Несиеге рақымшылық жасала ма?

3264
Adyrna.kz Telegram

 Пандемиядан әлсіреп шыққан ел тұрғындарының жағдайы  мәз болмай тұр. Жаппай жұмыссыздықтың салдары несие төлемдеріне қатты әсер етуде. Халықтың қиын жағдайын биліктегілер де біліп отыр. Әйтпесе мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров несиеге рақымшылық жасау туралы бастама көтермес еді.

Депутаттың сөзінше, халық карантин уақытында қиын жағдайға тап болған.

"Шағын және орта кәсіпкерлік өндірісінің көлемі карантин уақытында күрт төмендеді: қоғамдық тамақтану 53%-ға, бөлшек саудасы 45%-ға, транспорт 37%-ға дейін кеміді. Бұл мекемелердің банкротқа ұшырауына немесе жабылуына, банктер мен кәсіпкерлер арасындағы жанжалға алып келуі мүмкін. Еліміздегі карантин кезінде 4 млн 200 адам жұмыссыз қалды. Жұмыссыздық деңгейі 46%-ға артты. Бұл біздің тарихымызда бірінші рет орын алып отыр. Қазіргі дағдарыс елдің тек эпидемиялогиялық жағдайына ғана емес, еңбек нарығына да қатысты. Сондықтан жедел түрде шара қолдануымыз қажет. Карантинге дейін еңбек етіп, барлық салықты өз уақытында төлеп жүрген жеке және заңды тұлғаларға кең көлемді несиелік амнистия жариялауымыз керек. Кей азаматтар банк қысымына төтеп бере алмай, көк тиынсыз қалуы мүмкін," - деді депутат.

 

Стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Вячеслав Додонов несиеге амнистия жасалса, халық қайтадын қарыз алуға әуес болады деп есептейді екен.

«Несиеге рақымшылық жасауға бюджет қаржысын жұмсау ұсынысы айтылды. Ол қаржы салық төлеушілердің қаржысы. Сондықтан да оған қарсылық білдірушілер болады. Оның үстіне қазір  қазынадан бөлінген қаржының жартысынан астамы әлеуметтік салаға бағытталған. Егер ол қаржыны рақымшылыққа (амнистияға) жұмсайтын болсақ бюджетті қысқарту керек. Оның салдары мектеп, аурухана сияқты қажетті нысандар уақытында салынбайды», - депті сарапшы.

 

 

Естеріңізге сала кетсек, несиелік амнистияны Демократиялық бастамашыл топ көтерген болатын. Олар өткен жексенбіде Алматы қаласы әкімдігінің рұқсатымен митинг ұйымдастырып, билікке несие кешірілсін деген талап қойды. Бастамашыл топтың жетекшісі Жанболат Мамай рақымшыллыққа қарсы болғандарға өз уәжін айтты.

– Несиелік амнистия – халыққа көмек көрсетудің нақты мүмкіндігі. Біз бұл жерде кепілі жоқ несиелер  мен микрокредиттерді айтып отырмыз. 5,5 млн халықтың 4,4 трлн теңге осындай қарызы бар.

Қазір кейбір адамдар «неге біздің салығымыздың есебінен жұрттың несиесі жабылу керек» деген пікір айтып жатыр. Сол адамдар мемлекет миллиардтап жеке банктерге көмектескенде, жеке олигархтарға көмектескенде, керексіз қаржыны желге шашқанда қайда болды? Байларға ғана көмектесесіңдер деп біреуі айтқан жоқ қой. Ал енді халыққа көмектесін кезде – менің салығымның ақшасы, популизм деген сияқты сөздер айтады.

Біз мүмкін емес нәрсе айтып отырғамыз жоқ. Мысалы, 2020 жылдың бірінші қаңтарынан бастап Моңғолияда бүкіл зейнеткерлердің несиесі кешірілді. Мұндай мысалдар өте көп.

Несие кешірімі экономиканы қуаттандырады. Әрі мұндай кешірімге мемлекеттің толықтай мүмкіншілігі бар, - деді Жанболат Мамай.

Қалай болғанда да билік тарапының мінберлерінен несие амнистиясына байланысты сең жүре бастағандай. Ендігі сөзді атқарушы биліктің тиісті саласының өкілдері алуы тиіс.

 

 

Жанболат Сарқасқа,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер