Қазақтың жеріне енді арабтар ауыз сала бастаған ба?

5786
Adyrna.kz Telegram

Арабтар Түркістан, Қызылорда облыстарындағы құнарлы жерлерді ақырындап сатып алып жатыр. Бұл туралы жер мәселесімен айналысып жүрген тәжірибелі заңгер Бақытжан БАЗАРБЕК өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады деп жазады «Адырна» ұлттық порталы.

Заңгер өзіне осыған дейін де мұндай ақпараттардың келгенін жасырмайды. «Арабтар біздің елдегі Жер Кодексіне қарамастан, әлдебір заңды тұлғаның атынан құнарлы жерлерді сатып алуда екен. Ол жерлер анау мынау емес, табиғи қорғау және аңшылық жасау аймақтарына тиесілі жерлер» деген заңгер қолында Біріккен Араб Әмірлігінің (БӘА) еліміздегі өкілінің хаты барын мәлімдеді.

«БАӘ Қазақстандағы елшісі Мұхаммед Ахмад Альджабердің хаты Экология министрлігіне қарасты Орман және аңшылық Комитетінің адресіне жолданған. "Hunting Kazakhstan" және "Qyzylorda invest group" компанияларына тиесілі керемет жерлер Біріккен Араб Әмірлігі азаматының меншігіне өткен. Өз хатында елші БӘА азаматы Қазақстанда компания құрғанын, аталған жерлер сол компанияның балансына қарайтынын айтады» деп жазады Бақытжан Базарбек. Демек, отандық заңды тұлға арқылы арабыңыз жердің қожайынына айналған. Өйткені Жер Кодексі бойынша жерді иеленуші сол жердің қожайыны бола алады. Яғни, біз сөз етіп отырған құнарлы жерлеріміздің иесі шетелдік азамат болғаны ғой? Осы мәселе бйынша заңдық тұрғыдан бағасын беріп, ақиқатын анықтайтынын жеткізеді. Заңгердің болжамынша аталған жерлер әлдебір ЖШС арқылы арабтың меншігіне өткен не ауылшаруашылық жері, не болмаса аңшылық құратын қоңды жерлер болуы мүмкін.

Хаттың көшірмесі заңгердің парақшасынан алынды.

Қалай десек те, қазақтың жеріне шетел азаматы қожайын бола алмайтынын назарда ұстаған жөн. Қытай жерімізді алып қояды деп шулап жүргенімізде, арабтарыңыз ақырындап аранын аша бастаған жоқ па, қалай ойлайсыз? Қытай жерімізді алса, қытайланып құримыз деуші едік. Ал араб жерімізге ауыз салса, нағыз діни, қанды соғыстың көкесін көрмесімізге кепілдік бар ма? Онсыз да тоқырау жылдарында Араб түбегін жағалап, діни білім алып келеді деген жастарымыз бұл күнде діни емес, бүлік білімін алып келгендей, қоғамды іштен іріте бастағаны шындық. Ислам дінін бетпердесіне айналдырып, салафиттер сойқан салып, уахаббиттер ел ішін бүлдіріп бітті. Ал енді бір дінді пәлен тармаққа жіктеген арабтардың өзі жерімізге дендеп кіре бастаса, жағдай қалай болмақ? Бұл мәселе заңды, саяси және әлеуметтік тұрғыдан қатаң бақылауға алынбаса, алдағы уақытта бармақ шайнар халге түсірері сөзсіз.

 

Меруерт ХУСАИНОВА, «Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер