Алимент – қарыз ба, парыз ба?

6208
Adyrna.kz Telegram

Қазіргі таңда белден шыққан перзентіне көмек беруден қашып, алимент төлемей  жүрген безбүйрек әкелердің қарасы күн санап артып келеді. Туған баласын несібесінен айырған ерлердің бұл әрекеті талай ананың  жүйкесін жұқартып жатқаны шындық. Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, елімізде алимент төлемеген борышкерлердің қарызы 6 миллиард теңгеден асқан.

Сот орындаушыларының айтуынша, «көкек әкелерден» алимент өндіріп алу қиынға соғады.  «Кейбір азаматтар алимент төлемеу үшін жұмыс орнын, табысын және тұрғылықты мекен-жайларын жасыру арқылы жалтарып отыр. Заңдағы қарама-қайшылықтарға байланысты олар қылмыстық жауапқа тартылмай келеді»,- дейді заң қызметкерлері.

Көптеген елдерде борышкерлерге қатаң жаза түрлері қолданылады. Мысалы, Қытай алимент төлемейтін ер адамдарды ату жазасына кессе, АҚШ оларды 2 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Сондай-ақ, Франция, Италия, Әзірбайжан сынды елдерде де заңға бағынбаған әкелерді түрмеге тоғыту қарастырылған. Канада мемлекетінде борышкерлердің суреті сайттарда жарияланады. Осы орайда біздің еліміздің заңы безбүйрек ата-анаға әлдеқайда мейіріммен қарай ма деген ойға келесің.

Заңгер-медиатор Айжан КЕСЕБАЙ «Адырна» тілшісіне берген сұхбатында алимент өндіру азаматтық іс ретінде қаралатынын атап өтті.

«Алимент өндіру азаматтық іс ретінде қаралады. Өкінішке қарай, оған ешқандай қылмыстық жауапкершілік қолданылмайды. Белгіленгеннен сомма төленбеген жағдайда, заң борышкердің мүлкін тәркілеп, шетелге шығуына тыйым сала алады»,-деді ол.

Ерлі-зайыптылар өзара алимент төлеу туралы келісімге отыра алады

–ҚР «Неке және отбасы» Кодексінің 138-бабында ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағу жөніндегі міндеттері көрсетілген. Ерлі-зайыптылар өзара алимент төлеу туралы келісімге отыра алады, ал ол болмаған жағдайда сот кәмелетке толмаған балаларға олардың ата-аналарынан алиментті ай сайын бір балаға - ата-анасы табысының және өзге де кірісінің - төрттен бір бөлігін; екі балаға - үштен бір бөлігін; үш және одан да көп балаға тең жартысын өндіріп алады.

Борышкер жұмыссыз болса да, алимент төлеуге міндетті

Елімізде бұрынғы күйеуінен қажетті сомманы өндіре алмай жүрген аналар өте көп. Борышкер жұмыссыз болса да, алимент төлеуге міндетті. Бұл жағдайда төлем ер азамат тұратын қаланың орташа айлық жалақы көлеміне байланысты есептеледі.

Сот орындаушы мардымды жұмыс атқармаған жағдайда, оның үстінен арыз жаза аласыз

–«Алимент өндіріп алу жөніндегі іспен сот орындаушылары айналысады. Алайда олардың бұл жұмысты атқарғаннан алатын пайызы өте аз. Сол себепті қызметкерлердің істеген жұмысы көп жағдайда нәтижесіз боп жатады. Қыз-келіншектердің көпшілігі «оның жағдайы жоқ, алимент төлей алмайды» деп үндемей жүре береді. Десе де, әр адам өз құқығын қорғай білуі керек. Бес жыл бойы, он жыл бойы алимент өндіре алмай жүрген әйел адамдар өзінің сот орындаушысының үстінен электронды түрде арыз жазып, лицензиясынан айыра алады. Ол үшін Әділет министрлігінің ресми сайтына кіруі қажет»,- деп кеңес берді заңгер.

Бүгінде әрбір оныншы әке ұл-қызына алимент төлеуден бас тартады. Бұл – ата-аналардың  бала алдындағы жауапкершілікті сезінбеуінің салдарынан туындаған статистика. Біздің тараптан айтарымыз – ұрпақ жалғасы баланың өміріне әке мен ана бірдей көңіл бөлсе деген тілек қана..

Фото ашық дереккөзден алынды.

Диана АСАН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер