Аты-жөнімізді біріздендіруге асығайық!

2584
Adyrna.kz Telegram

Қазақ - баласының шыққан тегіне аса мән берген халық. Тегіне қарап қыз алып, құдаласқан дана ел. Ал ата-тегіңнің ең маңызды көрсеткіші құжаттағы атың мен жөнің екені айтпай-ақ белгілі. Дегенмен қазіргі аты-жөндерге қарап қазақты «қазақ екен» деп тани аламыз ба? Әрине, жоқ. Біреуміз орыс ұлтының –ов, -еваларымен адасып жүрсек, екіншіміз –әл, -ибндар боп жүрген жайымыз бар.

Аты-жөнімізге орыс тілінің –ов, -ев суффикстерінің қауіптігі туралы қаншама пікірлер айтылып келді. Ғылыми дәйектер де аз емес. «ОВ» ПЕН «ЕВ» — ТЕН ҚАШАН ҚҰТЫЛАМЫЗ? деген мақалада мынандай фактілерге көзіміз шалды: «Ал енді біздің иемденіп жүрген «ов», «ев»-тің қайдан шыққанына тоқтала кетсек, белгілі философ, профессор Аманжол Қасабек мырзаның айтуы бойынша «ов», «ев»  орыстың «чей холоп?» деген сөзінен шыққан. Бұл – кезінде құлдар мен күңдердің қай құл иеленушіге тиесілі екендігін анықтайтын жалғау болған, кейіннен орыс халқының фамилиясына айналып кеткен екен. Бұған тағы бір дәлел коммунистік идея көсемдерінің (жақсы мағынада) бірі Ф.Энгельс «Семьяның, жекеменшіктің және мемлекеттің шығуы» атты еңбегінде бұл жөнінде терең ғылыми тұжырым жасай келіп: «familia» деген сөз римдіктерде ерлі-зайыпты адамдар мен олардың балаларына қатысты болмай, құлдарға ғана қатысты болған. «Famulus» – үй құлы деген сөз. Ал «familia» – бір адамға қарайтын құлдардың жиыны деген сөз», – (К.Маркс пен Ф.Энгельс, «Таңдамалы шығармаларының үш томдығы», 3-том, 258-бет. Алматы, «Қазақстан», 1981) деп жазған.» - осыдан,  патша үкіметінің адамның ата-тегіне өзгеріс енгізу арқылы құлдық сананы астыртын енгізгенін білеміз. Аталмыш идеология тарихта аты шулы соғыс стратегиясынан да зор болып шыққаны сонша, қазіргі уақытқа дейін аты-жөнімізде бірізділік болмай тұр.

Тәуелсіздік алған жылдары елбасымыз бұл мәселені шешімсіз қалдырмады. 1996 жылғы 2 сәуірдегі N 2923 Жарлығында былай көрсетіледі:

« ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

  1. Қазақстан Республикасы Президентінің "Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы" 1996 жылы 2 сәуірдегі N 2923  Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., N 14, 107-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      2-тармақтағы "ішкі істер" деген сөздер "әділет" деген сөзбен ауыстырылсын.

  1. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.»

Заңның күшіне енгеніне бақандай он төрт жыл өткен екен. Ал азаматтық саналы ортақ шешіміміз жоқ. Осы орайда әріптесім Қуаныш Жұмабекұлы «Аты-жөнімізді жазуда «ұлы» болайық!» мақаласында айтқан пікірлерге қосыла отырып, аты-жөнімізді сауатты әрі қазақы тәсілмен жазу үлгісін толықтай қолдаймын.

Сөзімнің қорытындысы ретінде, жоғарыдағы мәселеге бейжайлық таныту арқылы жаңашылдық іздеп жаңылып, ұлт ретінде тегімізден түбегейлі айрылып қалудан, ұлттық рухымызды құлдыратып, бұғаудағы санамызды әрімен қарай уландырудан сақ болайық дегім келеді.

                                                   Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ  PhD докторанты,                                                                                         Ләззат Жанатқызы

 

 

Пікірлер