Қостанайда Ыбырай Алтынсаринға ескерткіш қойылды

21634
Adyrna.kz Telegram

Қостанай қаласының орталық алаңына ағартушы, ғалым Ыбырай Алтынсариннің ескерткіші қойылды. Бұл туралы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап, "Адырна" ұлттық порталы хабарлайды.

Ы.Алтынсариннің 180 жылдығы қарсаңында ашылған ескерткіш Алтынсарин-Толстой көшелерінің қиылысында орналасқан. Оның салынуына Қостанайдағы педагогтар мен еңбек ардагерлері, ыбырайтанушылар мұрындық болды. Салтанатты шараға Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, педагогикалық еңбек ардагерлері, қоғам қайраткерлері қатысты. Өңір басшысы атап өткендей, ескерткіштің ашылуы қазақ қоғамының дамуына, білім беру жүйесінің қалыптасуына баға жетпес үлес қосқан көрнекті тұлғаның мерейтойын атап өтудегі атқарылатын жұмыстардың бастамасы болып отыр.

«Тұңғыш ағартушы Ыбырай Алтынсарин ескерткішінің бой көтеруі – еліміздегі тарихи оқиғалардың бірі.

Қазақтың дарынды тұлғасы елдегі халық ағарту ісі тарихында өлшеусіз еңбек сіңірді. ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ даласында мектеп жұмысын ұйымдастырудың мағыналы жобасын жасап, халық мектебінің негізін қалады. Бұл ұлы бабаның еліне сіңірген еңбегінің бір парасы ғана. Келесі жылы болатын айтулы жобалар бүгінгі шарадан бастау алады. Біз тек ескерткіш ашумен тоқтамаймыз. Қаладағы Алтынсарин көшесі толық жөндеуден өтеді. Оған қазынадан 900 млн теңге бөлінді. Бұл жұмыстар жалғаса береді», - деп атап өтті Архимед Мұхамбетов.

Ескерткішті белгілі мүсінші Ж.Жұбанқосов пен ҚР Суретшілер одағының мүшесі Т. Ермеков бірлесе жасаған. Құрылыс қоладан, тұғырдың түбінен төменгі бөлігіне дейін граниттен жасалған. Қола композициясының жалпы биіктігі плинттің төменгі нүктесінен – 2,6 метр.

 

 

Пікірлер