ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Түркістан облысында болған өз балаларын ұрып-соғу оқиғасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.
«Тұрмыстық жанжал саласына қатысты құқық бұзушылық және қылмыс біржақты болмайды. Мұның екінші жағы болатындығына назар аударғым келеді. Түркістан облысындағы жағдайға келсек, балалардың анасы бұған дейін де күйеуінің үстінен бірнеше мәрте шағым түсірген, бірақ арыз жазбаған. Ол оның заңды әйелі, күйеуінен ажырасуға өтініш бермеген. Бұл жерде полицейлердің жұмысын айқындайтын өзіндік заңнамалық тұстар бар. Яғни, біз шағымсыз ол әйелдің жолдасын 3 сағаттан артық қамауда ұстай алмаймыз. Сондай-ақ, себепсіз әкімшілік жауапкершілікке де тарта алмаймыз», - деді Е. Тұрғымбаев.
Айта кетейік, кеше әлеуметтік желіде ер адамның кәмелеттік жасқа толмаған баланы ұрып жатқан бейнежазбасы тарап кетіп, желі қолданушылары әлгі адамды жазалау керектігін айтқан. Артынша бұл іс сотқа дейінгі тергеу тізіліміне ҚР ҚК 110-бабы 2-бөлігімен, яғни «Азаптау» ісі бойынша тіркеліп, тәртіп сақшылары балаларын ұрған әкені ұстап алған болатын.
Жасұлан Наурызәлі,
"Адырна" ұлттық порталы