Садыр Жапаров Конституцияны өзгертіп президент болмақ

2541
Adyrna.kz Telegram

Қырғызстан Сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясы (ОСК) елдегі президент сайлауын 2021 жылғы 10 қаңтарға белгіледі, деп хабарлайды Азаттық радиосы. Демек, алдағы жылы Қазақ елінде Парламент, ал Қырғыз елінде Президент сайлауы бір күнде өтпек. Біздің елдегі сайлаудың қалай өтетіні айтпасақ та түсінікті. Ал Қырғыз Республикасының алтыншы президенті кім болады?

Қырғыз Республикасының Конституциясы бойынша президент міндетін атқарушы президент сайлауына қатыса алмайды. Алайда президент міндетін атқарушы Садыр Жапаров «Россия-24» телеарнасына берген сұхбатында егер депутаттар Конституцияға өзгерістер енгізуді мақұлдаса, алда болатын президент сайлауына түсетінін мәлімдеді.

«Қазір президент және парламент сайлауы заңына өзгерістерді дайындап жатыр. Егер нәтижесінде заңдар өзгертілсе, президент сайлауына қатысамын. Бірақ қазір бұл туралы айту ерте. Бұл мәселе бойынша шешім қабылданған жоқ», – деді Садыр Жапаров

Алайда елде Конституцияны өзгерту үшін халықтық референдум өтуі тиіс. Ал қырғыз халқы бас мизамды өзгертіп, Садыр Жапаровты президент етуі мүмкін бе? Бұл сұраққа белгілі саясаттанушы Әзімбай Ғали жауап берді.

«Жалпы Қырғыз елінде президент болу да оңай, президент қызметінен кету де оңай екенін соңғы оқиғалар анық көрсетті. Сондықтан да менің ойымша, Садыр Жапаровтың Ата заңды өзгертіп, президент болуын қырғыз халқы қолдайды. Тұрмысы нашар болғандықтан ба, әйтеуір қырғыз халқы тез бейімделгіш халық. Сол себепті Қырғыз елінің келесі президенті Садыр Жапаров болуы мүмкін дегенді жоққа шығара алмаймын. Өйткені референдум өткізбей-ақ амалын тауып, президент сайлауына Садыр Жапаров түсіп, жеңіске жетеді. Дәл қазіргі таңда Қырғыз елінде президенттік сайлауда жеңіп шығатын одан басқа саясаткер көріп тұрған жоқпын», – дейді ол.

Айтпақшы, Садыр Жапаров «Россия-24» телеарнасына орыс тілінде емес, өз тілінде сұхбат берді. Бұл президент міндетін атқарушы әрі премьер-министрдің орыс тілін білмейтінінің белгісі ме, жоқ әлде қырғыз тіліне деген құрмет пе?

«Садыр Жапаровтың «Ресей-24» телеарнасына қырғыз тілінде сұхбат беруі халыққа жақсы көрінудің бір жолы. Жалпы популизмнің әлеуметтік және ұлттық деген екі түрі бар. Садыр Жапаров ұлттық популизмді пайдаланып, халықтың алдында бедел жинауға тырсып жатыр.  Әйтпесе жоғары элитаның өкілі ретінде оның орыс тілін білмеуі мүмкін емес. Негізі қырғызда екі мәселе бар; оның бірі орыс тілі, екіншісі өзбек тілі. Сапар Жапаров билікті толық өз қолына алған соң осы екі мәселені шешуге тырсады деп ойлаймын», – дейді саясаттанушы.

Садыр Жапаров 2013 жылы Құмтөр алтын кенішін мемлекет иелігіне алу талабымен Қарақол ауылында митинг ұйымдастырып, сол кездегі Ыстықкөл облысының әкімін кепілге алған деген айыппен 2017 жылы 11,5 жылға түрмеге қамалған болатын. Алайда Парламент сайлауынан кейінгі дүрбелеңнен соң саясаткердің жақтастары оны түрмеден босатып алды. Егер 10 қаңтар күнгі сайлауда Сабыр Жапаров жеңіске жететін болса, абақты мен Ақ үйдің арасы бір-ақ адым деп айтып жүретін боламыз. Әйтсе де Садыр Жапаров шектен шығып кетсе, қырғыз халқы саясаткерді Ақ үйдегі жылы орнынан абақтыға қайта жатқыза салуы түк қиын емесі анық.

 

Серік ЖОЛДАСБАЙ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер