Түркия мемлекеті бұған дейін де бауырлас Әзербайжан мемлекетінің тарапын қолдайтынын айтқан болатын. Соғыс жағдайы басталған 27 қыркүйек күні Түркия Сыртқы істер министрі өз ұстанымдары туралы тағы да мәлімдеме жасады деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы QHA ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.
Түркия Әзербайжан халқымен бірге, біздің жүрегіміз де түркі бауырларымызбен бірге соғады делінген ресми мәлімдемеде. Бұл ұстанымдары туралы бұған дейін де Түркия президенті Режеп Тайып ЕРДОҒАН ашық айтқан болатын.
«Бүгін таңертең Армения әскери күші әзербайжан әскеріне қарсы оқ жаудырғанын білдік. Армян тарапының бұл әрекеті халықаралық құқықтық талаптарды бұзу болып табылады деп санаймыз. Армян әскерінің атқан оғынан қаза болған бауырларымыз бар. Армения өзінің осы әрекетімен әлемдегі тұрақтылықты бұзушы ел екенін көрсетті.
Біз Әзербайжан бауырларымызбен қандай жағдай болса да, біргеміз! Шейіт болған бауырларымызды Алла панасына алсын!» деп жазылған ресми мәлімдемеде.