«Етік кимеген» Әлихан. Кабинетте қамалған Олжас. Үкімет доғарысы нені білдіреді?

3214
Adyrna.kz Telegram
Коллаж: Adyrna
Коллаж: Adyrna

Кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі жылдан аса қызмет атқарған Әлихан Смайылов басқаратын министрлер кабинетін отставкаға жіберді. Бүгін «Аmanat» партиясы президент әкімшілігінің басшысы Олжас Бектеновті премьер лауазымына ұсынды.

Былтыр наурыздағы Мәжіліс сайлауынан кейін Үкімет ауыса ма деген сұрақ ел ішін кезіп жүрді. Сондай-ақ Парламент жаңа сессияға кірісетін қыркүйек айында саяси корридорларда «Әлихан Смайылов отставкаға кетеді екен» деген сөз желдей есті. Кейінгі уақытта Үкіметті отставкаға жіберу туралы сөз саябырсып қалған болатын. Президент Әлихан Смайылов басқаратын министрлер кабинетін неліктен дәл қазір доғарысқа жіберді?

«ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ АРҚАЛАЙТЫН ҮКІМЕТ КЕРЕК БОЛДЫ»

Саяси сарапшы Қазбек Бейсебаев Үкіметтің дәл қазір доғарысқа жіберілуін кабинеттің жауапкершілігімен байланыстырады. Президентке ендігіде бар  жауапкершілікті өз мойнына алып атқаратын кабинет қажет. Және ол таза экономикалық және әлеуметтік мәселені реттеумен айналысуы тиіс.

Бізге қазір етік киіп, шаруаның бел ортасында жүретін премьер-министр керек. Күн сайын әр түрлі нысанда болып, қордаланған мәселені бірден шешіп отыратын іскер Үкімет басшысы қажет. Ал Әлихан Смайылов гуманитария саласының өкілі,яғни статист. Бізге өндіріс саласының маманы керек. Жылу электар станцияларына барып, құрылыс нысаны мәселесін шешетін премьер керек. Қазіргі таңда Үкіметтің өкілеттілігі мен жауапкершігі артып жатыр. Саяси қызметті президент өз мойнына алады, ал экономиканы дамытуды премьер-министрге жүктеледі, - дейді Қазбек Бейсебаев.

Саяси сарапшы Қазбек Бейсебаевтың айтуынша, Үкімет президент әкімшілігіне бағынышты болмай, дербес қызмет етуі керек. Соның уақыты енді келгендей.

- Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз үкіметке көп өкілеттілік береміз. Бұрын  Үкімет президент әкімшілігімен ақылдасатын. Енді Үкіметке еркіндік береміз, дербес болады және бәрін өздері шешеді» деп айтқан болатын. Шыны керек, бұған дейін Үкімет президент әкімшілігіне тәуелді болды. Бізде экономика жағынан көптеген проблема бар. Оны бір орталықтан басқару арқылы шешу қиын. Президент айтқандай Үкімет дербес болуы керек– дейді ол.

«ҮКІМЕТ ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАЛАРЫН ОРЫНДАҒАН ЖОҚ»

Экономист, кезектен тыс президент сайлауының кандидаты болып көрген Мейрам Қажыкен кеткен Үкіметті сынаудың қажеті жоқ екенін ескертті.  

- Өзіңіз халық күзде Үкіметтің отставкаға кетуін талап етті деп айттыңыз ғой. Халықтың талап-тілегі орындалды. Әлихан Смайылов басқаратын министрлер кабинетінің жарамсыз Үкімет екенін айтып жүрдік. Бірақ кеткен Үкімет кетті, енді ол туралы айтудың не қажеті бар? Жұмыс істеп жүрген кезде айту керек, ал қазір кеш. Менің ойымша, кеткен үкімет туралы айтудың қажеті жоқ. Жаңадан келетін Үкіметті сынау керек. Әлихан Смайылов басқарған Үкімет Президенттапсырмаларын орындаған жоқ. Халықтың әлеуметтік жағдайын көтеріп, ең төменгі жалақыны көтеруді шеше алмады. Үкіметтің экономикалық және әлеуметтік саладағы жұмысы тұтас құрдымға кетті. Сондай-ақ саяси партияларды тіркеу жағынан ешқандай оң өзгеріс болмады – деді ол.

Бұдан алдын Президент Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында «Нақты салаларға қатысты шешімдерді әзірлеу және орындау міндеті, сондай-ақ түпкі нәтиже үшін жауапкершілік толығымен министрлерге жүктеледі. Өйткені олар өзінің бұйрығымен жедел шешім қабылдап отыруға тиіс. Бұл – әкімдерге де қатысты мәселе»,-деген болатын. Сонда ел басшысы «экономикалық саясаттың іске асырылуына Үкімет толығымен жауап бермек» дегенді қадай айтқан. Президенттің айтуынша, Үкімет «бюрократияға және сөзбұйдаға салынбай, Президент әкімшілігіне жалтақтамай, экономиканы дербес басқарудың барлық әдіс-тәсілдерін қолында ұстауға тиіс».

ОЛЖАС. ОЛ КІМ?

Қаңтар оқиғасынынан кейін Үкіметтегі кезекшілік кезеңде Премьер болып тағайындалған Әлихан Смайыловтың кабинеті доғарысқа жіберілген болатын. Бүгін «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Президентпен ақылдасқан т үрде Премьер-министр қызметіне Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынған.

Бүгін түстен кейін Президенттің қатысуымен өтетін Парламенттегі партиялардың фракциялар жиынында бұл мәселе талқыланады. Әдетте Ақорданың ұсынысын парламент бұған дейін кері қаққан емес.Бұл жолы да ешқандай сюрприз күтілмейді.

Ал Олжас Бектенов кім?

Ол 1980 жылы 13 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеге келген. 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясынан заңгер мамандығын бітірген. 2002-2005 жылдары аралығында Алматы қаласы әділет басқармасында бас маман қызметін атқарған. 2006-2009 жылдары Президент әкімшілігінде қызмет еткен.

Кейін Әділет министрлігінің тіркеу және құқықтық алғашқы көмек көрсету қызметі комитеті төрғасының орынбасары, Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлық қарсы күрес агенттігі орталық аппаратында департамент басшысы, Астана қаласы әкімінің аппарат басшысы, Президент әкімшілігі басшысы хатшылығының меңгерушісі, Астана қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) басшысы, Ақмола облысы әкімінің орынбасары, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары, кейін осы агенттік төрағасы қызметтерін атқарған.

Олжас Бектенов 2023 жылғы 3 сәуірден бері Президент әкімшілігінің басшысы болатын.

Серік Жолдасбай
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер