"Өз еркімен" босатылды. Атырау әкімі қызметінен кетті

249
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/t94OJSp2orHbqmsiVH1WRrxnb6PWpkVh5ssW8VBa.jpg

Шәкір Кейкин Атырау қаласының әкімі қызметінен өз еркімен босатылды. Бұл ақпаратты Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды “Адырна”.

"Өз еркімен қызметінен босатылды", - деп нақтылады баспасөз қызметі.

Шәкір Кейкин Атырау қаласының әкімі қызметіне 2023 жылғы 10 шілдеде тағайындалған еді. Қазіргі таңда қала әкімінің орнына кім келетіні әзірге белгісіз.

Шәкір Кейкин 1970 жылы Атырау облысының Жылыой ауданында дүниеге келген. 1993 жылы Қазақ политехникалық институтын "тау-кен инженері" мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1993 жылы Құлсары қаласындағы "Теңізмұнайкомплект" ЖШС коммерциялық бөлімінің брокері болып бастаған. Мемлекеттік қызметте 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Әр жылдары Қосшағыл ауылдық округінің әкімі, Құлсары қаласының әкімі, Атырау қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, Атырау қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.

2019 жылдың қыркүйегінен 2022 жылдың наурызына дейін Мақат ауданының әкімі болды.

Атырау әкімі болып тағайындалғанға дейін Сауда және интеграция министрлігі Сауда департаментінің басшысы болып жұмыс істеді.

Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Тілек Махуовқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растаған. БАҚ пен Telegram-арналарда оның ұсталғаны және пара алды деген күдікке ілінгені туралы ақпарат тараған. Алайда ҰҚК тергеудің мән-жайын жарияламады.

Махуов ұсталғаннан кейін Шәкір Кейкиннің көпшілік алдына сирек шығуы тұрғындардың назарын аударған. Сол кезде қала әкімдігінің баспасөз қызметі әкімнің еңбекке жарамсыздық бойынша демалыста екенін хабарлаған болатын.

Пікірлер