Ақын Мұратхан Шоқанның шәкірттеріне кеңестері

3302
Adyrna.kz Telegram

Талантсыз жазғыштардың белгілері

1. Талантсыздар топтық ортада өзінің ақын екенін тасыраңдаған жасанды мінезі арқылы көрсетіп қалуды көздейді.

2. Талантсыз жазғыштар өлеңді неғұрлым актерлік шеберлікпен оқуға тырысады.

3. Талантсыз жазғыштар өзі жайлы жақсы сөз айтқан адамдарды төңіректейді.

4. Талантсыз жазғыштар кім көрінгенді арқаға қаға бермейтін, қас таланттардан барынша ауаша жүреді. Оларды жиындарына, жиналыстарына шақырмайды...

5. Талантсыз жазғыштар таланттар жайлы әзілдеген болып, немесе енді біреуге сыр айтқан болып, жайсыз, өтірік сөздер таратады.

6. Талантсыз жазғыштар көбінде үйірімен жүргенді ұнатады.

7. Талантсыз жазғыштар бір жұмыс істесе, мүмкіндігінше сол ортаға өзімен мүдделестерін ғана шақырады.

8. Талантсыз жазғыштар түк бітірмесе де танымал, бірнеше әдеби сыйлықтардың иегері.

9. Талантсыз жазғыштар мойнын созып, өкшесін көтеруден шаршамайды, пайда түсетін жерден қалмайды.


Шәкірттеріме бірінші кеңес

1.Басқаның үмітін өлтіру адам өлтірумен бірдей…

2.Сенімен болмашы тиындарын бөліскен немесе қамшының сабындай қысқа ғұмырда сенің игілігің үшін 10 минут уақытын бөлген адамға құрметпен қара!

3.Өмірде сені себепсіз жек көретін адамдар кездеседі…Оған ренжіме! Сені не үшін адамдардың бәрі жақсы көруі керек? Сен бірақ ешкімді жек көрмеуге құлшын! Өзіңді себепсіз жек көрген қалыпсыз адамдардың деңгейіне түсіп не істейсің?!

4.Аузынан "нұр шашатындарды", жүрегінен нұр шашатындардан жоғары қойма. (Саған тәтті сөзді көп айтатын, сен жақсы көретіндер басыңа іс түскенде табылмай қалған жерде, жүрегінен нұр шашатын жандардан шарапат көресің…)

5.Қателіктері үшін кешірім сұрай білмеу де, кешіре білмеу де - әлсіздік.

6.Аспандағы бұлттың көлеңкесіне қалай сенім артуға болмаса, солай сенім артуға болмайтын адамдар бар. Бірақ сенім артуға болмайтын бір адам үшін, адамзатқа деген сеніміңнің айнасын сындырма.

7.Өмірде саған көмектесуге ешкімнің міндетті емес екенін түсін. Бірақ сен басқаларға қайырым жасауды міндетім деп ұқ!..

8.Басқалардың сеніміне, салт-санасына құрметпен қара. Мейлі ол ең жабайы тайпа болса да. ( Жауыздықтың жалауын көтерсе сөз басқа…)

9.Күллі тіршілік иесі үшін жүрегің ауыратын болсын!

10.Адамның қолымен берілетін сыйлықтан құр қалсаң да, жаратушының қолымен берілетін сыйлықтан құр қалма!

Шәкірттеріме үшінші кеңес

1.Сендер мүддешіл, өзімшіл болмаңдар.Сен қанша адамның қамын ойласаң, құдай саған сонша адамның несібесін береді.

2.Сендер ұсақ қулығымды басқалар білмей қалуы мүмкін деген ойда болмаңдар. Сенің басқа жайлы не ойлағаныңды құдай қарсы жақтағы адамға жеткізіп қояды. Қашанда ниетің таза болсын!

3.Саған мейіріммен қарған адамның өзгергенін сезсең алдымен өзіңді тексер. Бәлкім сен бір қате қадамдар жасаған шығарсың... (Сөз бен істі былай қойғанда ол адам жайлы жаман ойлағаныңның өзі жеткілікті)

4.Сендер өз кемшіліктеріңді ақтап алуға құмар болмаңдар. Кемшілігін ақтап алу адал адамның ісі емес. Адал адам ақталғанның орнына кемшілігін түзетуге кіріседі.

5.Сендер өз әлсіздігін басқа біреу жайлы өтірік сөз таратып бүркемелейтін, сол күнасы үшін үнемі Алланы аузынан тастамайтын екіжүзділерден болмаңдар. Екі жүзді адамның екі дүниеде жолы болмайды.

6.Сендер алдымен адами сезімдеріңді жетілдіріп алыңдар, сосын ары қарай жұртқа керек сөзді айтуға құқылы боласыңдар.

 

Шәкірттеріме төртінші кеңес...

1. Кемелділікке жетіңдер! Кемел адам бір түйір тарының дәнінде бөлісе алады. Жарты түйір тарыға қанағат еді...

2. Кемелділікке жетіңдер! Кемелденбеген адам тауларды, өзен-көлдерді, ұлан-ғайыр алқаптарды бөлісе алмайды.

3. Кемелділікке жетіңдер! Кемел адам бұлақтарды лайламайды. Көңілдерді кірлетпейді.

4. Кемелділікке жетіңдер! Кемел адам зиянсыз адам. Одан гүлдің жұпары аңқиды. Одан қолқаны қабатын жағымсыз иіс шықпайды. Ол ешкімді жамандамайды.

5. Кемелділікке жетіңдер! Кемел адамның жауы жоқ. Өйткені оны басқалар жау көргенімен, ол ешкімді жау көрмейді. Кемел адамның өмірі тыныш.

 

Шәкірттеріме бесінші кеңес

1. Өмірдегі қиыншылықтар біздің қуаныштарымыздың негізі. Біз қиыншылықты жеңгенде қуанышқа бөленеміз. Қиналған сәттеріңде келетін қуаныштың күлкісін сезіне біл!

2. Табыс бақыттың кепілі емес. Біз көптеген табысты, бірақ бақытсыз адамдармен бірге өмір сүріп жатырмыз. Табыстың соңынан жүгіріп, бақытсыз болып қалмаңдар!

3. Көзге көрінетін затқа қол созып, көзге көрінбейтін заттан айырылып қалма. Саған тиecілі байлық басқаның көңіліне жасырулы болуы мүмкін. Басқаның көңіліне қарай жүріңдер!

4. Жақсылыққа сеніп өмір сүріңдер. Жақсылық күн секілді, күн батқанымен қайта шығады.

5. Биік таулар секілді болуға талпыныңдар. Табиғи мөлдір бұлақтар биік таулардан ғана бастау алады.

 

 

Пікірлер