Қазақстанның кәсіподақтары – тұрақтылықтың тірегі

2118
Adyrna.kz Telegram

Биыл Қазақстан кәсіподақтарының  құрылғанына 30 жыл толды. Бұл қозғалыстың жұмысы сонау ХХ ғасырда  болған жұмысшылар көтерілісінен бастау алған еді. Қазіргі таңда «Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы» республикалық кәсіподақтар бірлестігі салалық кәсіптік одақтарды және аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерін біріктіретін коммерциялық емес ұйым болып табылады.

Заманауи қоғам қалыптастыруда

Кәсіподақтың негізгі мақсаты — еңбек дауларын шешіп, жұмыскерлердің мүдделерін қорғау, халықтың өмір сүру деңгейін көтеріп, әлеуметтік кепілдікті қамтамасыз ету.  Елбасымыздың өзі «жұмысшылар өздерін лайықты сезінулері үшін кәсіподақтар қозғалысы өз биігінде болуы тиіс» деп айтқан болатын. Ұйым бүгінде заманауи қоғамды қалыптастыру жолында қызмет етіп келеді.

Екі миллионға жуық мүше бар

Қазіргі таңда елімізде 22 салалық кәсіподақ, 17 аумақтық кәсіподақ бірлестіктері бар.  Оның құрамына 2 миллионға жуық мүше кіреді. Ресми статистика бойынша, еліміздегі жалдамалы жұмысшылар саны 6 млн адам болса, соның 35 пайызы кәсіподақ ұйымдарына мүше. Жалпы кәсіподақ біршама жұмыстарды атқарды. Атап айтатын болсақ, Еңбек кодексін әзірлеу кезінде Кәсіподақтар федерациясы 200-ден астам өзгеріс ұсынып, оның 117-сі заңға енгізілді. Қызметкерле еңбек нарығының тиімділігін қамтамасыз етуге тырысуда. Сондай-ақ, облыстық кәсіподақ комитетінде кәсіподақ кадрлары мен активін оқытуға ерекше көңіл бөліп жатыр.

Республикалық кәсіподақтар бірлестігінің негізгі функциялары қандай? 

Кәсіподақ бірлестігі төмендегідей қызметтерді атқарады:

1) өзінің мүшелік ұйымдарының құқықтары мен мүдделерін білдіру, қорғау;

2) өзінің мүшелік ұйымдары қызметінің негізгі бағыттарын, стратегиясын әзірлеу және айқындау;

3) әлеуметтік әріптестіктің барлық деңгейлерінде әлеуметтік әріптестік жүйесін дамытуға жәрдемдесу;

4) республикалық жұмыс берушілер бірлестіктерімен және Қазақстан Республикасының Үкіметімен бас келісім жасасу кезінде әлеуметтік әріптестіктің тарапы болып әрекет ету, келісім жобасын дайындау және оны жасасу жөніндегі келіссөздерге қатысу;

5) әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік пен еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның жұмысына қатысу;

6) шетелдік, халықаралық кәсіподақтар бірлестіктерімен және еңбекшілердің құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласында жұмыс істейтін өзге де ұйымдармен ынтымақтастық жасау және мүшелік ұйымдардың олармен байланыстар орнатуына жәрдем көрсету;

7) жарғылық мақсаттарды іске асыруға бағытталған өзге де функцияларды жүзеге асыру.

Кәсіподаққа қалай мүше болуға болады?

«Кәсіподақтар – еңбек адамының құқықтарын қорғау, оның лайықты тұрмыс сапасы мен жұмыс жағдайын қамтамасыз ету жолында мәртебелі миссия атқаратын аса маңызды заманауи қоғамдық институттың бірі» деп ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бүгінгі күні кәсіподақтар қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі мен құқықтарының сақталуын қамтамасыз етіп, жұмыс беруші мен жұмысшылар арасында алтын көпірдің орнауына ұйытқы болатын қозғаушы күшке айналды.

Ұйым негізі ерікті түрде құрылады.  Егер сіз  жұмыс істейтін мекемеде кәсіподақ ұйымы болмаса, оны өз бетіңізбен құруға мүмкіндігіңіз бар. Ал жұмыс орыныңызда бастауыш кәсіподақ ұйымы болса, кәсіподақ комитетіне кәсіподаққа мүшелікке қабылдау және мүшелік кәсіподақ жарнасын ұстау туралы өтініш жазу қажет. Айта кетейік, кәсіподақтар өз қызметінде барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардан, саяси партиялардан, жұмыс берушілер мен олардың бірлестіктерінен тәуелсіз болады, олардың бақылауында болмайды және оларға есеп бермейді.

Кәсіподақ құқықтық көмек көрсетуге дайын

Кәсіподаққа қатысты барлық сұрақтар бойынша 8(7172) 643481 және 643482 нөмірлеріне хабарласа аласыз.  Егер құқықтық көмек алғыңыз келсе, электронды поштаға (legaldep@fprk.kz) хат жолдаңыз.

 

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер