Франция президенті: Ислам – дағдарысты бастан өткеріп жатқан дін

4096
Adyrna.kz Telegram

Франция президенті Эммануэль Макрон исламдық сепаратизммен күресіп, зайырлы қоғам қағидаттарын қорғау үшін қатаң заңдар қабылдауға тырысатынын атап өтті, деп хабарлайды «Адырна» BBC News-ке сілтеме жасап.

Макронның айтуынша, Франциядағы мұсылман азшылық өкілдері мемлекетке қарсы қоғам құрулары мүмкін. Ол қауіптің алдын алу мақсатында мектептегі оқу бағдарламасын назарда ұстап, француз мешіттерін қаржыландыруды қатаң бақылауды ұсынды.

Бұған дейін президенттен Франциядағы радикалды исламизм қаупіне қатысты ұстанымын нақтылау талап етілген еді. Алайда, көшбасшыны кейбір мұсылман белсенділері ислам дінінің таралуына кедергі келтіруде деп айыптады.

Басшы мұсылмандар өз дінінің ережелері мен заңдарын алға тартып, параллель қоғам құруы мүмкін деген пікірді ұстанады. Оның айтуынша, мұндай сектанттық кейде ата-аналардың балаларын мектепке жіберуден бас тартуына немесе оларды спорттық шаралар мен жарыстарға қатысуына жол бермей, оның орнына республика заңдарына қайшы келетін қағидаларды үйретуіне әкелетін көрінеді.

«Ислам - бұл біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде дағдарысты бастан өткеріп жатқан дін», - деді Франция президенті.

Макронның мәлімдемелері ислам дініне қарсы саясаткерлерді белсендірді

Эммануэль Макронның «исламдық сепаратизм» туралы мәлімдемелері  елдегі радикалды саясаткерлердің белсенділігін тудырды. Париждегі Иль-де-Франс аймақтық кеңесінің жетекшісі Валери Пекрес жолаушылар картасында бас киіммен түскен фотосуреттерді қолдануға тыйым салуды талап етті. Ол осындай өтінішпен  ішкі істер министрі Жерар Дарманенге хат жолдады. Пекрестің пікірінше, бұл заң елдегі барлық жолаушыларға қолданылуы керек.

Иль-де-Франс аймағы кеңесінің басшысы мұндай шектеу қазірдің өзінде астаналық облыста күшінде екенін атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, 2 қазанда Франция президенті Эммануэль Макрон «исламдық сепаратизмге» қарсы күрес туралы заң жобасы дайындалғанын хабарлаған еді. Ол ұсынған жаңа шаралар жыл соңына дейін парламенттің талқылауына шығарылатын болады.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер