«Мектептер дәстүрлі форматқа қашан көшеді?» – Мамин жауап берді

4116
Adyrna.kz Telegram

Елімізде мектептерді штаттық режимге ауыстыру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы премьер-министр Асқар Мамин үкімет сайтында жарияланған мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазіргі таңда салалық мемлекеттік органдар дәстүрлі білім беру формасына оралу және кезең-кезеңмен жеңілдету мәселелерін пысықтап жатыр»,-деп мәлімдеді Мамин.

Премьер-министр қашықтан оқытуды енгізу елде орын алған эпидемиологиялық жағдайға байланысты екенін атап өтті.

«ДДҰ келтірген мәліметтерге сәйкес, 12 жастан асқан балалар коронавирустың таралуында белсенді рөл атқарады. 2020 жылдың 4 қазаны бойынша оқушылар арасында коронавирустық инфекцияның 136 жағдайы тіркелген болатын. Олардың 51-і кезекші сыныптардың оқушылары болса, 85-і қашықтан білім алып жүргендер»,-деп сөзін қорытындылады ол.

Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, биыл республика бойынша 3,4 миллион бала мектепке барды. Қазіргі таңда олардың 2 613 428-і қашықтан білім алуда.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер