» - деп жазған.

Қазақстанда «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларын жүзеге асыруда Қ.Тоқаев өзінің «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында айтқандай «Осы орайда Абай мұрасының тигізер пайдасы зор деп есептеймін. Абайдың ой-тұжырымдары болашағымызға қашанда рухани азық бола алады» - деп атап көрсетті.

Тек Абай идеяларына терең бойлау қажет және оны жүзеге асыру керек. Ал қазір ұлы ақынның өлеңдерін, қара сөздерін жатқа айту мен әндерін сахнада орындау бар. Қ.Тоқаев аталған мақаласында:«Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет»-деп айтты. Яғни, Қазақстан идеологтарының алдында үлкен жұмыс тұр.

«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасын рух пен іс-әрекеттер қайраткерлері, облыстың таңдаулылары қарқынды, нәтижелі жүзеге асыра алады.

Біз, қазақтар табиғи байлықтарымыз бен рухани күш-қуатымызға және бағзы бабалар өсиетіне сай, абырой мен ар-намысқа сүйеніп, рухани жаңғырып, өркениетті, бай-қуатты, бақытты, шаттықты өмір сүруге лайықтымыз.

Құрманбек Еркін Жолмырзаұлы,

ҚР мәдениет қайраткері

Пікірлер