Қазақстан қарттар еліне айналып барады

6004
Adyrna.kz Telegram

Ел  жастарының 42 пайызы елден кетуді жоспарлап жүр. Бұл туралы Компартияның Астана қалалық филиалыныңекінші хатшысы Ділдә Майданбекова мәлімдеді деп жазады "Адырна" ұлттық порталы ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Егер елдегі демографиялық жағдайды алып қарасақ, халық саны өсіп жатқанын байқаймыз. Қазірдің өзінде Қазақстанда 18,6 миллионнан астам адам бар. Өкінішке қарай, соңғы уақытта елден кетіп жатқан жастардың саны күрт артқан. Қазақстанда 15 пен 29 жас аралығындағы жастардың 42 пайызы шетелге оқуға кетуді немесе түбегейлі көшіп кетуді жоспарлап жүр»,-дейді Д.Майданбекова «Ақылды жастардың шекарадан көптеп асуы. Себептері мен мұны қалай тоқтатуға болады?» атты дөңгелек үстелде.

Сонымен қатар Майданбекова қазір шетелде білім алып жүргендердің 40 пайызы елге кері қайтпайды деген пікірде.«Жастардың шекара асуының негізгі себебі-өз елінде әлеуметтік тұрмысын реттей алмауынан»,-деген ол Қазақстанда орта жастағылар ғана өздерін осы елде жайлы өмір сүрудеміз деп ойлайтынын алға тартады.

Коммунист Ділдә айтса,айтқандай, қазір «шіркін, шетелге көшіп кетсем ғой» деп армандамайтын адам Қазақстанда өте аз. Бұған себеп те жоқ емес. Перзентханадан басталып, зиратта аяқталатын жемқорлық пен парақорлық індеті кез келгенді Қазақстаннан бездіреді. Білімді жастардың өз еліне қызмет етуіне қоғамды жайлаған тамыр-таныс, көке-жәке мәселесі үлкен кедергі. «Тәуір жұмысқа тұру үшін не көкең, не көк қағазың болуы керек» деген жазылмаған заң да бар. Осыдан кейін кімнің мұндай елде қалғысы келеді?

Бұған дейін де елімізден шекара асып кеткендер аз болмады. Алайда пандемия кезінде туған жерінен безіп қашуға дайын адамдар Қазақстанда күрт көбейді. Таяуда әлеуметтік желіде «Шетелге көшкіңіз келе ме?» деген сауалнама жүргізілгені бар еді. Сонда  қатысқандардың басым бөлігі «мүмкіндігім болса, бүгін кетер едім» деп жауап бергенін байқадық. Сол жердегі пікірлерді оқып отырып, «халқы коронавирустан қынадай қырылып жатқанда, бар дәріні бермей, қоймада тығып ұстаған мынадай елде адам сияқты өле де алмайтыныма көзім жетті» деген жазбаны көзіміз шалған. Бір ғана сөйлемге сыйған біздегі шындық-осы.

Қазақстаннан ешкім де жетіскенінен шетелге көшпейді. Бұған дейін әлеуметтік мәселелерден титықтаған жұрт қазір тұтас билікке мүлдем сенбейді. Неге? Себебі, шенді-шекпендінің сөзі мен ісі еш қабыспайды. Алысқа бармай-ақ, осы жылғы жағдайды мысалға алып қарайықшы. «Коронавируспен күреске дайынбыз» деген Денсаулық сақтау министрлігі биылғы шілде айында не істеді? Тынысы тарылып, бір жұтым ауаға зар болып, мыңдаған адам бақиға аттанды. Ал сол шақта бюджеттен миллиардтаған қаржыны осы індетпен күрес үшін бөлгізіп алған Денсаулық сақтау министрлігі науқастарға ИВЛ аппаратын қосып беріп, жандарын сақтап қалуға да шамалары келмеді емес пе?!Жұмыссыз карантинде үйде қамалған халықтың едәуір бөлігіне 42500 теңге беріп алдарқатқан үкіметіміз қалған жұрттың қалай аман қалатынына карантинде бас қатырды ма?

Қорыта айтқанда, Қазақстандағы қай саланы алып қарасаңыз да, былыққа белшесінен батқанын, жемқорлық жайлағанын көресіз. Ал мұндай қоғамда өзі итшілеп өмір сүрсе де, баласының қорланып өмір сүргенін ешкім қаламайды. Осы себептен де бұл елден кетушілер саны көбеймесе, азаймайтыны анық. Биліктегі зейнеткерлердің орнын жастар алмастырмайынша, қоғамдағы жемқорлық жойылмайынша, Қазақстан қарттардың мекеніне айналғаны айналған.

Рауана ДИМАШҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер