Жігіттің қыз алдында тізе бүккені дұрыс па?

9819
Adyrna.kz Telegram

Қып-қызыл раушан гүлі, қораптағы сақина, әдемі локация, қыз алдында тізерлеп отырып, жүрегін ұсыну... Бүгінгі жастар сүйіктісіне үйленуге ұсыныс жасағанда мұның бірін де қалт жібермейді. Расында, романтик пе, әлде бәрі де Instagram үшін бе деген ой да көкейде қылаң бермей қоймайды. Жастар арасындағы бұл үрдіске көзқарас әрқалай. Бірі даттайды, бірі құптайды.

«Жау алдында тізе бүкпеген қазақ жігітінің, қыз алдында «тізерлеп» ұсыныс жасауы дұрыс па?»  

Батыс мәдениетінде кездесетін бір аяқпен тізерлей отырып, қыздың қолы мен жүрегін сұрайтын үрдіс Facebook-тегі «Қызықтың бәрі осында» атты тобында біраз талқыға түсті. Желі пайдаланушыларының бірі бұл үрдіске батыстың қалдығын таңсық ету десе, екіншісі ешқандай сөкеттік көрмепті.

Ләззат ТОҚМОЛДАЕВА есімді пайдаланушының: «Жау алдында тізе бүкпеген қазақ жігітінің, қыз алдында «тізерлеп» ұсыныс жасауы сəнге айналды. Осы тізерлеп ұсыныс жасауды қолдайсыздар ма?» - деген сауалына пікір білдірушілер өте көп екен. Солайдың бірқатарына назар салып көрелік.

Серікбай ШАЙМАҒАНБЕТОВ: Өзін ер азаматпын деп санайтын жігіт тек анасының алдында ғана тізе бүгуге міндетті. Әйелді тізе бүкпей-ақ сый-құрметке бөлеудің сан жолдары мен түрі жеткілікті. Басына көтеріп жүрсе де!!! Бірақ тізе бүкпеуге тиіс!

Маржан ЖҮНІСОВА: Әйел адамның алдында тек нағыз ер адам ғана тізерлеп отыра алады! Қазақ жігіті, ол әрқашан мықты, сенімді, арқа сүйеуге болады және шынайы!!! (Орыс тілінде – ред.)

Анарбек ЖЫЛТИХАЕВ: Егер ол менің балаларымның болашақ анасы болса, менің тегімді жалғастырса, өзімнің жан жарым ретінде таңдаған болашақ әйелімнің алдында мен өз сүйіспеншілігімнің белгісі ретінде тізе бүгуден ұят ештеңе көрмеймін (Орыс тілінде – ред.).

Айғали СМАҒҰЛОВ: «...Қызға тізерлеп гүл бермек тұрсын, таңдау бермеген бабаларымыз».

Әнипа ШАЙМАН: «Дұрыс емес, анасының алдында тізе бүкпес еді. Қазақта жоқ нәрсе шеттің дұрысын алу керек. Осыдан соң отбасы болғанда жүреді ғой сабаласып, сонда алдынан шығады баяғыда тізерлеп ұсыныс айтқансың деп. Бұл жерде қыздың түгі кетпейді, ұпайы артық болып тұр».

Жанболат СЕРІКҚАЛИЕВ: «Қадір атамыздың ер жігіттің үш жағдайда тізесі бүгіліп маңдайы жерге тиуі керек деген екен.

- ата-анасының алдында;

- туған жерді сағынып кеп топырағын сүйгенде;

- Аллаға бас иіп құлшылық қылып, сәждеге басы тигенде, осы үш жағдайда ғана басы иіліп тізесі бүгілген деп. Ал қазір ...

Тамара МАМЫРОВА: «Ақылды әйел: жау алдында имеген батыр басыңызды шымылдыққа бола имесін деп көтерем деп, батыр кіріп шыққанда шымылдықты үнемі көтеріп кіргізіп, көтеріп шығарады екен.

Бұл асыл қасиет өз заманымен кетті демеу керек.

Еркек жұмаққа кірсе, әйелі бірге кіретінін ұмытпау керек. Ер тұлғасын сақтауға әйелі көмектесу керек.

Мейірман АРҚАРБЕК: «Дәстүрдің озығы және тозығы бар деген қазақ атамыз. Жау алдында тізерлемей, болашақ жары болатын қызы алдында тізерлесе оның еш айыбы жоқ. Ескі тозығы жеткен дарақы дәстүрдің кезеңі өткен дәуірлерде қалдыру керек, алдағы өмір жастардікі. Жастарды тыя бергеннен ештеңе өнбейді, қайта мұны мөлдір махабаттың, шынайы сүйіспеншіліктің белгісі ретінде қабылдағанымыз жөн ғой деп ойлаймын».

Әкім СОЛТАНБЕКОВ: «Иә ойланып, толғанып қана жария ететін жағдай. Бірақ өткенге көз жүгіртіп қараңдаршы, әлемнің барлық сұлулығы тек сол нәзік жандармен бағаланған емес пе? Қозы мен Баян, Төлеген мен Жібек. Тіпті, осы күнге дейін әуенін жалғастырып, ғашықтардың жырына айналған Естай атамыздың Қорлан әні кімді тебірентпейді. Бұл ынжықтық емес, нағыз еркектік қасиет, қыздар жігіттерге ұсыныс жасап тізе бүгетін болса сонда ғана біздің жігіттердің жаман, ынжық, сорлылығының белгісі, еркек болып, жар таңдап өз қалауына сөз айта алмаған сорлылығы. Ал мынау нағыз еркектің ісі, нәзік жанға жасаған сыйлық, тіпті, мен саған қорған болам деген белгі.

Топ оқырмандарының арасында бұл сауалға алуан түрлі, мыңдаған пікір білдірілген. Бірі ешқандай сөкеттік байқамайтын, ал бірі түбегейлі ұлттық құндылықтарымызға кері әсерін тигізеді деп санайтын бұл тенденцияның пайда болу төркініне де үңіліп көрсек.

Тізерлеп ұсыныс жасау рәсімінің тарихы қандай?

Тарихшылар қол мен жүректі ұсыну дәстүрі біздің дәуірімізге дейін пайда болған деп айтады. Бұл рәсім алғаш рет еврей ілімінде (Тәуратта) сипатталған. Онда неке екі актіден тұрған: келісім мен рәсімнің өзі. Талмуд пен басқа дереккөздерде «киддушин» деп аталатын процесс жайлы айтылған. Ол қол мен жүректі ұсынудың қазіргі тұжырымдамасына сәйкес келеді. Бір кездерде мұндай келісімсіз неке азғындық деп саналған.

Кейінірек ол Ежелгі Грецияда "гамо" және "энгезис" рәсімдері ретінде қабылданды. Сақинаны беруді Рим заңы бойынша иудаизм дінінен алған. Күйеу жігіт сақинаны ант бергеннен кейін қалған сыйлықтармен бірге берген.

Ешкім сүйіктісінің алдында тізе бүгу дәстүрі пайда болған уақытты нақты айта алмайды. Бірақ ол ежелгі дәуірден бастау алады. Өйткені бұл қимыл жас жігіттің өзінің жүрегін иеленген ханымына деген құрмет пен сүйіспеншілігін көрсетті. Орта ғасырлардағы айтулы картиналарда жастардың ұлы суретші-шеберлердің (ер адам) алдында тізе бүгіп жатқанын жиі кездестіруге болады. Бірақ бұл жағдайда мұндай қимыл ұлы адамға құрмет көретуді білдіреді. Сондай-ақ рыцарьлар құрмет алу үшін, арнаулы рәсім кезінде лордтардың алдында тізе бүкті.

Ұсыныс жасау дәстүрінің шығу төркіні жайлы білдік, ал қызға қай тізені бүгіп ұсыныс жасау керек? Рыцарьлар сияқты үйленуге ұсыныс жасағанда, оң тізені бүгу әдетке айналған. Бұл дәстүр сол жақтағы семсер қынабының тізесін бүккенде кедергі болатындықтан қалыптасқан.

Ұсыныс жасау мұнымен аяқталмайды. Келісім сақиналары туралы түсінік алғаш ежелгі грек кезеңінен бастау алған. Біраз уақыттан кейін, ежелгі Римде, көпшілік алдында алтын сақина кию дәстүрі пайда болды. Сақиналар екі адам арасындағы махаббат пен адалдықтың символын білдірген. Сөз байласқандар сақинаны шылдыр шүмек-сақина саусағына тағады, өйткені римдіктердің пікірінше, жүрекке "махаббат" әкелетін қантамыры осы жерден басталады.

Әртүрлі мәдениеттегі қызықты ұсыныс рәсімдері

Көптеген батыс мәдениеттерінде әйел адам ер адамға ұсыныс жасай алатын ерекше дәстүрлер бар. Ұлыбритания мен Ирландияда әйел өзінің сүйіктісіне 29 ақпанда ұсыныс жасай алады және ол бас тарта алмайды. Ұлыбритания патшайымы Виктория өзі Саксен-Кобург-Гот ханзадасы Альбертке ұсыныс жасаған. Финляндияда осыған ұқсас әдет бар, мұндай ұсынысты қабылдамаған ер адам өз табынушысына юбка үшін жеткілікті мата сатып алуға өтемақы ретінде қарыз болады. Мұндай жағдайлар әлі де бар, бірақ сирек кездеседі.

...Заман ағымымен дәстүр де сұрыпталып, уақыт тезінен шығып та қалар. Сүйіктісіне қалай ұсыныс жасауды әркімнің патша көңілі білер. Әйтсе де, ұсыныс жасау да махаббат хикаялары секілді бір-біріне ұқсамағаны дұрыс болар? Оқырман, сіз не дейсіз?

Фото ашық дереккөзден алынды

Айжан ПЕРДЕБЕКҚЫЗЫ

Пікірлер