Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың латын әліпбиін жетілдіру туралы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова берген тапсырмасына бір жыл толды. Осы жылдың ішінде латын әліпбиіне қатысты қандай жұмыстар атқарылды және нақты шешім қабылдау неге кешеуілдеп кетті?
Осыдан бір жыл бұрын қазанның 21 күні президент Twitter желісіндегі парақшасында латын әліпбиіне байланысты пікір білдірген болатын. «Әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына екі жылға жуықтады. Бірақ қарпімізде әлі де олқылықтар бар. Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіруі керек. Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұловаға тиісті тапсырма бердім. Алдымызда ауқымды жұмыс тұр», – деп жазды Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Президентің латын әліпбиінің кемшіліктерін байқап, оны түзетуге тапсырма бергені – өте құптарлық дүние. Өйткені алдыңғы жобалардың кем-кетігі көп болатын. Көп ұзамай А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы латын әліпбиінің 3 нұсқасын ұсынды. Ғалымдар 3 нұсқаның ішінде диакритикалық таңбаны таңдауға келісім берді. (Суретте)
Шыны керек, тіл мамандары ұсынған жоба бұған дейінгілерге қарағанда ең идеялды нұсқа болып шықты. Әйтсе де, президенттің тапсырмасынан кейінгі бір жылда латынды жариялау жұмыстары созылып кетті. Бұл туралы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова «Жетісу» телеарнасың «Қателік» бағдарламасында өз ойын білдірген екен.
Анар Мұратқызының айтуынша, латын әліпбиіне қатысты тілтанушылар қажеттінің бәрін жасап қойған. Алайда ол латын әліпбиіне қатысты саяси шешімнің шықпай отырғанын ескертті.
«2019 жылдың қазан айында президент акут әліпбидің өзінде жетілділдіру керек деді. Естеріңізде болса, акут әліпбиі алдыңғы президенттің жарлығымен бекітіліп тұр. Енді сол жарлықпен бекітіліп тұрған әліпбидің жетілген жобасын әзірлеп қойдық. Тек қана саяси шешім шығару керек. Әзірленген жобаның негізінде емле ережесін де жасап қойдық. Біздің латынға көшкендегі ең басты – жаңалық шет тілдің жазылуында ғана болатын. Ал қазіргі қазақ сөздері кирилицада қалай жазылса, латында әріптері ғана ауысып тұрады. Ал шет тілдегі жазулар түбегейлі өзгереді. Мысалы, бұрын біз орыстың сөзін жіңішкелік белгімен жазсақ, латынға көшкенде жіңішкелік белгі деген жоқ. Айталық, альбом дегенді «Әлбом» деп жазамыз. Соған қарай дыбысталуымыз да қайтадан қазақшаланады. Шет тілдік сөздер қазақша дыбысталып, қазақша жазылатын болады. Біздің латын әліпбиіне көшудегі бірінші мақсатымыз - ұлттық тілдің қасиетін сақтап қалу. Содан кейін жаһандануға ілесіп, жаңа технологияға үйлесу – екінші кезектегі дүние. Қазіргі кезде латын әліпбиіне байланысты саяси шешім шықпай тұр. Саяси жігер керек болып тұр. Егер саяси жігер болса, қазіргі техникамен латын әліпбиіне көшуді жарты жылда ұйымдастыруға болады, – дейді ол.
Анар Фазылжанова Түркияның тәжірибесін еске салды. Сондай-ақ ол латын әліпбиіне халықтың сенімі азайып кететінін ескертті.
«Мысалы, Түркия 1928 жылы латын әліпбиіне көшкенде, Мұстафа Кемал Ататүрік ешбір компьютерсіз сегіз-ақ айда түрік жазуын латынға көшіріп жіберген. Стамбұлдың саябағында үлкен қара тақта орнатып, күнде кешке қарай халыққа латын әліпбиді өзі үйреткен. Біз қазір қара тақта орнатып латынды үйрететін дәуірде емеспіз ғой. Қазір техника мен технология жеткілікті. Сондықтан біз қазір тек саяси шешімді күтіп отырмыз. Жасырмай айту керек, халық әбден жалықты. Физикада «қайнау нүктесі» деген құбылыс бар. Латын әліпбиі «қайнау нүктесіне» келіп тұр. Енді көп талқыламай қабылдап жіберу керек. Әйтпесе, пікір де ұсақталып кетіп, халықтың сенімі әлсірейді», – дейді ғалым.
Анар Мұратқызы айтқандай латын әліпбиінің қабылдауына саяси ерік жігер қажет болып тұрғаны анық. Демек билік Ресейге жалтақтамай батыл әрекет жасауы керек. Өйткені 2025 жылы еліміз латын әліпбиіне көшеді деген жақсы бастама аяқсыз қалуы мүмкін.
Серік ЖОЛДАСБАЙ