Ұлыларды ұлықтау ма, әлде мазақтау ма?

9605
Adyrna.kz Telegram

Күні кеше әлеуметтік желіде Алматы облысы, Балқаш ауданы, Бақанас ауылында Дінмұхамед Қонаевқа арнап қойылған ескерткіштің суреті қоғам наразылығын тудырды.

Желі қолданушылары бұл туындыға қатысты «Мүсін жасауда байқау жариялауға болмас па еді? Мектеп оқушысының пластилиннен жасай салған шатпағына ұқсайды», «Пропорциялары сақталмаған», «Мынаны қоюға кім рұқсат берген?» деген пікірлерді жарыса жазуда.

Белгілі мүсінші Олжас Мұхамеди Facebook желісіндегі ресми парақшасында туындыны тендер мен пара ескерткішіне теңеді.

«Қазақстандағы ескерткіштер мен мүсіндер мәселесін көптен бері көтеріп келемін. Алайда бүгінгі жағдай барлығына ұнайтын секілді.
Мүмкін президент бұл жағдайға назар аударар. Мен 60 адамнан тұратын мүсіншілер тобының атынан өз ұсынысымды беруге қуанатын едім»,-деді ол.

Алматы облысы әкімдігінің мәліметі бойынша, тарихи тұлғаның мүсіні жеке қолдаушылардың қаржысымен орнатылған.

Айта кетейік, бұл қоғам талқысына түскен алғашқы тарихи-мәдени мұра емес.

Бұған дейін Өскемендегі Абай мен Михаэлисті мазақ еткен ескерткіш халықтың дүрлігуі нәтижесінде алдыртылған болатын. Мүсінші Абай атамыздың тұлғасын ергежейлі етіп бейнелеп, орыс зерттеушісі Михаэлиспен «селфи» жасап тұрғандай көрсеткен.

Абай және Михаэлис

2019 жылы Семей қаласындағы Жеңіс саябағында орнатылған Мәншүк Мәметованың ағаштан жасалған мүсіні біраз адамды шошытты. Кейбіреулер туындыны мыстан кемпірге ұқсатып, батыр қызды қорлауды тоқтатуды талап еткен еді.

Мәншүк Мәметова

Сондай-ақ, Қызылорда көшелерінің біріне қойылған қазақ қызының ескерткіші, Жезқазғандағы Абай мүсіні де көпшіліктің көңілінен шықпады.

Өкінішке қарай, еліміздегі ескерткіштер төңірегінде дау көп. Бүгінде ұлыларды ұлықтаудың орнына, олардың бейнелерін мазақ етуді әдетке айналдырғандаймыз. Біздің тараптан айтарымыз — халқымыздың өткені мен бүгінін байланыстыратын мәдени ескерткіштердің ұлттық идеология қалыптастыру жолындағы негізгі құрал екенін ұмытпасақ екен деген тілек қана...

Диана АСАН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер