Елде дәрігер тапшылығы байқалады, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы «Astana TV» арнасына сілтеме жасап. Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, Қазақстанда жүз мың адамға 39 дәрігерден келеді. Бұл сандар ақ халаттылардың жетпейтінін көрсетеді.
Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығы бас директорының айтуынша, осы күнде 4,5 мыңға жуық дәрігер тапшы. Әсіресе қалалық жерлерге медицина қызметкерлері жетпейді. Министрліктің дерегінше, медициналық кадрлармен қамтамасыз етудің ең төмен көрсеткіштері: Ақмола, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қостанай және Түркістан облыстарында анықталып отыр. Сонымен қатар, дәрігерлердің азаюына мамандардың басқа өңірлерге көшіп кетуі де себеп болған.
«Кадрлардың тұрақтамауының негізгі себептерінің бірі – кадрлардың басқа аймақтарға қоныс аударып кетуі. Бүгінде Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында медицина кадрларының көбісі басқа елдерге көшіп жатыр. Соңғы үш жылдықта 3 жарыммың маман шекара асып кеткен. Бұл жерде елдің денсаулық сақтау жүйесінің де қателігі бар. Олар қызметкерлерге қажетті жағдай жасамайды. Керісінше, психоэмоционалдық қысым көрсетіп, кәсіби өсуіне кедергі келтіреді»,-дейді ҚР ДСМ Республикалық Денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас директоры Қанат ТӨСЕКБАЕВ.
Қазіргі таңда, көбінесе анестезиолог-реаниматологтар мен терапевттер тапшы. Коронавируспен күрес майданында қажетті эпидемиологтар мен инфекцонистер де жетпей жатыр. Мебдикелерге де сұраныс жоғары. Бұл мамандық бойынша елімізде 8,5 мыңдай орын бос тұр.
«Адырна» ұлттық порталы